Алқада айтылған арналы сөз

Алқада айтылған арналы сөз

Алматы облысында 3 мыңнан астам жетім бала бар. Олардың 500-і жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған жеткіншектерге арналған үйлер мен ұйымдарда тұрып жатыр. Сонымен қатар, жыл сайын шамамен 350 бала сот шешімімен әке-шешесінен ажыратылып, мемлекеттік мекемелерге беріледі. Осындай сәбилер мен жасөспірімдердің қатарында мүмкіндігі шектеулі балалар да мүгедектіктің зардабын тартып жатыр. Тағдырдың ауыртпалығын жастайынан тартқан жетім балалардың жағдайына селқос қарап, оларды шеттету қоғамда байқалып қалатын құбылыс. Осыған байланысты өңірлік прокуратура тексеру жұмыстарын жүргізіп, анықталған заңбұзушылықтарды облыстық әкімдікте өткен прокуратураның алқа мәжілісінде көпшілік назарына ұсынды.

Алматы облысында 3 мыңнан астам жетім бала бар. Олардың 500-і жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған жеткіншектерге арналған үйлер мен ұйымдарда тұрып жатыр. Сонымен қатар, жыл сайын шамамен 350 бала сот шешімімен әке-шешесінен ажыратылып, мемлекеттік мекемелерге беріледі. Осындай сәбилер мен жасөспірімдердің қатарында мүмкіндігі шектеулі балалар да мүгедектіктің зардабын тартып жатыр. Тағдырдың ауыртпалығын жастайынан тартқан жетім балалардың жағдайына селқос қарап, оларды шеттету қоғамда байқалып қалатын құбылыс. Осыған байланысты өңірлік прокуратура тексеру жұмыстарын жүргізіп, анықталған заңбұзушылықтарды облыстық әкімдікте өткен прокуратураның алқа мәжілісінде көпшілік назарына ұсынды.Облыс әкімі Амандық Баталов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева, ҚР Бас прокуратурасының «Кәмелетке толмағандар туралы» Заңдардың қолданылуын қадағалау жөніндегі бөлім бастығы Панагүл Шыныбаева, «Милосердие» қайырымдылық қоғамының директоры Аружан Саин қатысқан жиынды облыс прокуроры Ғабит Миразов ашып, жүргізіп отырды. Облыстық құқыққорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, бірқатар аудан мен қала әкімдері және олардың орынбасарлары, облыстық прокуратура жанындағы консультативті кеңес және Талдықорған қалалық қоғамдық палатасының өкілдері, облыстық білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары, балалар мен нәрестелер үйлерінің директорлары шақырылған алқалы жиында баяндама жасаған облыстық прокуратураның 1-ші басқарма басшысы Сәбит Чембековтың айтуынша, облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 7 мемлекеттік мекемелер жұмысында көптеген заңсыздықтар байқалған. Атап айтқанда, жекелеген балалар үйінде нәрестелер мен тәрбиеленушілерге берілетін тамақ белгіленген нормадан азайып кеткен.
– Балалар үйіндегі асханаларда қауіпті ауруларды тудыратын ішек таяқшалары анықталып отыр. Олардың тамағына қосылатын ет өнімдерінің қайдан алынатыны белгісіз. Балалардың мүліктік құқықтарын бұзу әдетке айналған. Жетім балаларды бастапқы және өңірлік есепке қою шаралары өрескел бұзылған. Бала асырап алу жүйесін жайлаған сыбайлас жемқорлық пен бюрократиялық әрекеттердің нәтижесінде бала асырап алғысы келетін жандарға кедергі келтірілуде, – деген баяндамашы бұл тұжырымына көптеген дәлелі барлығын атап өтті. – Жетім балаларды бастапқы және өңірлік есепке тіркеу шараларының дұрыс жүрмеуі бала саудасы мен жемқорлықты туындатады. Мысалы, Жаркент қаласындағы облыстық жетім балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушісі И.И.