Медиация ИНСТИТУТЫ ДАМЫТЫЛМАҚ

Медиация ИНСТИТУТЫ ДАМЫТЫЛМАҚ

Тіл сарайында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне орай «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі медиацияның маңыздылығы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Жиынға «Парасат» медиация және құқық орталығы жеке мекемесінің кәсіби медиаторы, тренер-жаттықтырушысы Мұхтар Адаев, облыстық сот, прокуратура, әділет департаментінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар, жиынға Аналар мен Қоғамдық келісім кеңестері, этномәдени бірлестік мүшелері және өңірдегі кәсіби емес медиаторлар келді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай басқосудың маңызына тоқталып, мақсатымен таныстырды. Сөз тізгінін алған «Парасат» медиация және құқық орталығы жеке мекемесінің кәсіби медиаторы Мұхтар Мұқанұлы:
– Біздің мекеме Алматы қаласында орналасқан. Қазіргі таңда медиация институтын дамыту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. «Медиация туралы» ҚР Заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша жұмыс тобы құрылып, республикамыздың түкпір-түкпірінде түсіндіру шараларын өткізіп жатыр, – деп орталықтың қызметін тілге тиек етті. Әрмен қарай облыстық сот судьясы, медиация саласы бойынша үйлестіруші Нұргүл Жекенова, облыстық прокуратураның прокуроры Нұрболсын Мұқашев, облыстық әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айнұр Дауылбаева және бірнеше медиатор өз пікірлерін білдірді. 
Шарада «Медиация туралы» ҚР Заңына енгізілетін өзгерістер баяндалды. Медиация институтын дамытуға қатысты барлық сала өкілдерінің ұсыныстары талданды. Сондай-ақ, әртүрлі түсінбеушілікті медиторлар арқылы сотқа жеткізбей шешу жолдары сөз болды. Отырыс кәсіби медиатор, тренер-жаттықтырушы Мұхтар Адаевтың шеберлік сағатымен жалғасып, соңынан қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Оқи отырыңыз