Заңсыз әрекет әшкере болды

Заңсыз әрекет әшкере болды

Еліміздің халықаралық дәрежесінің биік болуы – барша халықтың, барлық органдардың, құзырлы мемлекеттік мекемелердің басты мақсаты. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылып, биік межелер бағындырылуда. Қатардағы қарапайым қызметкерден ел басқарған лауазымды тұлғаларға дейін ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының абыройы биік, атағы асқақ, еңсесі жоғары болғанын қалайды. Сол арқылы халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, мәдени-рухани әлемі байи түсері анық. Алайда қоғам болған соң кейбір кемшін тұстар да, ұлттың ұятын оятатын, халықтың ар-намысын жанитын әрекеттер кездесіп жатады. Ондай жағымсыз істерді көбіне құзырлы органдар әшкерелеп, жалпақ жұртқа жариялап отырады. Онда да өзге салалар үлгі алсын, басқалар түзелсін деген оймен бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімет береді.

Облыстық прокуратурада өткен заңдылықты, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыспен күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында осындай өзекті мәселелер қаралды. Алқалы отырыста көтерілген тақырыптардың ішінде бірінші болып Көші-қон туралы заңнаманың орындалуы, заңсыз көші-қонның алдын алу сынды аса маңызды мәселе айтылды. Облыстағы барлық құзырлы органдардың – ішкі істер департаментінің басшылары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Сергей Потанин, облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров қатысқан жиынды облыс прокуроры Ғабит Миразов ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы болып баяндама жасаған облыстық прокуратураның 1-ші басқарма басшысы Сәбит Чембеков Жетісу жерінде заңсыз жүрген мигранттар туралы ауқымды мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, биыл облыс аумағынан тіркелген 160 мыңға жуық еңбек мигранттарының 134 мыңы көршілес Өзбекстаннан келгендер. Ал Қазақстан шекарасынан еңбек етіп, қаржы табу үшін өткен өзбектердің 31 мың 800-і ғана заңды тіркеуден өтіп, мемлекет бюджетіне 500 миллион теңге салық түсірген. Қалғандары салық төлемек түгілі еліміздің қаржысын шет мемлекетке заңсыз жолмен шығарып келген. Бұл миллиардтаған теңгенің желге ұшқандығымен бірдей. Елімізде жүрген осынша еңбек мигранттарының 13 мыңнан астамы соңғы 8 айдың ішінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып үлгерген. Олардың 500-ден астамы еліміздің аумағынан шығарылып, елдеріне қайтарылған. Ең сорақысы, шекарадан өтерде Қазақстанға келу мақсатын «жеке шаруамен» деп көрсеткендер еліміздің базарларында сауда жасайды, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын ашып, ел азаматтарын жұмысқа алады. Мысалы, Талдықорғандағы орталық базарда жеміс-жидек сатып, сауда жасайтын 20-дан астам өзбек азаматының үшеуінде ғана тұрғылықты жерде тұруға берілген ықтиярхаты бар. Мұндай заңсыздықтар Қарасай ауданына қарасты «Алтын Орда», «Барлық», «Зам-за» базарларында да көптеп кездеседі. Ондағы өзбек азаматтарына берілген көші-қон карточкасында Қазақстанға келу мақсаты «жеке шаруамен» деп жазылған. Және олардың еңбек ету мерзімін ұзарту толассыз жүргізіле береді. Мәселен, биылғы 8 айдың ішінде 31 710 адамға Қазақстандағы кәсібін жүргізу үшін рұқсат мерзімі созылған. Бұл шетелдіктердің емін-еркін тайраңдауына оп-оңай берілген рұқсат. Сонымен қатар, елімізге жұмыс істеу үшін келгендердің көпшілігі тіркелген мекенжайда мүлде болмаған немесе тұрмайды. Мысалы, Ұзынағашта жұмыс істеуге рұқсат берілген 4 шетелдік азамат Жамбыл ауылында тұрып, жұмыс істесе, Талғар, Қарасай, Көксу және Райымбек аудандарының азаматтары өз үйлеріне тіркелген шетелдіктерді мүлде көрмегенін айтады. Қаскелең қаласының Саламатов көшесіндегі №5 үйге тіркелген 4 Өзбекстан азаматын тексермек болып барған прокуратура мамандары бұл мекенжайда тіптен үй салынбағанын көріп, қайран қалады. Ал, Іле ауданында 7 шетелдік мүлде жоқ мекенжайға тіркелсе, Талғар ауданында 28 шетелдіктің тұрып, жұмыс істейтіндігі жазылған 4 мекенжайдың тіптен болмағандығы анықталды. Яғни, кез келген мекенжайға сырттай тіркеліп, ықтиярхат алатындарға көші-қон полициясының қызметкерлері қолдау көрсетіп отыр. Осындай заңсыздықтар үшін шетелдіктер жауапкершілікке тартылуы тиіс болатын. Алайда оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Қараусыз, тексерусіз жүрген шетелдіктер түрлі қылмыс пен заңбұзушылыққа барады.
