Ұлы даланың генералдары

Ұлы даланың генералдары

Бар ғұмырын ат үстінде алдаспан асы­нып өткізген өр Махамбет айтпақшы, «ең­ку-еңку жер шалмай, егеулі найза қолға ал­май, ерлер­дің ісі біткен» емес. Ерге бес қа­руын асы­нып, етігімен су кешсе ғана жа­расар. Ер ер екенін танытқысы келсе, ал­тын ұя – Отанын сын сағатта соңғы де­мі қалғанша қорғаса керек-ті. Махам­бет жыр­ға қосқан «ерлердің ісі» сонда ға­на бі­те­ді. Ұлан-ғайыр жердің әрбір ұлт­арақ­тай бөлшегі мен «сары бала, қара қа­зан қа­мы» үшін атқа қонған қазақ көп. Ке­ше­гінің сом бі­лек­ті, ақ найзалы батыр­лары мен бүгін­гінің генералдары топтас­ты­рыл­ған жаңа кітап жарыққа шықты. Әлі сиясы кеппеген жи­нақ «Ұлы даланың гене­рал­дары» деп ата­лады.

Жаңа кітап Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы қорының қол­дауы­мен жарық көрді. Кітаптың ең басты ерекшелігі, қазақ халқының арғы-бергі тарихында қол бастаған батырлардың қоғамдық-саяси өмір­дегі қызметі мен ерлігі беріл­ген. Сондай-ақ, бүгінгі жоғары әс­кери шенділердің ерлікке бас­тай­тын өнегелі ғұмырынан да сыр шер­тіледі. Әсіресе, Қазақ хандығы тұсындағы жасақтың әскери құ­ры­лымы, мыңбасы, түменбасы, ноян сияқты шендерге жан-жақты түсі­ніктеме беріледі.

Шыңғысхан тұсында қалып­тас­қан әскери құрылым атаулары Қа­зақ хандығының жасағында да жал­ғасын тапты. Кітапта Алтын ор­да, Ақ орда және Көк орда ке­зеңін­дегі қаған атауын оқырманға бүгінгі лауазыммен түсіндіреді. Тарихтағы әскери құрылымдардан тамыр тартқан кітап өте мазмұнды. Ол дәуірде де әскери сала жан-жақты жетілген еді. Қол бастаған батырлардың қатарындағы Мұқали да бүгінгінің тілімен айтқанда ге­не­ралиссимус – ең жоғары әс­кери атақ иегері болған. Авторлар жи­нақ­та Ресей империясы кезіндегі туыстық мұрагерлікпен берілетін генералдық шенге де тоқталады.

«Ұлы Дала генералдарының» оқырмандарына арнап Елбасы кі­таптың алғашқы бетіне алғысөз жаз­ған. Мұнда жаңа жинақтың арқау еткен тақырыбы мен қысқа­ша мазмұны қамтылған. Әрі кітап­тың болашақ ұрпаққа отан­сүй­гіш­тік тәрбие берудегі маңызы айты­лады. «Бұл кітап бар ғұмырын Отан­­ға қалтқысыз қызмет етуге ар­наған Қазақстан генералда­ры­ның ерен ерлігі жайында баяндайды, – дейді Мемлекет басшысы алғы­сөз­де. – Әскери мамандықтың ең нә­зік тұстарына дейін толық мең­гер­ген, бар қиындықтарды ең­сер­ген және Отанға риясыз қызмет етудің бүкіл сатысынан өткен адам ғана генерал атанады. Бұл – шын мәнін­де өз тағдырынан сан толғаулы әңгіме айта алатын әрі қайсар, әрі ең мықты жандардың жолы».

Жаңа кітап қазақстандық гене­ралдардың бірнеше буынын әңгі­ме­лейді. Сонау ХVІІ ғасырдан бастап бүгінге дейінгі әскери шенділердің ер­лікке толы өмірі, атап айтқанда, со­ғыс ардагерлері мен қазіргі таң­дағы қауіпсіздік саласының, құқық қорғаушылардың ерен істері кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Атап өтерлігі, кітапқа генерал шенін абыроймен арқалаған біздің облыс­тың мақтаныштары да еніпті.

Кітапта 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Ғабит Миразовтың мағыналы да жарқын өмірінен сыр шертіледі. Жамбыл облысының Жуа­лы ауданында туған ол еге­мен­діктің қарсаңында Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін тамамдайды. Ғабиттың әкесі Төре Ұлы Отан соғысына қатысқан өне­ге­лі адам. Болашақ прокурор көп ба­лалы отбасынан шықты. Анасы Зухра жеті баланы тәрбиелеп өсірді. Әке­сі тәрізді Ғабит те екі жыл Ау­ғанстандағы шиеленіскен ұрыстарға қатысады. Міне, содан бергі ширек ға­сырда прокуратура саласында абы­­ройлы еңбек етеді. Алматы, Қап­шағай қалаларында, Ақмола, Оң­түстік Қазақстан облыстарында жұ­мыс істеді. Бүгінге дейін ІІ дәре­желі «Даңқ» орденімен марапат­тал­ған әрі прокуратураның Құрметті қызметкері, сондай-ақ, І дәрежелі озаты.