Нейфельд өңірлік есепке бес жылдан соң бір-ақ тіркелген. Тіркеу мерзімінде көптеген заңбұзушылық байқалған мұндай балалардың саны 40. Ал, Талдықорған қаласындағы сәбилер үйіндегі 8 бала бастапқы және өңірлік тіркеуге мүлде қойылмаған. Туған-туыстарының бағуына алынған балалардың бәріне бірдей қамқорлыққа алу құжаттары жасалмаған. Соның кесірінен ондай балалар әлеуметтік жәрдемақы алу құқығынан айырылып отыр. Мәселен, 3 айлық кезінен әжесінің тәрбиесіне алынған 8-сынып оқушысы А.Е. Шакаеваның әкесі осыдан 6 жыл бұрын қайтыс болған, анасының қайда жүргені белгісіз. Осы уақытқа дейін әжесінің зейнетақысына қарап келген жасөспірім мемлекеттен берілуі тиіс жәрдемақыны қамқорлық органдарының дұрыс жұмыс істемеуінен алмай келген. Бұл мәліметті Алакөл ауданы Жайпақ ауылдық округінің әкімінен, мектеп директорынан өзге тұрғындардың бәрі жақсы біледі. Осы ауданның Қарабұлақ ауылдық округіндегі туыстарының қарауына алынған 4 балаға да қамқорлыққа алу туралы құжаттама жасалмаған. Сондай-ақ, Камзанов есімді тұрғынның жетім балаларына жәрдемақы берілмеген. Онда да құжаттарын дайындау кезінде мамандар жетімдердің әжелеріне мемлекеттен қолдау ретінде жәрдемақы алуға болатынын түсіндірмеген. Алакөл ауданындағы 7 балаға қамқорлық құжаттамасы әбден кешіктіріліп жасалған. Осы ауданда тұратын С.А. Мырзақанова есімді азаматша екі баласына берілетін жәрдемақыны 2015 жылдың қарашасынан осы уақытқа дейін алмай келген. Оған ата-анасының бірінің келісімі жоқтығы кедергі келтірген. Дегенмен, жергілікті әкімдік С.А. Мырзақанованы балалардың қамқоршысы деп танып, қамқорлыққа алу құқығының дұрыстығын анықтаған. Бюрократиялық кедергі балаларға берілуі тиіс жарты миллион теңге жәрдемақыны кешіктірген. Қазір осы іске жауаптыларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мұндай заңсыздықтар балалар үйлері мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мемлекеттік мекемелердің көпшілігінде кездеседі. Ең сорақысы, жетімдердің жеке есеп карточкасындағы қаржыны жымқыру деректері анықталған. Балаларды банкке алдап апарып, керекті ақшасын алған тәрбиешілер жауапқа тартылып, шығындар толығымен қалпына келтірілген. Одан бөлек, бала-шағасына алимент төлеуден жалтарған 98 адам анықталып, соттың қарауына берілсе, бала саудасын  жүргізушілердің жолы кесілген. Мәселен, прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары 2014 жылы Лапшина есімді жетімді Италия азаматтарының заңсыз жолмен елден әкетпек болғанын анықтап, қылмыскерлердің жолын кескен. Осы оқиғаға Бас прокурор   араласып, заңсыздықтың алдын алғаны белгілі. Жақында ғана облыстық перзентханада 10-нан астам баланы саудаламақ болғандар сотталған. Есік қаласындағы аудандық перзентхананың қызметкері жаңа босанған әйелді баласын 35 мың теңгеге саудалауға көндірген. Осыған байланысты қозғалған қылмыстық іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Тізе берсек, мұндай заңсыздықтар облыстың барлық аймағында кездеседі. Сонымен қатар, жетімдерді баспанамен қамту деңгейі төмен. Мәселен, 2014–2015 жылдар аралығында кәмелеттік жасқа толған 226 жетім мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алған. Одан бөлек, жетімдердің меншігіндегі жылжымайтын мүлкін заңсыз пайдаланып, түскен табысты өздері қолданып келген балалар үйінің жетекшілері анықталып, жауапкершілікке  тартылды. 
Мемлекеттен бөлініп отырған қаржыны тиімсіз пайдалану деректері де көптеп кездеседі. Мәселен, «Қамқор» мекемесі құны 2 жарым миллион теңге тұратын құрылғыны 5 жыл бойы қолданбаса, Шелек ауылындағы сәбилер үйі «Биоптрон» атты медициналық техниканы 1 жарым жыл бұрын сатып алып, осы уақытқа дейін орамынан шығармаған.
Баяндамашы келтірген деректерді мұқият тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов Жетісу өңіріндегі жетім балалардың мәліметтері жинақталған электронды карта жасауға көмектесетінін, биыл Талдықорған қаласында жетім балаларға 60 пәтер берілгенін, сонымен қатар, «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен тағы 100 пәтер жетімдерге сатылып алынғанын жеткізді. Осыған байланысты балалар үйі мен мектеп-интернатты бітіруші жетім балаларға үй сатып әперуді дәстүрге айналдыру  қажеттігін атап өтті. Жетімдердің құқын қорғау мәселесі өзекті екендігін еске салған өңір жетекшісі жауапты сала басшыларына тапсырма беріп, прокуратура мамандарына облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Зағипа Балиева, Аружан Саин, Панагүл Шыныбаева балалар арасындағы өз-өзіне қол салудың алдын алу өзекті екендігін атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін, ол үшін мектеп психологтарына үлкен жауапкершілік жүктелетінін ескертті. Сонымен қатар, Парламенттегі Бала құқықтары жөніндегі комитетке қажетті мәліметтер жүйесін құру, көпшілікке жетім балаларды бағып алу мәселесінің сауапты іс екендігін түсіндіру керектігі мәселе болып көтерілді. Өйткені, жетімі мен жесірін жылатпаған халқымыздың ғасырлық тәжірибесі қолданысқа енгізілгенде ғана еліміздегі балалар үйінің саны азаяды. Осыған орай облыс әкімі Амандық Баталов қажетті көмекті беруден тартынбайтынын, жетім баланың жасын сүртудің сауапты іс екендігін айтып өтті.
– Мұндай заңсыздықтардың орын алуына бәріміз кінәліміз. Жетімнің нәпақасын жеп, мемлекет қаржысын заңсыз жолмен жымқырушылар жауапсыз қалмауы тиіс. Сол үшін әрбір жетім баланың мәліметтері жинақталатын жүйе жасалып, суицидті болдырмауға қатысты жұмыстар толассыз жүруі керек. Балалар үйлерін азайтуға күш салғанымыз жөн, – деген облыс әкімі көпшілікті жақсылық жасауға шақырды. – Жетімнің нанын тартып жеуден қорқу керек қой. Адам көрмегенді Алла көреді. Шындығында кімнің не істеп жатқанын Жаратқан Алла көріп тұр. Менің есімнен Қожа Ахмет Иассауидің басынан өткен бір оқиға шықпайды. Ұстазы сабақ оқып жүрген 20 шақты шәкіртін жинап:
– Әрқайсың бір-бір тауықты Құдай көрмейтін жерге апарып, сойып келіңдер! – деп тапсырыпты. Сонда өзге шәкірттері берілген тапсырманы орындап, тауықты өздері білетін жерде сойып келсе, жалғыз Ахмет Иассауи ғана тауықты бауыздай алмапты. Сосын ұстазына:
– Мен Құдай көрмейтін жерді таппадым, – деп жауап беріпті. Міне, ұлы ғалым айтқандай, әрбір адамның Жаратқан Алла тағаланың назарынан тыс қалуы мүмкін емес. Сондықтан жетім-жесірді жылатуға болмайды. Ондай әрекет тіптен болмауы тиіс. Балалар үйінде тәрбиеленушілерді өз балаларымыздың орнына қойып көрелікші. Сонда ғана ненің не екендігін ажыратамыз. Жетімдерді өз баламызбен тең көргенде ғана жанашырлық оянады. Балалар үйіндегі мамандарды іріктеуде осы қасиет басты анықтауыш болуы керек.
Жиын аясында Жетісу өңіріндегі балалар үйлері мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мемлекеттік мекемелердің жай-күйін сипаттаған бейнефильм көрсетілді. Жиынды қорытындылаған облыс прокуроры Ғабит Миразов жетім балалардың хал-ахуалын қадағалау жұмыстарының толастамайтынын, мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуын тексерудің жалғасатынын жеткізді.

Мәди Алжанбай

Оқи отырыңыз