Осыған байланысты облыс прокуроры Ғабит Миразов облыстық көші-қон полициясы басқармасының басшысын мінберге шақырды. Үйлестіру кеңесінің отырысына басшысының орнына келген орынбасары, полиция подполковнигі Қанат Еселбаев айтылған мәліметтер мен келтірілген деректерге көші-қон полициясының қатысы жоқтығын айтып ақталған болды. Алайда бұлтартпас дәлелдерге не деп жауап берерін білмей, күмілжіген полиция подполковнигі Қанат Еселбаевқа қарата Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Сергей Потанин сын айтып, мұндай жауапсыздықтың жазасы оңай болмайтынын ескертті. Өз кезегінде: «Біз барлық шетелдіктердің қылмыстылығын тексеруге қақымыз жоқ», – деген басқарма басшысы орынбасарының сөзі Үйлестіру кеңесінің мүшелерін қайран қалдырды. Сонда сырттан келетін арзан жұмыс күшінің сотты болмағандығын анықтау қай органға тиесілі? Ең сорақысы, елімізде қылмыс жасап, ұзақ мерзімге кесілетін шетелдіктер жазасын толық өтегенше елдің бюджетінен азықтандырылады. Яғни, еңбекпен түзеу колониясындағылардың шығынына шетелдіктер де үлес қосады. Ондай қылмыскерлердің ішінде көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей секілді елдерден келетіндер бар. Өткен тамыз айында Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мамандары еліміздің екі азаматын лаңкестік әрекет жасауға дайындаған қырғызстандықты құрықтағаны белгілі. Әлгі қырғызстандық 2009 жылдан бері елімізге 20-дан астам рет кіріп, шыққан. Оның ішінде тек 7 рет қана уақытша тіркеуге тұрып, 4 рет тіркеу мерзімін кешіктірген. Алайда осындай әрекеттері үшін бірде-бір жауапкершілікке тартылмаған. Сонда ел іргесінің бүтіндігін, мемлекеттің тыныштығын, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті көші-қон полициясы шекарадан өтетін қылмыскерлерді осылай емін-еркін тайраңдатып қоя ма?! Оған да жауап жоқ.
Әдетте көршілес Қытай Халық Республикасынан ата-баба мекені ретінде Қазақстанға келушілерден сотталмағанын растайтын құжат сұрайтын көші-қон полициясына көбіне оралмандар шағымданады. Олардың айтуынша, Қытайда сотталған адамға сыртқа шығатын паспорт бермейді. Ал, шетелге шығу үшін берілетін төлқұжат әрбір адамның қылмысты болмағандығының кепілі. Осыны ұғынғысы келмейтін көші-қон полициясындағылар қандастарымыздан сотталмағандығы туралы анықтама сұрап, зар қақсатады. Ақыры болмаған соң ата-бабасының кіндік қаны тамған жерге аяқ басқысы келетіндер Қазақстанда уақытша тұруға ықтиярхат алу үшін кез келген қадамға мәжбүр. Онда да ертерек келген оралмандардың пысықтары көші-қон полициясындағы таныстарын араға салып, делдалдықпен кедергіні оңай шешеді.
Үйлестіру кеңесінің отырысынан кейін жауапты орган өкілдеріне бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беруді тапсырған облыс прокуроры Ғабит Миразов:
– Еліміздің заңнамалық актілерінде көрсетілген міндеттер толық орындалуы үшін бәріміз біркісідей жұмылып жұмыс істеуіміз керек. Әйтпесе, мемлекетіміздің бүтіндігіне, ынтымағы мен береке-бірлігіне нұқсан келтіретін жағымсыз әдеттер кеңінен тарала береді. Ондай жағымсыз әрекеттердің алдын алу бүгінгі күннің басты талабы, – деп заңдылықты, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыспен күрес жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің отырысын қорытындылады.
Алқалы жиында есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымының алдын алу, есірткіқұмарлықты жою бойынша 2015–2016 жылдары атқарылған жұмыстар және құқық қорғау органдарында тіркелген айғақтық заттарды есепке алу, сақтау, өзге құзырлы органдарға өткізу, жою кезіндегі заңдылықтың сақталуы сынды мәселелер қаралды. Олардың әрқайсысы бөлек-бөлек тоқталып, жеке зерттеуді қажет ететін тақырыптар. Алдағы уақытта бұл мәселелер жайында толығырақ жазатын боламыз.

Мәди Алжанбай

Оқи отырыңыз