ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ

ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ

Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ғимаратында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен нұсқаулық-әдістемелік жиын өтті. Аталған шараға шақыру, медицина комиссияларының төрағалары, жергілікті әскери басқару органдарының бастықтары, Талдықорған гарнизонының әскери прокуроры, ҰҚКД, ІІД және әскери бөлімдердің өкілдері қатысты.

 Өңірде мерзімді әскерге шақыру науқаны басталды. Бұл кезеңде Жетісу өңірінен 1900-ге жуық азамат әскер қатарына алынады деп жоспарланған. Соған сай өткен жиынның да мақсаты – көктемгі мерзімді әскерге шақыруды қорытындылау және күзгі әскерге шақырудың негізгі міндеттері мен талаптарын талқылау болды. Басқосуда  құрылымдық бөлімдердің өкілдері өз саласына қатысты тақырыпта баяндама жасап, мерзімді әскерге шақыруда орын алатын мәселелер мен оларды шешу жолдарын ұсынды. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Талғат Дәулетханов:
–  Отан алдындағы борышын өтеуді қасиетті парызым деп білетін, моральдық және психологиялық тұрғыдан мықты, физикалық жағынан мығым азаматтарға басымдық бергеніміз жөн, – деп әскерге шақыру жұмысымен айналысатын жауапты адамдардың қызметтеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Күзгі әскерге шақыру науқаны 10 қыркүйектен басталды. Алматы облысынан шақырылған азаматтар ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне аттандырыла бастайды. Одан кейінгі кезекте ҚР Мемлекеттік күзет қызметі, ҚР Қарулы Күштері, ҚР ІІМ Ұлттық Ұланның әскери бөлімдеріне жіберіледі. Мерзімді әскери қызметке шақыру 2018 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Оқи отырыңыз