ШЫРША КЕСУДІҢ ЖАЗАСЫ ҚАНДАЙ?

ШЫРША КЕСУДІҢ ЖАЗАСЫ ҚАНДАЙ?

Тәртіп сақшылары «Шырша» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы барысында Алматы облысы Райымбек ауданында шренка шыршасын заңсыз кесудің екі дерегін анықтады.

49 және 27 жастағы азаматтар жаңа жыл мерекесіне дайындық барысында ауыл маңындағы орманнан  шыршаны заңсыз кесіп, үйлеріне алып келген.

- Орман қорына кіретін ағаштарды және бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оларға мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттеме жіберілді. Күдіктілердің кінәсі дәлелденген жағдайда, ірі көлемде айыппұл салынуы немесе қырық тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін, - деді Алматы облысының полиция өкілдері.

Мереке қарсаңында табиғи байлық, оның ішінде қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының өскіндерін заңсыз шабу, тасымалдау және сатудың алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың 11-31 желтоқсан аралығында «Шырша» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Осыған орай, тәртіп сақшылары Орман шаруашылығы қызметтерімен бірлесіп, арнайы жұмыс топтарын құрды. Орман қоры бар аймақтардағы автожолдар бойында бекеттер орналастырып, патрульдеу қызметін жүзеге асыруда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

 

Оқи отырыңыз