ҚАШҚЫН ЖҮРГІЗУШІ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

ҚАШҚЫН ЖҮРГІЗУШІ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Талдықорғандағы орталық көшелердің бірінде 12 жасар баланы қағып кетіп, оқиға орнынан із суытқан жүргізуші ұсталды. Оқушы жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан. Талдықорған полиция қызметкерлері жауапкершіліктен жеңіл құтылмақ болған темір тұлпар иесін небәрі бір сағаттың ішінде қолға түсірді.

Әртүрлі дене жарақатын алған бала облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің Баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға орнына шұғыл жеткен тәртіп сақшылары қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында қызметіне кіріседі. Жедел іздестіру шаралары кезінде полицейлер мұқияттылық танытып, қызметтерін кәсібилікпен орындады.

- Кешкі сағат 18:30 шамасында белгісіз автокөлік 12 жастағы ұл баланы қағып, оқиға орнынан із суытқаны туралы хабарлама түсті. Жедел іздестіру шаралары барысында «Ауди» көлігін тізгіндеген Талдықорған қаласының 23 жастағы азаматы жол-көлік оқиғасын жасады деген күдікке ілінді. Бір сағат ішінде күдіктінің мекенжайы анықталды және қалалық полицияға жеткізілді,- дейді полиция өкілдері.

Қазіргі таңда он екі жасар баланы қаққан жүргізушінің көлігі арнайы автотұраққа қойылды. Осы дерек бойынша тиісті сараптама тағайындалып, тексеру жұмыстары жүргізілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Оқи отырыңыз