ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ҰЛТТЫҚ КОД

ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ҰЛТТЫҚ КОД

Қазақ тарихы қайта қарауды қажет етеді. Кешегі кеңестік кезеңде отарлық саясаттың қалыбына құйылып, жалтақ санамен жазылған әрі біржақтылау баяндалған бұйығы тарих ұрпаққа ұран емес. Үш ғасырлық бодандық салдарынан ұлт тұлғалары тұйықта қалып, жас буын елі мен жерін қорғаған батырды емес, қой баққан шопанға еліктеуге мәжбүр болды. Жан-жақты дерекке толы, Елбасының сөзімен айтсақ, ақ пен қарасы қабысқан, еуропацентристік көзқарастан арылған тарих қана құнды. Мұрағат түбінде шаң басқан шежіренің ақиқатын аршып, замана талабына сай цифрландыру – кезек күттірмес алғы міндеттің бірі. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын ой жіберіп оқыған адамның түйетіні осы тұжырым.

Рухани жаңғыру жұмысын ары қарай жандандырған Елбасының жаңа мақаласында бүгіннің биігінен бірқатар сара сөз айтылады. Әсіресе, Еуразияның алтын бесігінде орналасқан Ұлы Даланың арғы-бергі тарихынан сыр шертіліп, әдетте көңіл бөліп, назар аудара қоймайтын құндылықтар сан қырынан қайта парақталған. Соның бірі – атқа міну мәдениетінің қалыптасуы және соған орай ойлап табылған шалбардың шығу тарихы.
Ғасырлар бойы дала төсін дүбірге бөлеп, ат үстінде өмір сүрген көшпенді халықтың бүгінгі ұрпағы дәл осы дерекке үңіліп, жан-жақты зерттеп, табылған дәлелдерді мақтан тұта білуі керек. Ал өткенімен мақтана алмайтын, ондағы ерен ерліктерді үлгі көрмейтін жастардың жігері жасып, тауы шағыла бастайды. Елбасы өз мақаласында Қазақстандағы барша халықты өткенді өнеге тұтуға, әлемге мәдени кодымызбен танылуға шақырып, тарихи сананы тазартып, намысты, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуді көздеп отыр. «Қазақстан тарихы жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуы тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті», – деп Мемлекет басшысы айтқандай, Ұлы Даладағы әрбір құндылық әлі де зерделеуді, зерттеуді, ғылыми тұрғыда шынайы пайымдауды қажетсінеді. Егер тарихи ізденіс тереңдеп, ел ішінде жаңаша көзқарас қалыптасса, онда әлемге бай халықтық мұрамызбен ғана емес, тұрмыста тұтынған теңдессіз бұйымдарымызбен де танылуға мол мүмкіндік ашылмақ.
Қазақстан Президенті «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында шалбардың шығу тарихына тектен-текке тоқталып отырған жоқ. Бұған дейін мектеп бағдарламаларында, жалпы оқырманға ортақ Қазақстан тарихы еңбектерінде шалбарды Ұлы Даланы мекен еткен байырғы сақтар, ғұндар ойлап тауып, түрлі матадан кесіп-пішіп жасағаны жайлы үстірт айтылып келді. Алдымыздағы ағалар да, біз де, кейінгі ұрпақ та бірді-екілі сөз болып, шолақтау шолу жасалатын шалбар туралы тарихи ақпарға шөліркеп қалатынбыз. Өйткені, тереңірек үңілуге, тың салаға түрен салуға кез келген ғалымның тәуекелі жете бермесі анық. Бұл орайда арнайы ғылыми жұмыстар жазылмаса да, ең көне шалбарлардың қайдан табылғандығы, оның қай этностарға тиесілі екендігі жайлы энциклопедиялық мәліметтер кезігеді.
Мәселен, алғашқы көне шалбар көршілес Қытай жерінде, Шығыс Түркістан аумағында табылғандығы жөнінде деректер бар. Германия археологиялық институтының қызметкерлері тапқан құнды шалбар     3 мың жыл бұрын тігілген. Неміс тарихшылары Шығыс Түркістан аумағын ол дәуірде көшпенді түркілер мекендегенін ғылыми тұжырымдарға сүйене отырып келтірген. Ал біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда әлемде ерлер де, әйелдер де шалбар киюді білмеген.Тіпті, кейбір деректерде еуропалық әйелдер бертінде ғана, дәлірек айтсақ, Бірінші дүниежүзілік соғыс уақытынан кейінгі кезеңде ғана шалбар киюге көшкен. Оған отбасын асыраушы ерлерінің жаппай әскерге аттануы себеп болған көрінеді.
