Заңсыздықтар қадағаланады

Заңсыздықтар қадағаланады

        Қоғам болған соң әртүрлі жағдайлардың орын алып, адамдардың заңсыздықпен бетпе-бет кездесетіні заңды құбылыс. Ондай жағдайда тұрғындардың азаматтық құқын қорғау прокуратура мамандарына жүктеледі. Сол себепті, Қазақстан Республикасының  Конституциясы 83-бабының1-тармағында: «Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ, Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады», – деп анық жазылған. Осыған байланысты қарапайым халық прокуратура қызметкерлерін әділдіктің жақтаушысы деп таниды.

         Наурыздың 9-ы күні редакциямызға келіп, тікелей байланыс арқылы хабарласқан оқырман сұрақтарына жауап берген облыс прокуроры Ғабит Миразов сұхбат төмендегідей өрбіді.

Сайлау ӘЖІМОЛДАЕВ, Еңбекшіқазақ ауданы:

         – Сәлеметсіз бе, Ғабит Төреұлы! Сіздің атыңызға 29.02.2015 жылы Талдықорғандағы облыстық прокуратураның іс жүргізушісі Әлия Тілеухановаға хат тастап едім. Онда менің екі баламды Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері қамауға алып, ұрып-соққаны, оқиғаның неден басталып, немен аяқталғаны толық жазылған. Аудан, облыс прокуратураларына дейін белгілі болған. Алайда менің шағымыма байланысты іс тергелмей жатыр. Сол хатымды оқып, танысып шығуға уақыт табуыңызды сұраймын. Баламды ауданаралық сот биылғы ақпанның 18-ы күні 18 жылға соттап жіберді. Шындығында баламның кісі өліміне қатысы жоқтығын растайтын соттық-медициналық, биологиялық, доскологиялық сараптамалар, алты куә бар. Соған қарамастан сот үкім шығарды. Осыған байланысты апелляциялық сатыға шағым бердім. Істің мән-жайын түсіндіру үшін барсам қабылдайсыз ба?

         – Жақсы, алдағы аптаға жеке қабылдауыма келіңіз. Сіздің шағымыңызды тыңдап көрейін. Оған дейін қылмыстық іске қатысты деректерді алдырып, зерделеп шығайын.

      Нұрила ҚАРАСАРТОВА, Ащысай ауылының тұрғыны, Еңбекшіқазақ ауданы:

         – 2014 жылы 5 тамызда күйеуім Бек Нұриев кісі қолынан қаза тапты. Онда да жетім тай үшін ауылымыздың 1985 жылы туған Асқар Қалиев деген тұрғыны жұбайымды қасақана өлтірді. Бір жылдан соң, тура 26 қарашада қылмыскер 16 жылға сотталды. Апелляциялық сатыға шағымданған көрінеді, бірақ, апелляциялық сот оның шағымын қабылдамапты. Күйеуімді өлтірген қылмыскердің жазасын қайда өтеп жатқанын білгім келеді және күйеуімді қасақана өлтірген қылмыскерге берілген 16 жылдық жаза мен үшін аз. Соған көмектесуіңізді сұраймын.

         – Жақсы, сізге жауабымды жазбаша түрде тұрғылықты мекен-жайыңызға жібереміз. Күйеуіңізге қатысты істі толық тексеріп көрейік, егер кассациялық сатыда қаралмаса, онда Жоғарғы Сотқа шағымдануыңызға болады.

 Манат ӘЛИҚОЖАЕВ, Райымбек ауданы:

         – Былтыр Жанат Рашинов есімді бір адамға қолхатпен 70 қой сатып едім. Жалпы құны 1 миллион 600 мың теңге болған. Ол үш айда тауып беремін деген ақшаны қайтара алмай сотқа бергенмін. Сот менің атыма өндірілсін деп шешім шығарды. Содан бері 5-6 ай уақыт өтсе де сот орындаушысы соқыр тиын өндіре алмай жүр. Осыған не істеуге болады?

