Адам жегіш ағайындылар (детектив)

Адам жегіш ағайындылар (детектив)
Теледидардағы жаңалықтардан кісі өлімі туралы, олардың сүйектерінің кез келген аула алдындағы қоқыс контейнерлерінен табылып жататындығы жайлы жарыса айтылып, баспасөз беттерінде талай мәрте жазылды да. Тіпті, араға екі-үш ай салып алып шаһардың әр нүктесінен бір адамның бөлшектелген сүйектерін тауып алу дағдыға айнала бастады. Құзырлы органдар оқиға орнына жеткенше  қаскөйлер ізін суытып үлгереді. Осыған дейін тапқан бес адамның сүйектерінің барлығы қыздардыкі. Сақшылар қаланың әр нүктесіне суреттерін іліп отырды. Құрбандардың суретіне кішкене де болсын ұқсатып іздеп келгендер, «адам жоғалды» деп шағым айтқандар болмады. Бұл сақшылардың жұмысын одан әрі баяулатты. 
* * *
Бұрқ-сарқ қайнаған қазаннан шыққан иіс үйдің бүкіл бөлмесін алып, адам тәбетін ашқандай. Үйдің кенжесі Хамит туған ағаларына ас әзірлеп жатыр. Дастарқан басында қайнап жатқан етті күтіп екі ағасы Асқар мен Жандос отыр. 
– Ет бітуге жақындады. Тоңазытқыш босап қалды, – деді ағайындардың үлкені, дастарқан төрінде отырған Асқар. Ас бөлмеде құлағын түріп жүрген Хамит те еттің азайғанын алға тартып, іске көшу керектігін айтты. Ағалары іс бастаса жалғастырып алып кететін інілері кешкілік астан кейін іске кірісуді ұйғарды. Ортаға келген «тамақтың» иісіне тамсанған ағайын пышақтың жүзінен өткен етті ауыздарына асап жіберіп, дәмін айтып өз-өздеріне риза. Таудай болып келген табақтағы етті үш басты айдаһардай үш жағынан әп-сәтте жәукемдеп тастады. 
Асқар жейдесінің кеуде қалтасынан шағын қағаз шығарып көрсетілген байланыс нөмірлерінің бірін теріп, өздері тұрып жатқан мекенжайды айтып, қалтафонның ар жағындағы жанға келуін сұрады. 
Пәтерлерінің темір есігі қағылып, қосымша дабыл ойнатқыш екі-үш рет басылды. Есікті ағайындардың кенжесі Хамит ашты. Хамит шашы қара, қасы-көзі қиылған, аққұба, талдырмаш денелі қызды көрді. Көрген сәтте жүзі ашық аспанда ойнап тұратын күндей күлімдеп, қос қолын ысқылап, өзінің кезекті құрбанын көріп, риза кейіпте: 
– Төрлетіңіз, мадам! – деп кіреберістен төрге оздырды. Төрде әдеттегідей әр нәрсені шешіп тастайтын көненің би-шешендеріндей екі аяғын қайшылап, малдас құрып ағалары Асқар мен Жандос отыр. Көзінің қиығын үшеуіне кезек-кезек тастап тұрған қызға Асқар конверт ұсынып: «Келіскеніміздей», – деді. 
Ағайындар көңіл көтерді. Осыған дейін қыздарды қылқындырып өлтіріп, басына қап кигізіп жанын алған азаматтар үшін бұл алтыншы құрбан еді. Осы жолғысын буындырып отырып о дүниелік қылды. Басты жұмыстың бәрін үйдің үлкені Асқар тындырады. Қыз атаулыға жоламайтын ортаншылары Жандос өлі денеден тән рахатын алатын әдетінен осы жолы да жаңылмады. Бәрі аяқталып, сезімдері өшкен сәтте қыздың денесін бөлшектеп, жіліктеп, етін сүйегінен ажыратып алды. Қаланың қақ ортасында тұратын азаматтар мүрдені қапқа салып шаһардың екінші қиырына апарып, адам көзіне түспей, халық сиреп қалған сәтте қоқыс контейнеріне лақтыратын. Қап ішіндегі сүйек бір жетіден кейін анықталып, ел арасында жаға ұстатарлық жаңалыққа айналды.   
