ІЛЕ АУДАНЫНДА ТАКСИСТ ТОНАЛДЫ

ІЛЕ АУДАНЫНДА ТАКСИСТ ТОНАЛДЫ

Алматы облысында өздері отырған көліктің жүргізушісін жаралап, қарақшылық жолмен ақшасы мен ұялы телефонын тартып алған екі азамат ұсталды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Полиция өкілдерінің айтуынша, оқиға Іле ауданы аумағында орын алған. Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні Іле ауданының полициясына автокөлік жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшыларының жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі азамат ұстады.

Алдын ала анықтау бойынша, 25 және 33 жастағы екі күдікті жол-жөнекей тоқтатқан көлік жүргізушісіне дене жарақатын салып қоймай, бөтелкенің сынығымен қорқытып-үркітіп, қалтасындағы ақшасы мен ұялы телефонын тартып алған.

Қазіргі кезде қарақшылық дерегі бойынша екі азамат күдікті ретінде қамауға алынды. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышында қамақта отыр. Аталған іс Іле ауданы полициясының өндірісіне жіберілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Оқи отырыңыз