         – Қазіргі күні жеке сот орындаушылары қызмет көрсетеді. Менің білуімше Райымбек ауданында жеке сот орындаушылары жоқ. Бірақ сіздерге жақын Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарында бар. Олар облыс көлемінде жұмыс істей береді. Өз шағымыңызды өткізіп, жеке шартқа отырасыз, олар сіздің қолыңыздағы соттың шешімін орындайды. Оларға ақша төлеймін деп қорықпаңыз. Сот орындаушысы өзінің ақысын борышкерден өндіріп алуға қақылы. Қазіргі күні еліміздегі көптеген заңдар мен заңнамаларға Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына байланысты өзгерістер енгізілді. Сол себепті мемлекеттік сот орындаушылары біртіндеп қысқарып, жеке сот орындаушыларына басымдық берілуде. Егер борышкердің жеке мүлкі, жұмыс орны болса солардан өндіріп алуға болады. Сот шешім шығарған іспен танысып шығайық, соған байланысты сізге жазбаша жауап береміз.

 Асқар БЕКОВ, зейнеткер, Биғаш ауылы, Ескелді ауданы:

         – Сәлеметсіз бе, құрметті Ғабит Төреұлы! Сіздің талапшыл әрі халықтың ой-пікірімен санасатын басшы екеніңізді жақсы білемін. Мәселеге оң ықпал етуіңізді сұраймын. Ата Заңымызға сәйкес, еңбек етіп, кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында жер алып, жекешелендірген едім. Ауылда туып-өскен жан ретінде ауылшаруашылығымен айналысып, шаруа қожалығын құрғаным бар. Жеріміздің жекешелену құқығын алған соң бала-шағаммен жұмыла еңбек етіп келемін. Алайда алаңсыз өмір сүріп, өзім сүйетін іспен айналысуыма айналадағы адамдар кедергі келтіруде. Атап айтқанда, ауылдастарым менің жеріме отар-отар қойын жаяды, табын-табын сиырын айдайды, қала берді бұзау-торпағын қараусыз жібереді. Сол арқылы жеріміздің құнары әлсіреді. Соны айтсаң кіжініп, кәдімгідей ренжиді. Ал менің отбасым сол жерден нәр алып, күнкөріп отыр. Адам өміріне нұқсан келтіретін сөздерімен намысыма тиеді. Абай айтқандай: «Қайнайды қаның, ашиды жаның». Кері тартқанды бері тартатындай заң жобасы бар ма? Ауыл әкімі мен аудан әкіміне талай бардым, олар сөзбұйдаға салады. Мәселенің шешімін табуға көмектессеңіз екен.

         – Жақсы, сіздің басыңыздағы жағдайды аудан прокурорына табыстаймын. Бүгін түс ауа не ертең барып, жолығыңыз. Барлық жағдайды түсіндіріп жазып, шағымыңызды облыс прокуратуасына қалдырып кетіңіз.

Марат ОРАЗБЕКОВ, Қырбалтабай ауылы Еңбекшіқазақ ауданы:

– Менің жұбайым Марғұма Оразбекова осыдан он жыл бұрын, 2006 жылы «Альянсбанктен» 150 мың теңге алып, 2008 жылға дейін, яғни 24 айдың ішінде 225 мың теңге төлеп берген. Алайда несиенің мәселесі ұмытылып, арада біраз жыл өтіп кеткен соң «Финанс» ЖШС әйелімді сотқа беріп, несиелік келісімшартта 27 ай болған дегенді шығарды. Содан 3 топтағы мүгедек әйелімді Еңбекшіқазақ аудандық соты шақыртты. Мәселенің байыбына барып, түсінгенімізше аудандық соттың судьясы Қарлығаш Жапсарбаева біздің қолымыздағы төленген ақшаның түбіртегіне қарамастан бізді тағы да банкке қарыздар етіп, шешім шығарды. Алайда соттан соң әйелім ауырып, ауруханаға түсті. Сол аралықта сот үкімімен келіспейтінімізді айтып шағымдануға болатын 15 жұмыс күні өтіп кетіпті. Енді қайтерімізді білмей отырмыз. Алған несиемізді артығымен жауып, құтылдық па дегенде осындай жағдайға тап болдық. Соған көмектессеңіз екен?

