ЖАЗАСЫН ӨТЕГЕНДЕР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛА МА?

ЖАЗАСЫН ӨТЕГЕНДЕР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛА МА?

Қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік көмекті ұйымдастыру жөніндегі облыс әкімдігінің жанындағы консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысы өтті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов төрағалық еткен басқосуға консультативтік-кеңесші орган мүшелері және Ескелді ауданы, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарлары, үкіметтік емес ұйымның, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде жазасын өтеп шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған, туберкулез ауруымен ауыратын азаматтарға көрсетілетін медициналық көмек, консультативтік-кеңесші органдардың ағымдағы жылы атқарған жұмыстары, бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды жұмыспен қамту және бизнес бірлестіктерін түзеу мекемелеріне тарту, «Еңбек Жауғашты» РМК-ны тапсырыстармен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Сондай-ақ,  облыс бойынша ҚАЖД ЛА-155/4, 8, 12, 14, 16 және ЕС-164/4 мекемелерінің негізгі қоршаудан елу метрден кем емес қашықтықта аймақ шекарасын анықтау бойынша атқарылған жұмыстар, ЛА-155/12 мекемесінде сотталғандар үшін кешкі ауысымдық орта мектептің және кәсіптік колледждің ашылуы жөніндегі жұмыстардың қорытындысы, бас бостандығынан айыру орындарындағы және босатылған азаматтарды әлеуметтік оңалту жобасы сынды алты мәселе көтерілді.

Ағымдағы жылы жұмыспен қамту орталықтарына бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген және пробация қызметінің есебінде тұрғандар арасынан 524 адам жүгінген. Оның 206-сы тұрақты жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 176 адам – пробация қызметінің есебінде тұрғандар. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 6, қысқамерзімді кәсіптік оқытуға мамандық алу үшін – 54, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына – 65 адам жіберілген. Отырыс соңынан қатысушылар әлеуметтік оңалту жұмыстарын күшейтіп, жазасын өтеп шыққандарға жан-жақты қолдау көрсетуге уағдаласып тарқасты.

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА

Оқи отырыңыз