ТОҒЫЗ АЙДА 131 РЕТ ЗАҢ БҰЗЫЛҒАН

ТОҒЫЗ АЙДА 131 РЕТ ЗАҢ БҰЗЫЛҒАН

Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Жеңіс Андабековтың қатысуымен брифинг өтті.

Онда аталмыш департамент пен «Ізгілікті істер» қоғамдық қорының бірлесіп ұйымдастырып жатқан «Үздік жасырын сатып алушы» конкурсы туралы баяндалды.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс», – деп атап өтті. Осыған көңіл бөлініп, нақты шаралар атқарылуда. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауда белсенділер мен қоғамдық ұйымдардың рөлі зор, – деді Жеңіс Саятбекұлы. Сондай-ақ ол биылғы жылдың 9 айының ішінде өңірде 127 мемлекеттік органда бақылау өткендігін айтып, кемшіліктер анықталғандығын жеткізді. Айталық, жұмыс кестесін сақтамау, дұрыс кеңес бермеу, ақы талап ету сынды 131 заңбұзушылық тіркелген. Басым бөлігі білім саласына қатысты. Нәтижесінде, 50 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Осындай олқылықтарды болдырмас үшін конкурс тұрақты түрде өткізіледі. Материалдарды қабылдау ағымдағы жылдың 8 қазан мен 8 қарашасы аралығында жүргізіледі. Конкурсқа «Жасырын сатып алушы» әдісімен мемлекеттік қызметтерді көрсететін объектілер мен ғимараттарда қызметтерді алу барысында жазылған аудио және бейне материалдар қабылданады. Брифингте барлық сұрақтар бойынша 8(7282) 24-01-99, 24-01-66 нөмірлеріне хабарласуға болатыны айтылды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Оқи отырыңыз