– Ол үшін аудандық сотқа қайтадан шағымданып, өткізіп алған мерзімді қалпына келтіріп беруді талап етіңіз. Және әйеліңіздің ауруханада жатқанын растайтын құжаттарды қоса апарасыз. Егер аудандық сот сіздің талабыңызды қанағаттандырмаған жағдайда облыстық соттың апелляциялық сот алқасына шағымдана аласыз. Ал апелляциялық сот алқасының шешімімен келіспесеңіз Жоғарғы Соттың кассациялық сот алқасына шағымдауға болады. Мұндай жағдайларға прокуратураның қатысуға қақысы жоқ. Сондықтан шағымды өзіңіз түсіруге тиіссіз. Егер заң талаптарын дұрыс түсінбеген жағдайда адвокат жалдап, заңды егжей-тегжейлі білуге болады.

Бұдан соң облыс прокуроры Ғабит Миразовпен тікелей кездесіп, өз шағымын жеткізу үшін редакцияға келген Қарасай ауданы, Долан ауылының тұрғыны Әмірбек ӘБІКЕНОВ өз мәселесін былай әңгімеледі:

         – Менің шағымым Бас прокуратураға да барған. Жер мәселесіне қатысты дауласып жүргеніме міне 8 жыл болды. Қарасай аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі Сәкен Сәулет мәселенің мәнісін бұрмалап, құжаттардың бәрі қолымда болса да менікін бұрысқа шығарудан танбай келеді. Бұл туралы «Заң» газетіне де жаздым. Онда да менің балам 6 сотық жерді сатып алады. Алайда сот сырттай шешім шығарып, жер телімін баламнан тартып алғандай етеді. Өйткені бір жер теліміне екі рұқсат қағазы шығарылған. Ал менің балам алған құжаттың заңды екендігін, қаржы полициясы секілді органдар растады. Дегенмен, сот отырысында тергеушінің келтірген мәліметтері расталып кеткен. Одан бері, міне, 8 жыл өте шықты. Бұл туралы кезінде облыс прокуроры болған Қайыркелді Оспанов: «Жаңа мәліметтердің пайда болуына байланысты сіздікі дұрыс», – деген болатын. Одан бөлек, Бас прокуратураға да шағымдандым. Осыған көмектесуіңізді сұраймын.

         – Жақсы, мен осы айтылған уәждер бойынша қадағалау жүргізетін басқармаға аталған мәселеге қатысты мәліметтермен зерделеп шығуды тапсырайын. Сосын қылмыстық, азаматтық істер бойынша материалдарды қайта қаратып, көмектесейін. Егер мәселені қайта қарау керек болса сізді шақыртамыз.

Кеңесбек БАЙДАЛИН, Ақсу ауылының тұрғыны, Ақсу ауданы:

– Ғабит балам, менің айтайын дегенім мынадай жағдай еді. Біздің Ақсу ауылдық округінде ұрлық өршіп тұр. Өткен жылдың аяғы және биылғы жыл басында 33 бас жылқы, 5 бас сиыр қолды болды. Қорадан әкеткені де, өрістен жоғалғаны да бар. Осыған құзырлы органдар ешқандай шара қолдана алмай отыр. Міне, 3 ай өтіп, төртінші ай болып қалды, жоғалған малдан дерек жоқ. Аудандық ішкі істер бөлімінің мамандары: «Қарап жатырмыз!» – деген сырғытпа сөзбен шығарып салады. Арғы жылдардағы мал ұрлығын айтпай-ақ қояйын, сізге, онда да көптеген мал ұрланды. Биылғы жоғалғанының өзі осындай болып тұр. Сонда мал ұрлығы қылмысқа жатпай ма? Ауыл тұрғындарының бала-шаға асырап, күнкөріп отырғаны осы мал. Шетінен әкетіп жатыр. Жер жұтып немесе аспанға ұшып кеткендей ылым-жылым жоғалады да кетеді. Не істейтінімізді, қайда барарымызды, кімге шағымданарымызды білмейміз. Соны сізге құлағдар етейін деп хабарласып тұрмын, қарағым.

