МӘЙІТТІ МОНШАҒА КӨМІП КЕТКЕН

МӘЙІТТІ МОНШАҒА КӨМІП КЕТКЕН

Жанжал үстінде жақын санап жүрген досын өлтіріп, денесін жаңадан салынып жатқан моншаның ішіне көмген, онымен қоймай, қылмыс орнынан бой тасалап үлгерген қанішер қолға түсті. Күдікті өзге облыс аумағында ұсталды. Бұл туралы Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі өкілдері хабарлады.

Қанды оқиға Есік қаласында орын алған. Қайтыс болған 31 жастағы азамат жеке үйінің жөндеу жұмыстарына көмектесу үшін таныс досын шақырған. Түнде екі достың арасында жанжал туындап, 34 жастағы жігіт танысын өлтірген. Қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында марқұмның денесін құрылысы аяқталмаған моншаның ішіне көміп, еденді бетонмен құйып тастаған. Сөйткен де оқиға орнынан белгісіз бағытқа қарай жол жүріп, бой тасалаған.

«Жедел іздестіру шаралары барысында адам өліміне қатысты із суытқан күдікті Түркістан облысы аумағында қолға түсті. Қазіргі таңда ол Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Бұл фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,- деп атап өтті полиция өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Оқи отырыңыз