Жасөспірімдер қылмысы азайды

Жасөспірімдер қылмысы азайды

Жетісу жерінде қолға алынып жатқан тиімді шаралардың нәтижесінде былтыр жасөспірімдер жасаған қылмыс көрсеткіші 10,5 пайызға азайды. Әсіресе, ауыр санатқа кіретін қылмыстардың көрсеткіші 40,4 пайызға төмендеген.

Облыстық ішкі істер департаменті таратқан статистикалық мәліметтерге қарағанда, облыстағы 579 мыңнан астам жасөспірімнің 373 мыңы мектепте және басқа да оқу орындарында білім алады. Былтыр өткізілген «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» сынды алдын алу шаралары кезінде полиция бекеттеріне жеткізілген 8 мың 253 жасөспірімнің 6 мыңға жуығы әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Сондай-ақ, полиция бөлімшелеріне профилактикалық есепке 769 жасөспірім, «қолайсыз отбасы» санатына жатқызылатын 442 отбасы алынған. Одан бөлек, Талдықорғандағы адаптациялық орталыққа 148 жасөспірім жеткізілген.
Дегенмен, ювеналдық полиция қызметкерлерінің штаттық саны әзірге өзгеріссіз қалуда. Яғни, бүгінгі күні өңірде 250-ден астам кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор қызмет етуде. Алайда олар жасөспірімдер арасындағы қылмыстың болмауын толық қадағалай алмайды. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының қызметкерлері Іле ауданындағы мектептердің бірінде құрылған кадеттер сыныбын жас жеткіншектер қылмысын азайтудағы мысал ретінде ұсынады. Өйткені, кадет сыныбының тәлімгерлері құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты қосымша сабақтар оқып, жас полиция көмекшісі мәртебесін иеленген. Сондықтан, кадет сыныбының оң нәтижесін өзге аудандардағы мектептерге енгізу жоспарда бар.

«Жетісу-ақпарат»

 

Оқи отырыңыз