– Иә, шынында мал ұрлығы деген бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Бұл бір шетінен төрт түлікті жайылымға апталап қараусыз жіберетін иесінің салғырттығынан орын алып жатады. Әйтпесе, қазіргідей технология дамыған тұста тұяқты жануардың қайда жүргенін анықтап, көрсетіп отыратын құрылғылар баршылық. Соны терісіне бекітіп тастаса ұрланған малды оңай табуға болады. Сол арқылы қылмыскерлерді құрықтауға мүмкіндік туады. Дегенмен, оны ескеріп жатқан ауыл тұрғындары жоқ. Ал әрбір ауылдық округте жергілікті полиция бекеті болғанымен арақашықтығы ұзақ километрлерге созылып жатқан аймақты толық тексеріп шығуға тәртіп сақшысы жете бермейді. Осыны да ескерген жөн. Шындығында мұндай сұрақ маған қойылмауы керек еді. Өйткені қылмысты анықтау, қылмыскерлерді іздестіру прокуратураның құзырына жатпайды. Сол себепті мен облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмхановқа айтып, жеткізейін. Қызметкерлеріне тапсырма беріп, сіздің ауылдағы жағдайды толық тексертсін.

Негізінде жасалған мал ұрлығына қатысты шағымға орай қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатады. Алайда қылмыс үстінде бұлтартпай ұстап алмайынша ұрыға ұрлығын мойындату қиын. Сол себепті құқық қорғау органдары әркімді бір ұры тұта алмайды. Қазақтың: «Өзіңе-өзің мықты бол, көршіңді ұры тұтпа», – деген сөзінің жаны бар. Қорасын берік ұстап, өрістегі малын сәт сайын түгендеп отырған адамның төрт түлігі екі аяқты ұрыдан, төрт аяқты жыртқыштан аман болады. Сондықтан, құрметті оқырман осыны да ескерген жөн.

 

Данагүл ШАКИРОВА, Қарабұлақ ауылы, Ескелді ауданы:

– Менің балам «Каспий банктен» несие алып еді. Енді, банк оның жалақы алатын карточкасын түгелдей бекітіп тастапты. Банктің осы қадамы заңды ма, заңсыз ба, білейін деп едім?! Балам әскери қызметкер. Алғаны 400 мың теңге. Соны толық төлеп болмай карточканы бұғаттауды аша алмайтынын банк қызметкері айтты. Енді қайтерімізді білмей жүрміз. Балам: «Бұл жұмыстан шығамын, басқа жұмыс іздестіремін» – дейді. Өзімнің алатын жалақым 30 мың теңге. Соны баламның несиесіне салам ба, өзім күнкөрем бе, білмеймін. Қандай кеңес бересіз?

– Расында өте күрделі жағдай. Себебі, несие алар кезде банкпен арнайы келісімшарт жасалады. Сонда несиені уақытында төлеуді кешіктірген немесе мүлде төлемей қойған жағдайда айлық жалақы алатын карточканың жұмысын тоқтатып тастауға рұқсат береді. Бұл келісімшартты оқымағаннан болып жатады. Несие алған адамның көзімен қарасақ, бұл заңсыздық секілді көрінуі мүмкін. Алайда келісімшартқа қол қойып, банктің барлық талаптарына келіскеннен кейін шарттың мәтінімен толық танысып шығу артықтық етпейді. Енді мынадай жағдайда банктің әрекетін сот арқылы шешуге болады. Ол үшін сотқа шағымдану керек. Оған дейін несие алған балаңыз өзіне қатысты деректерді келтіріп, арызын жазсын, оған банкпен жасалған келісімшарттың көшірмесін қосып, облыс прокуратурасының кеңсесіне өткізсін немесе жеке қабылдауыма жазылсын. Әр аптаның сейсенбі күні қабылдаймын. Одан бөлек, басқа күндері де келе берсеңіз болады. Мен осы мәселемен айналысатын басқарма басшысы Алтай Әлмәмбетов деген қызметкерім сіз туралы айтып қоямын, соған жолығып, шағымыңызды қалдыра аласыз. Ол соған сай жауабын береді.

