Эстафета тапсырылды

Қоғамның жегіқұртына айналған сыбайлас жемқорлықпен күресті тоқтатпау үшін елімізде көптеген іс-шаралар өткізіліп, жиындар ұйымдастырылуда. Жетісу жерінің жұртшылығы да осындай игі бастамаларды көптеп қолға алуда. Облыс орталығында «Парасыз болашаққа. Бірге!» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өткізіліп, күллі Жетісу жерін шарлап шығатын «Адал жол» марафоны бастау алды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының 9-шы тапсырмасын, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 13-қадамын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған ауқымды шара ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бастамасымен қолға алыныпты. Көпшілік Достық үйінің алдындағы ашық алаңқайға тігілген сахнаны қоршай орналасты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылған акция аясында аудан орталықтары мен қалаларда құрылатын мобильді топтар әрбір өңірдегі еңбек ұжымдарына, жергілікті халыққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сыбайлас жемқорлық көріністері немесе мемлекеттік қызметке алу кезінде кездескен кедергілер кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндіреді. Сондай-ақ, тұрғындардың өзге де мәселелері бойынша көшпелі қабылдау өткізіледі. 
– Былтыр осы акцияны бастар кезде Талдықорғандағы Тіл сарайына қоғамдық ұйымдардың белсенділерін шақырып: «Ел ішінде сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік бойынша осындай игілікті іс басталады. Қатарымызға қосылыңыздар!» деген ұсыныс берген болатынбыз. Оны әрқалай қабылдағандар болды. Соған орай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алғашқы келісімшарт – меморандумға қол қойған болатынбыз. Содан бері жыл өтті. Бір жылдың ішінде мыңдаған адам қатарымызға қосылды, – деген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев игілікті бастаманың мақсатын түсіндіріп өтті. – Соның арқасында әрбір аудан орталығы мен қаладан сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұран сөздермен безендірілген автокөлік шығарылды. Бұл көлікпен біздің департамент қызметкерлерінен, «Нұр Отан» партиясынан, «Жас Отан» жастар қанатынан, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан, бұқаралық ақпарат құралдарынан құралған мониторингтік топ халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде топ мүшелері арнайы жасақталған 22 автокөлікпен облыстың барлық аудан, қалаларына қарасты шалғайдағы елді мекендерді аралап, 400-ге жуық еңбек ұжымымен кездесулер өткізді. 72 мыңнан астам адамға тиісті ақпарат берілген акция кезінде мобильді топ мүшелері қарапайым халыққа сыбайлас жемқорлықтың өскелең ұрпақтың ой-санасына, мемлекеттің тұрақты дамуына, ел мен жердің өркендеуіне тигізер зардабы мен шығыны қандай болатынын жеткізді. Сондықтан да бұл науқан жалғасын табады.
Форум аясында өз жұмысында белсенділік танытқан үздік мамандар марапатталып, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының белсенділері ұйымдастырған концерттік бағдарлама қойылды. Бұқаралық шараға қатысқан көпшілік сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтардың арнайы безендірілген автокөліктерінің қала көшелерімен өткен автошеруіне куә болды. 
«Парасыз болашаққа. Бірге!» атты акциясы Жетісу жерінің басқа аймақтарына таралуы үшін Алакөл ауданы әкімінің орынбасарына эстафета ретінде тапсырылды.

Мәди Әсетұлы

 

Оқи отырыңыз