Әскерге шақыру басталды

Әскерге шақыру басталды

Жуырда Талдықорған қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы әскер қатарына шақырылатын жастармен және олардың ата-аналарымен кездесіп, оларға әскери қызмет мәртебесін түсіндірді. Шараға Талдықорған қаласы әкімдігінің бас инспекторы Еркін Қиялбеков қатысты.

Кездесуді Талдықорған қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы, полковник Ерен Мейрамбеков жүргізіп, кездесудің мәні мен маңызын тілге тиек етті:
– Жастарды әскер қатарына шақыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға және Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшының әскери қызметке кезекті шақыру туралы Жарлығына сәйкес жүргізіледі. Қазақстан Қарулы күштерінің және басқа әскери құрылымдардың әскери бөлімдері мен мекемелерін жас сарбаздармен толықтыру мақсатымен медициналық комиссиялар жұмысқа кірісті. Шақыру комиссиясы іріктеу жұмысын аяқтағаннан кейін 17 – 27 жас аралығындағы жастар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылатын болады, – деді ол. 
Қазақстан Қарулы күштеріне әскери қызметке шақырылуға жататын барлық азамат шақыру қағазында көрсетілген құжаттармен жергілікті әскери басқару органдарына барады. Одан кейін міндетті түрде медициналық тексеруден  өтеді. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша әскери-дәрігерлік комиссия әрбір болашақ сарбаздың әскерге бару, бармауы туралы шешім шығарады.    Алайда, отбасы, білім алу, денсаулық жағдайына байланысты әскерге шақыруды уақытша кейінге қалдыруға болады. Бірақ, түрлі  сылтаумен әскерге шақыру ісіне кедергі жасаған азаматтарға айыппұл салынады. Тіпті, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін. Бұл туралы туындаған сұрақтарға Талдықорған қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың мамандары жан-жақты жауап қайтарды. Өз кезегінде жастар мен олардың ата-аналары да көңілінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Қажет АНДАС

 

Оқи отырыңыз