Осыдан алты жыл бұрын Алматы қаласында Қазақстан халқының материалды мәдени мұралары, оның қазіргі жағдайы мен келешегі жайлы ғылыми мәжіліс өткені көпшіліктің есінде. Сол жиында Ақмарал Сманова есімді ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы кең шалбар мен шапан киюді адамзат өркениетіне көшпенділер қосқанын, алайда бұл туралы деректер жоқтың қасы екенін мәлімдейді. Ғалымның сөзіне сүйенсек, дәл көшпенділердің киіміне қатысты деректер Қытай, Жапония, Сауд Арабиясы, Иран мұрағаттарында кездесіп қалуы мүмкін. Қазіргі таңда Шығыс елдеріндегі мұрағат мекемелеріне кіретін отандық ғалымдар некен-саяқ. Алайда дәл осы мемлекеттердің мұрағатына кіріп, көшпенділердің киіну формасын зерттеу міндеті енді туғандай. Елбасы мақаласы қазақтың киіну мәдениетіне деген жаңаша көзқарас қалыптастырды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ киімінің тарихына қатысты әр жерде ғылыми пайымдаулар бірен-саран көрсетілгенімен, ортақ тұжырым, дәйекті дәлел ғылыми айналымға түспегендігі байқалып отыр.
Қазақ киімі шалбармен шектелмейді. Мың сан ою-өрнегі бар сәукеле, бөрік, шыт орамал, кимешек, камзол, саптама етік, күпі, шапан, тымақ секілді ұлттық киімдеріміздің өзі ғылыми тұрғыда қайта зерттеп, денсаулыққа пайдасын медициналық жолмен дәлелдеу міндеті тұр. Әрине, бұл сөзіміз ғалымдардың ендігі тақырыбына түрткі болып жатса, құба-құп. Десек те, төскейде көшіп-қонған қазақтың күнделікті киімі де ықшам, табиғат талаптарына томпақ келмейтін, жеңіл де сәнді болуы тігін өнеркәсібінің қаншалықты жолға қойылғандығын паш етпей ме?! Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында тұратын, жиырма бес жылын Алматы қаласындағы тері комбинатында бас киім, шалбар тігуге арнаған С. Дүйсембекқызы матаны үлгіге салып, пішудің  өзі геометриямен ұштасқан үлкен ғылым екенін айтады.
– Киім тігуде әрбір миллиметр, әрбір сантиметр рөл ойнайды. Бір жерінде тігістен қателік кетсе, бүкіл киім формасына нұқсан келеді. Ондай киім сатылымға шықпай, өзімізге кері қайтарылатын. Шыны керек, шалбарды қанша тіксек те, шығу тарихы біздің бабаларымыздан бастау алатынын білмеппін. Елбасы мақаласы бүкіл елге ой салды. Кеңестік кезеңде ондай ұлттық құндылықтар айтылмайтын. Біз шалбарды талай жылдан бері қалыптасқан әледік әдіспен дайындадық, – дейді тігіншілікпен зейнетке шыққан С. Дүйсембекқызы.
Шетелдік ғалымдар көшпенділердің алды ашылатын күпәйкесіне қызығушылық танытып, пікір білдіргені жайлы мәліметтер ғаламторда жеткілікті. Әсіресе, шапанды солға қарай қапсыра жабуы тарих қойнауында қалып кеткен сақ дәуіріндегі киім үлгілерімен қатты ұқсас. Сондай-ақ, 1920 жылы батыстағы Ойыл мен Сағыз өзендерінің бойын мекендеген қазақтарға қатысты тағы бір дерек бар. Ол С. Руденко есімді тарихшының есімімен тікелей байланысты. Тарихшы батыстағы қазақтардың киім үлгісін бірнеше жыл зерттеп, шалбар мен күпәйкенің арғы тарихы 2000 жыл бұрынғы уақытпен жанасып жатқанын дәлелдейді. Қалай десек те, бұл ақпарат Алаш тарихы үшін әлі де аздық ететіні ақиқат.
Мемлекет басшысы соңғы жазған мақаласында: «Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болу үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша, кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды», – деп атап өтті. Ендеше, Елбасының осы сөзін тарихи дерекнаманың болашақтағы бағыты ретінде қарастырып, мұрағаттар, археологиялық қазба жұмыстары негізінде зерттеу жүргізуіміз қажет-ақ. Шынымен, ат құлағында ойнаған, ұрыс кезінде еркін қимылдаған көшпенді қазақтың киімі ықшам, ыңғайлы әрі жылы, денсаулыққа пайдалы, таза мал терісінен жасалып келгені даусыз. Мұндай киімдерді тігу әдісі көнедегі скиф мәдениетімен сабақтасады. Сонымен бірге, еуропалықтарға шалбар кигізуді үйреткен де ат мінген Ұлы Даланың перзенттері еді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Оқи отырыңыз