Жанды жайландыратын бөлме

Жанды жайландыратын бөлме

Облыстық ішкі істер департаментінде Психологтар күніне орай полицейлерге арналған психоэмоциялық жеңілдену бөлмесі ашылды. Облысымызда алғаш рет ұйымдастырылған бөлмеде тәртіп сақшылары кез келген уақытта кәсіби мамандардың қызметін пайдаланады.

Лентаны облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Мұрат Ұрұмханов кесті. Аядай бөлменің безендірілуі көрген адамды баурап алады. Ашық көк және жасыл түстерден тұратын бөлменің бір бөлігінде табиғаттың, үлкен сарқырамалардың суреттері ілінген. Тетік арқылы басқарылатын әйнек ішінен жоғарыдан төмен жанаса аққан мөлдір суды көре аласыз. Ал оның астынан түрлі түсті жарықтар ерекше әсер береді. Сарқырап аққан бұлақтың, сайраған бұлбұлдың дауыстарын және классикалық әсем әуенді естисіз. Кірген адам демалып, шаршағанын ұмытады. 
Бұл жерде арнайы сабақтар болып, сақшылардың сергек жүруін қадағалайды. Бір мезетте сегіз бірдей қызметкер жайлы орындықтарға жайғасып, көңіл-күйлерін бір қалыпқа түсіре алады. Осындай адам жанына ерекше әсер сыйлайтын бөлменің ашылуына атсалысқан азаматтар «Дамыған елдердегі тәжірибе біздің елімізге де қажет!» деген мақсатты пікірлерін айтты. Қалалық ІІБ инспектор-психологы Ардақ Шәкурова: «Жалпы полиция қызметі аса күрделі қызметтердің бірі. Күйзеліске толы және экстремалды жағдайлар көп. Түрлі жағдайлар орын алады, оның үстіне қылмыскерлермен жұмыс жүргізеді. Осындай сәттері сақшыларымыз психологтардың көмегіне жүгінеді. Ашылып жатқан бөлменің көмегі зор. Күні бойғы күйзелісті, жағымсыз энергиялардан арылтады, – дейді. 
Облысымызда қоғам тыныштығын қадағалайтын төрт мыңнан аса сақшы бар. Өңірімізде соңғы екі жылда екі полицейдің өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелді. Күйзелістің алдын алу, көңіл-күйді көтеру істерімен алдағы уақытта жаңа ашылған психоэмоциялық жеңілдену бөлмесіндегі мамандар айналысады. 

Мұрат Құлан-АЙ.

Оқи отырыңыз