ЕЛБАСЫ ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚ НӘТИЖЕСІН ТЫҢДАДЫ

ЕЛБАСЫ ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚ НӘТИЖЕСІН ТЫҢДАДЫ

Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы "Қазақпарат" агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Жиын барысында сыртқы факторлардың ұлттық қауіпсіздік ахуалына әсері және қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы жөніндегі мәселелер қаралды.

- Қазақстанға әсер ететін сыртқы факторлардың бар екенін бәріміз білеміз. Солардың ішінде Ресей мен АҚШ арасындағы санкциялық теке-тірес, Қытай мен АҚШ арасындағы сауда шиеленісі, Сириядағы ахуал және басқа да жағдайлар бар. Осыған байланысты бізге мәселелерді талқылап, тиісті шаралар қабылдау қажет, - деді Қазақстан Президенті.

Күн тәртібіндегі мәселені талқылау барысында ҚР Қорғаныс министрі Н. Ермекбаев Қарулы Күштердің биылғы оқу жылындағы әскери дайындығының және өткізілген оқу-жаттығулардың негізгі қорытындылары, сондай-ақ, әскердің жауынгерлік дайындығын арттыру жөнінде қабылданып жатқан шаралардың нәтижелері туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, жиын барысында қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын жаңғырту және қорғаныстың жаңа өндірісін игеру жөніндегі ұсыныстар қарастырылды. Басқосу қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Оқи отырыңыз