Дастарқан. Ағайындылар қызметтегі достары, аралас-құраластарына кешегі құрбанның етінен тұшпара, котлет жасап күтіп жатыр. Мәре-сәре күйде отырып ештеңкеден секем алмаған құрдастары тамсана жеп, ағайындылардың көңіліне ризашылықтарын білдірумен болды. Сол кезде ас бөлмеде жүрген Хамитке ағасы Асқар келіп:  
– Көрдің бе, адамның етін адам қалай жейді, ә? Олар не жеп отырғандарын білсе ғой, – деп сырттарынан сүйсіне қарап тұрды. Дүниені төңкеріп, аспанды жерге түсіргендей асқақ сөйледі. Бұл адам етінен ас әзірлеп, қонақ шақырған алғашқы сәттері еді. Осыдан кейін құрбандардың етін басқалармен бөлісуді де ойларына алды. 
Ағалары Асқардың тың жоспарымен араға төрт ай салып келесі құрбандықты құрықтауды ойластырды. Осы жолы газеттен, журналдан, өзі жазып алған қағаздардан емес, ғаламтордағы жеңіл жүрісті қыздардың суреттерін көріп, солардың арасынан таңдап алып, өз үйлеріне шақырды. 
Келді. Суреттегіден өзгеше екен. Үйдің кенжесі болғаннан соң есік ашу, қызмет көрсетудің барлығы тегіс Хамиттің мойнында. Қызды көрген Асқар бірден: 
– Суретте басқа едіңіз ғой, – деп сұрақты төтесінен қойды. 
– Иә! Порталдағы қыздардың суреттерінің бәрі жалған ғой, –деп жауап қатты ол. – «Қаламасаңыздар жүре берейін», – деп еді, бәйек болып жүрген Хамит көңілін аулап, жайғастырды. Жеңіл жүрісті қыздарды қоғадай жапырып келе жатқан ағайындылар ештеңкеден секем алмады. Жетінші қызды жастықтың тысымен мойнынан буындырып өлтірді. Күнделікті жалғасып жатқан өмір. Қыздың о дүниелік болғанына үш күн толғанда, дастарқан басында отырған ағайындыларға сақшылар келіп, қолдарына бірден кісен салып бөлімшеге алып кетті. 
Жағдай былай болған. Ағайындылар Зәуре есімді қызға хабарласқан. Үш жігіт Зәуреге күнделікті табысынан төрт есе көп ақша ұсынған. Алайда өзі босамаған соң мекенжайын құрбысына беріп, сонда баруын өтінген. Ақшаның тең жартысын өзі алатын болып келіскен. Құрбысы сол барғаннан кейін келмеген, телефоны содан бері өшіп жатқан. Зәуре құрбысын іздеп сақшыларға шағымданып, көрсетілген мекенжайды береді. Сақшылар бармай тұрып қыз өзі жеке барып, көздері түксиген, бір-біріне ұқсас ағайындыларды көріп, қорқып кеткен. Күдіктенген. 
Осыған дейін іздерін жасырып, пәтерден пәтер ауыстырып қашқан ағайындылар жетінші құрбандарынан кейін тым еркінсіп кеткен. Ұсталғаннан кейін қылмыстарын мойындап, тіпті, жеті қызды қалай, қайтіп өлтіргендіктерін де көрсетіп берді. 
* * *
Жеңіл жүрісті қыздардың нөмірін кітапшаға жазып, өзімен алып жүретін Асқар олардың іздеушісі, жоқтаушысы жоқ деп ойлап келген. Қылмыскер бұл іске бару себебін кішкене кезінде түнгі көше «көбелектерінен» зәбір көргенін айтып, оларға деген кекті кеуде тұста сақтап қалғандығымен байланыстырды. Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланғанына байланысты ағайынды үш азамат сот үкімімен өмірлік бас бостандықтарынан айырылды. Ағалары Асқар темір тордың ар жағындағы бесінші жылынан кейін айықпас аурудан көз жұмды. Ал екеуі қатаң режимдегі колонияда жазаларын өтеп жатыр. Хамит қараңғы темір тордың терезесінен саңылау салып түскен күн сәулесіне көзін сығырайта ұзақ қарап, еркіндікті армандайды. Жандос та жантүршігерлік жағдай үшін опынады. Сол кездерге оралса ғой, өмірлерін ақ парақтан адал жолмен қайта бастар еді. Бірақ, бәрі де кеш...
 
Серік ҚАНТАЙ.

Оқи отырыңыз