 

Салиха ТОЙЫМБЕТОВА, Береке ауылының тұрғыны, Қарасай ауданы:

– Сәлеметсіз бе, Ғабит Төреұлы. Осыдан 4 жыл бұрын менің ұлым кісі қолынан қаза тапты. Өзіміздің ауылдың төрт баласы пышақтап өлтірген. Олардың бәрі де Қылмыстық Кодекстің 96-бабы, 2-бөлігі, «ж» тармағы бойынша сотталып, лайықты жазаларын алды. Олардың үшеуіне соттың үкімімен 12 жылдық, біреуіне 10 жылдық қатаң режим кесілді. Осы күні ауылда: «Солар жақын арада шығады екен», – деген өсек сөз жиі айтыла бастады. Тіпті, жеңілдік бойынша шығады деушілер де шығып жатыр. Сот кезінде судья: «Бұлардың қылмысы рақымшылыққа, жатпайды», – деген болатын. Сол рас па? Әлде, ұлымды жер жастандырған қылмыскерлер бостандыққа шығып кете ме?

– Заң бойынша жазасын өтеу кезінде басқа қылмыс жасамай, өзін тәртіпті жағынан көрсеткен жағдайда қатаң режимдегі қылмыскер ең алдымен жеңілдетілген режимге ауыстырылады. Онда да өз өтініш бойынша «колония поселения» деп аталатын мекенге ауыстырылады. Одан бөлек, заңда мерзімінен бұрын шартты босату деген жеңілдік бар. Бірақ ол үшін жазасын өтеуші заңда көрсетілген мерзімді толық отырған болуы керек. Яғни, жазаға кесілген мерзімнің үштен екісін өтеген жағдайда ғана жеңілдік қарастырылады. Сіздің ұлыңызды өлтіргендердің отырғанына 4 жыл өтсе, әлі де төрт жылдан соң ғана өтініштері қаралуы мүмкін. Ал аса ауыр қылмыс жасағандар рақымшылық алуға жатпайды.

– Тағы бір сұрақ, маған келтірген материалды, моральды шығын ретінде сот үкім шығарған болатын. Содан бер де бір тиын алған жоқпын. Сонда соттың үкімі оларға жүрмейтін болғаны ма?

– Неге жүрмесін?! Соттың үкімі заңды. Алайда үкімнің орындалуы бөлек әңгіме. Егер жазасын өтеушіде ешқандай мүлік болмаса қайдан өндіріп береді? Еңбекпен түзеу колониясында жазасын өтеп, жұмыс істейтін болса айлық жалақысының белгілі бір мөлшері сіздің есебіңізге ұсталып тұрады. Бірақ қазіргі колонияларда жазасын өтеушілер жұмыспен толық қамтылған деп айта алмаймыз. Сондықтан бұл мәселені олар жазасын өтеп болған соң ғана көтере аласыз. Бостандыққа шыққан соң жұмыс істеп, сіздің шығыныңызды өндіріп беруге тиісті. Ал, қазір сіз жазасын өтеп жатқан колонияның басшылығына шағымданып, олардың жұмыс істеп жатқанын немесе қандай да бір еңбекпен айналыспай, бос жатқанын анықтай аласыз. Егер айлық жалақы төленетін еңбек ететін болса, сіздің есепшотыңызға аударылуы тиіс.

Түйін: Редакциямызға облыс прокурорының келетіні жарияланғаны бері көптеген кісілер хабарласып, өздерінің басындағы ауыр жағдайды, көрген қиянатын әңгімелеп берген болатын. Солардың қатарында Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында тұратын Қарабай Әбуұлы есімді оқырман да бар. Ол өзінің басындағы жағдайды және республикалық «Заң» газетіне шыққан «Он сегіз жылға созылған дау» атты мақаланың көшірмесін хат күйінде редакцияның электронды поштасына салып жіберді. Осыған байланысты Қарабай Әбуұлына жазбаша жауап беруді уәде еткен облыс прокуроры редакцияға келген материалды облыстық прокуратураның кеңсесіне тіркету үшін өзімен бірге әкетті.

Жалпы, тікелей желіге хабарласқандардың басым бөлігі өзекті мәселелерді көтеріп, өздерін толғандырған жайттардың шешімін сұрады. Тіпті, хабарласқандардың легінің көптігі сонша белгіленген бір сағат жетпей, прокурор кетіп қалған соң хабарласқандар да болды. Дегенмен, қалың бұқара прокуратураны әділеттің жақтаушысы деп танитынын тағы бір танытты.

 

Мәди АЛЖАНБАЙ.

Оқи отырыңыз