ҚҰНДЫЗ ТОНДАРМЕН ҚҰРЫҚТАЛДЫ

ҚҰНДЫЗ ТОНДАРМЕН ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің  «Алтынкөл» кеден бекетіне қарасты шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығы «Қорғас» бақылау-өткізу пунктінің жолаушылар терминалындағы күнделікті жұмыс барысы қарбаласқа толы. Жазғы демалыс басталғалы бері кедендік шекарадан ары-бері өтетін жолаушылар мен туристік мақсатта сапарлаушылар күн санап артып келеді. 

Қазіргі уақыттың өзінде күнделікті кедендік бақылаудан өтетін адамдардың саны орта есеппен төрт мыңға жуықтаған. Жолаушылар санымен бірге тауар айналымының көбеюі кедендік тексеру мен бақылау шараларын жүзеге асыруда әр кеденшіге үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Себебі, олардың ішінде кедендік баж салығын төлеуден жалтарып, небір қитұрқы әрекеттерге баратын теріс пиғылды пенделер аз емес. Сондықтан да әрбір кеден қызметкерінің атқаратын міндеті үлкен жауапкершілікті ғана емес,  кәсіби шеберлік пен барлаушыға тән қырағылықты да қажет етеді. Осы орайда, аталмыш бақылау-өткізу пунктінде шекара қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жүргізу жолға қойылғанын  айта кеткен жөн. Соның нәтижесінде кеден заңнамасын өрескел бұзу фактілері тіркелуде. Атап айтсақ, жуырда кезекті кедендік тексеру барысында кеденшілер мен экономикалық қылмысқа қарсы күрес және шекара қызметкерлеріне  Жанар Әубәкірова есімді азаматша құндыз тондар өткізуі мүмкін деген ақпарат келіп түсті. Алдын ала сырттай бақылау барысында оның сыбайластарының кімдер екендігі де белгілі болды. Олардың алға қойған жоспары құндыз тондарды бір адам ғана емес, бірнеше адамға бөліп беру арқылы өткізу екен. Сондықтан да сезік тудырып алмас үшін бірлескен топ мүшелерін кедендік тексеруден біртіндеп өткізуге тура келді. Сөйтіп, сыбайластар кедендік тексеруден өтіп болған соң құндыз тондарды бір жерге жинаған сәтте ғана кеденшілер мен шекарашылардың және экономикалық қылмысқа қарсы күрес қызметкерлерінің бірлесе әрекет етуінің нәтижесінде қолға түсті. Ұсталған 78 дана құндыз тонның  кедендік құны 12 миллион 750 мың теңгені құрады. 
Қазіргі уақытта аталмыш оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234-бабының 1-тармағы (экономикалық контрабанда) бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылуда. Осы орайда, аталмыш операцияны сәтті жүзеге асыру барысында «Алтынкөл» кеден бекеті «Қорғас» бақылау-өткізу пунктінің бас маманы М. Бердиев пен экономикалық қылмысқа қарсы күрес қызметінің қызметкері    Е. Досановтың және шекара қызметінің ефрейторы Н. Тәліпбайдың сіңірген еңбектерін ерекше атап өткен орынды.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті
«Алтынкөл» кеден бекетінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз