Барлыбек жазған заң

Барлыбек жазған заң

Уақыт өтсе де өзінің құндылығы мен мазмұнын, мән-мағынасын жоймай, керісінше, жалпыұлттық деңгейге айналып, сипаты халықтық қолданысқа еніп кететін дүниелер болады. Мұның анық та айқын мысалы – Барлыбек Сырттанұлы жазған «Қазақ елінің уставы» конституциялық еңбегі дер едік. Асылы, бұл еңбек – бүгінгі қазақ құқықтық-заң ілімі тарихының төлбасы. Сөзімізді тарихтың өзі дәлелдеп отыр.

Барлыбек Сырттанұлының аталмыш еңбегі небәрі 4 бөлім,  28 баптан ғана тұрады. Заң, құқық мәселелерін жетік меңгерген қайраткер 1911 жылдың 13 маусымында осы еңбегін аяқтап, ел игілігіне ұсынбақшы болады. Бірақ патшалық жандарм өкілдері революционер-демократ қазақ ұлын қатаң бақылауға алып, ел астанасы – Петербордан қыр даласына қайтарады. Күнделікті тыныс-тіршілігі, тіпті, әр қадамы бақылауға алынған азамат өзінің темір құрсаулы торға ілінгенін сезіп, шығармашылық-интеллектуалды мұрасын жасырып қойған-ды. Жөргегінде тұншықтырылған құнды еңбек – еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін түзеген шақта ғана жарияланды (1994 жыл, «Әділет министрлігінің хабаршысы», №12). Жариялаушы – қайраткер мұрасын зерттеген  заң ғылымының докторы, профессор Cәкен Өзбекұлы. Асыл қазынаны Барлыбектің үлкен қызы Қанипа көзінің қарашығындай сақтап, қиын-қыстау кезеңдерде жер астына көміп жүріп, әке мұрасын НКВД тінтуінен аман алып қалды.
Барлыбек жазған конституциялық еңбектің мәні – отарлық саясаттың зардабын тартқан қазақ елін өз алдына дербес мемлекет ету. Авторға осы идеяны өзінің құрдасы, қазақ саяси элитасының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан берген. Барлыбек түзген уставтың негізгі платформасы мен идеясы кейіннен Алашорда үкіметінің бағдарламасына тірек болып, көрініс тапты.
Барлыбек Петербор императорлық университетінде оқып жүргенінде «халықаралық құқық», «конституциялық құқық теориясы», «қылмыстық құқық», «халықаралық қатынас», «экономикалық құқық», «полицейлік құқық» сияқты іргелі пәндерді оқыған. Қазақ ойшылы университет қабырғасында игерген теориялық білімін тәжірибемен ұштастырады. Орыс патшалығы тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс қылаң беріп, қараңғы жұрттың бас көтерер азаматы монархиялы билікке айбат танытты. Сөйтіп Петербор шаһарында алғаш рет бұратана аз ұлт өкілі – қазақ жұртының профессионалды уставы өмірге келді. 
Өткен күнге бүгінгі күннің биігінен қарар болсақ, устав, қазіргі стильмен айтқанда, Конституция – терең ақыл-ой иесінің кемелдігі мен жан-жақты білімінің нәтижесі іспетті. Еңбекті оқи отырып, әрбір тармағына қайран қаласың! Мәселен, «Кіріспе» бөлімінде: «Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбіт жолмен жерімізде хүкіметі  өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз», – делінген. ХХ ғасыр басындағы оқыған қазақ азаматтары патшалықтың отарлау саясатына ақыл-ой, кемел білім арқылы ғана қарсы күресіп еді ғой.              Б. Сырттанұлы болашақ қазақ елін парламенттік республика формасында басқаруды ойластырып, оның ең үлкен билік органы – Парламент екенін анықтап: «Қазақ елінде ең басшы орны – Ұлт мәжілісі», – деп жазған.
ХХ ғасыр басындағы АҚШ, Батыс Еуропа елдерінің Конституцияларымен жақсы таныс болған зерек заңгер адам құқығы туралы: «Қазақ елінде адам баласының бәрі тең құқылы. Дініне, қанына, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді», – деп әрі қарай ер мен әйел теңдігі, дүние-мүлікке иелік ету, білім алу, бір-бірімен емін-еркін сөйлесу, ұйым немесе партия құруына ешқандай шектеу жоқтығы туралы демократиялық құндылықтардың мағынасын тарқата жазған. Қарап отырсақ, осының бәрі бүгінгі күннің талабымен астасып, қабаттасып жатыр. Өткен ғасырдың басында айтылған ойдың өміршеңдігі – осы.
Конституциялық еңбектің басты ерекшелігі – қазақылығында. Яғни, қарапайым әрі ұғыныңқы тілде жазылуы. Бәлкім, осы қарапайымдылығынан болар, әр қазақтың жүрегіне жылы тиіп отырғаны. Қазіргі уақытта жазылып жатқан түрлі құқықтық-заң құжаттары мен нормаларын оқи отырып, “қазақшасын” түсіне алмай, орыс тілінде жазылған түпнұсқасына жүгінетініміз өтірік емес. Біздің заңгерлер Барлыбек Сырттанұлы жазған немесе басқа да Алаш зиялыларының құқықтық бағыттағы мұраларымен танысса, сол еңбектердің тіліне, қазақы сөз саптау мәйегіне, тілдік айшықтарына назар аударса дейміз. Уставта қазақ жері, сот турасында: «Қазақ жері оның меншігінде болады. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, Құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты. Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкімет рұқсатымен болады», – делінген. Сондай-ақ: «Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар. Присяжный соты ауыр қылмысты істерді шешуге хұқылы. Присяжный саны – 7 адам. Сот орындарында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру құқығынан айрылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады», – деген баптар дәл қазіргі сот жүйесінің принциптерімен жанасып тұр.
Бұл құжатта көтерілген мәселелер мен идеялардың әлі күнге дейін өзекті, жасампаз болуының басты себебі – адами капитал, жеке адамның бас бостандығы мен зайырлығына айрықша көңіл бөлінгендігінде. Автор конституциялық құжат даярлау барысында шетелдік танымал заңгер, философ, социологтардың еңбектерімен жіті танысқаны анық байқалады. Мысалы, автордың әлеуметтік прогресс, парламенттік мемлекет, адам құқы мен бостандығы туралы сарабдал ойлары Ш. Монтаскье, Т. Джефферсон, Дж.Локк еңбектерінің күретамыры болған. Пассионар тұлғаның шерлі жүрегін жарып шыққан «Қазақ елінің уставы» – бүгіннің ғана емес, келешектің де қажетіне жарайтын құнды еңбек болып қала берері сөзсіз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
ҚР “Дарын” Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

 

Оқи отырыңыз