ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ 16 КҮН

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ 16 КҮН

Талдықорған қаласында Алматы облыстық жергілікті полиция қызметінің қоғамдық көмекшілері - «Жалын» жасағы «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз» ұранымен флешмоб ұйымдастырды. Бұл - флешмоб нәзік жандыларды кемсітуге және құқығын шектеуге тосқауыл қоятын халықаралық Конвенция ережесіне сәйкес, дүниежүзі бойынша жыл сайын 25 қарашадан бастап 16 күн өтетін маңызды акцияның бастауы. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн акциясы отбасындағы күш көрсетудің алдын алу, ана мен баланы қорғау, «шағын мемлекет» аталатын отбасының қоғамдағы маңызын арттыру мақсатында өткізіліп отыр.

Ананы ардақ тұтып, қыздарға құрметпен қарау керек екенін барлығы түсінсе де, отбасында зәбір көрсету деректері тоқтаусыз тіркелуде. Тәртіп сақшылары таратқан ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынаста зорлық-зомбылық көрсету бойынша 31 қылмыс орын алған. Талдықорған қаласындағы Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына 25 әйел мен 36 бала жеткізіліп, оларға тиісті мамандар көмек қолын созған.

«Жалын» полиция жасағының мүшелері күннің суығына қарамастан, отбасы мүшелеріне жүрек жылуын сыйлау маңыздылығын түсіндірді. Баланың бақыты үшін анасын құрметтеу қажет екенін, ал отбасында қандай да бір зәбір көрсетілсе, ана мен бала қорғалатынын жеткізді.

Флешмоб соңында қатысушылар облыс тұрғындарына «Зорлық-зомбылықты тоқтату - бәрімізге жүктелген жауапкершілік!» деген үндеу тастады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Оқи отырыңыз