Облыс прокуроры Ғабит Мира­зов­тың сыбайлас жемқорлықты жою бағытында атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Елбасы өзінің халыққа Жол­дауында сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күресте мемлекет пен халық біртұтас майдан ашуы керектігін, жемқорлықтың жай ғана құқық бұ­зушылық еместігін, оның мем­ле­кет­тің тиімділігіне қатысты се­нім­ге сел­кеу түсіріп, ұлттық қауіп­сіздікке қатер төндіретінін атап өтіп, күрес заңнамасын жетілдіру арқылы аса қауіпті қоғамдық дертті түбірімен жою қажеттігін ескерткен болатын. Ғабит Төреұлы осы бағытта об­лыс­тық прокуратура органдарының сы­байлас жемқорлықпен күрес туралы заңнама талаптарының сақталуына баса назар аударып отыр.

«Бұл жұмыс негі­зін­де жауапты мемлекеттік қыз­мет атқарып отыр­ған лауазым иелерінің мем­леке­ті­міз­ге және азаматтарымызға едәуір зиян кел­тіріп отырған құқықбұзу­шы­­лықтарын анықтап, олардың жо­лын кесуге бағытталуда, – дейді об­лыс прокуроры өзінің «Жегіқұрт» атты мақаласында. – Анықталған заңбұзушылық­тарды жою шарала­ры міндетті түрде қолданыла оты­рып, тиісті тексерулер жүргізеді, заң­дарға түсінік беріп, бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жария­лайды».

Ғабит Миразовтың айтуынша, мемлекеттік сатып алулар мен жер қатынастарында сыбайлас жемқор­лық жиі кездеседі. Дауларды сот ар­қылы шешу кезінде де жең ұшы­нан жалғасқан әрекеттер баршылық. Про­курор мұндай жымысқы әре­кет­тен кеден бекеттері де қалыс қалып отырмағанын айтады. Мақала түйі­нінде жемқорлықтың жегіқұрт екені көрсетіліп, мемлекет мүддесінен өз пайдасын артық көретін лауазым иелерінің заңсыз әрекеті жазасыз қалмау керектігі сөз болады. Соны­мен қатар, облыста кәсіпкерлердің, кәмелетке толмағандардың құқық­тарын қорғау бағытында да өрелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Алаяқтыққа қарсы әрекет ету де бүгінгі таңда өзекті. Мұндай келең­сіз әрекетке ұрынғандар қоғамда көп. Заңсыздықтың үлкені яки кі­шісі болмайтынын Ғабит Төреұлы осындайда үнемі айтып келеді. Тұрғындармен ортақ түсінікте болу үшін облыс прокуроры «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп қоғамдық қа­былдау өткізіп тұрады. Сондай-ақ, Ашық есік күндерін ұйым­дас­ты­рады. Ғабит Миразов заңды белден басқан жымысқы әрекеттердің қай-қай­сысы да жазасыз қал­май­тын­ды­ғын, олардың қылмысы көп ұзамай әшкереленетінін түсіндіру­ден тан­ған емес.

Мәселен, осы аптада ғана облыс прокуроры Ғабит Миразов «Нұр Отан» партиясының облыстық фи­лиа­лында азаматтарды қабылдады. Келушілердің өтініштері негізінен қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысы органдарының шешімдеріне шағымдармен, азаматтық істер бойынша сот актілеріне, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық салаға байланысты болды. Ғ.Миразов өті­ніш иелерінің уәждеріне жан-жақты тексеріс жүргізуді, заңдылықтың  бұ­зылуы анықталған кезде, про­курор­лық қадағалау актілерін ен­гізуді және бұзылған құқықтарды қал­пына келтіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Осындай игі іс­тер мен бастамалар прокуратура саласында күнде жалғасын тауып жатады.

Ұлттық қауіпсіздіктің генерал-майоры Сәбит Құрманәлиевтің есімі жаңа жинақта ерекше аталады. Ол Хантәңірінің баурайында балалық шағын өткізді. Жалаңаш ауылын­дағы орта мектепті аяқтаған соң Жол құрылысы институтына оқуға түседі. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін «автомобиль және автомобиль шаруашылығы» мамандығын алып шығады. Ал 2001 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «құ­қықтану» мамандығын мең­ге­ре­ді. 1994 жылдан бері ұлттық қауіп­сіздік саласында абыроймен жұ­мы­сын жалғастырып келеді. 2013 жыл­дың қарашасында ҚР ҰҚК облыс бойынша департамент басшысы болып тағайындалды. Осы аралықта ол өз саласындағы мінсіз қызметі үшін көптеген марапат алды. Атап айтқанда, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ұлттық қауіпсіздікті қамта­масыз етудегі үлесі үшін» медаль­дары мен «Құрмет» орденінің ие­гері. Былтыр ғана Сәбит Тұңғыш­байұлына жоғары офицерлік арнайы атақ – ұлттық қауіпсіздіктің гене­рал-майоры шені берілді.

Полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмхановтың құқық қорғау сала­сында жүріп өткен жолы кітаптың 404-ші бетінде тұр. ҚР Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қыз­меткері 1963 жылы Сарқан ауда­нын­да туған. Қарағандыдағы Ішкі істер министрлігінің жоғары мек­тебін құқықтану мамандығы бойын­ша аяқтаған түлекке танымал актер­лар В. Высоцкий мен В. Конкин сомдаған милиционерлердің қалт­қысыз қызметі үлкен әсер қалды­ра­ды. Содан бергі отыз жылдан астам уақыт бойы құқық қорғау қызметін атқарып келеді. Бүгінде облыстық ішкі істер департаментінің бастығы. Сонымен бірге, ол «Ерлігі үшін», «Ішкі істер органдарына мінсіз қыз­меті үшін», «Ішкі істер орган­да­ры­ның ардагері» сынды медаль­дармен марапатталған.

Облыстық ІІД бастығы Мұрат Жәлелұлының да бастамасы көп. Жарқын істердің жанында қашанда жақсы жүреді ғой. Атап айтқанда, көршілер бақылауы арқылы облыста қоғамдық тәртіп орнай бастады. Бұл – қылмысты алдын алудың ең кең таралған тиімді тәсілі. Оның мақ­саты – үйді және есік алдын неғұр­лым қауіпсіз ету. Ол үшін әр тұрғын көршілерімен бірлесіп, өз үйін қыл­мыскерлерден қорғауы тиіс. Бұл тәртіп сақшыларына айтарлықтай кө­мек. Себебі, тұрғындар тәртіп бұ­зушылықты немесе күдік туды­ра­тын оқиғаларды көзі шалып, де­реу полицияға хабарласа, қыл­мыс­керді тез арада ұстау мүмкін бо­лады. Көршілер бақылауына әр­кім өз еркімен қатысады. Себебі, адам өз қауіпсіздігіне ең бірінші өзі жауап­ты. Сондықтан, үй шаруашы­лы­ғын­дағы адамдар, зейнеткерлер, бала­лар аулада, подъезде не болып жат­қандығын терезеден не болмаса есік­тің көз әйнегінен бақыласа, жұ­мысбасты тұрғындар үй арасын­дағы ұйымдастыру жұмыстарын мойындарына алады. Қоғам тара­пынан осындай бірлескен жұмыс көшеде және қоғамдық ортада орын алатын қылмыстардың санын азайт­пақ.

Тағы бір атап кететін жайт, ге­нерал-майор Мұрат Ұрұм­ха­нов­тың бастамасымен Алматы облысында спорт кешені ашылды. Спорт – тәннің сауықтырушысы. Дені сау­дың – денесі ширақ. Өткен ғасыр­дың 80-ші жылдарының ортасында са­лынған ғимаратқа қосымша ны­сан­дар салынып, кешен жаңарып шыға келді. Облыстық ІІД басшы­сы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмхановтың өтініші бойынша облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен қайтадан жаңғырған нысанның құрылысына 365 мил­лион 504 мың 652 теңге жұмсалды. Жиналғандарға бокс және күрес залдарын, жүзу бассейнін, фитнес жаттығу залын, волейбол және бас­кетбол залдарын, шағын асха­намен таныстырған ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов көпшілікті кешеннің ашылу салта­натына арналған шағын футбол және волейбол ойындарының фи­нал­дық жарысына бастады.

Спорт біріншілігіне облыстық әкімдік, ҰҚК облыстық департа­менті, облыстық ішкі істер депар­та­менті, Алматы қаласының ішкі істер департаменті, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес агенттігінің об­лыс­тық департаменті, төтенше жағ­дай­лар департаменті командалары қатысып, тартысқа толы кездесуде бақ сынап, ең үздіктер арнайы ку­бок және бағалы сыйлықпен мара­патталды. Мұрат Жәлелұлы – қа­шан­да маңайына спортпен сергек­тік сыйлап жүретін ширақ жан. Генерал-майор нөлдік төзбеушілік бойынша да жарқын жұмыстардың бас­тамашысы. Сонымен бірге, учас­­келік инспекторларға арналған тұрғын үй кешенін салуды қолға алды. Шалғайға қызмет ауыстыр­ған тәртіп сақшылары баспанадан қиындық көрмеуі тиіс. Сақшы от­басын жайлы баспанаға орналас­ты­рып, қызметін алаңсыз жалғастыра білгені абзал. Әрі үйі қызмет ор­ны­на жақын болады. Осындай игілікті істің басы-қасында облыстық ІІД бастығы жүретіні қуантады.

Жаңа жинақты «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып, баспаға ұсынған. Аталған кеңес екі дүркін Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов пен ҚР Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағам­бетов­ке, Алматы облысының әкімдігіне, бірнеше қор мен кәсіпорындарға алғыс айтқан. Кітап – жоғары оқу орындарындағы курсанттарға, әс­ке­ри-патриоттық салаға қызығатын адамдарға таптырмас рухани құрал. Әсіресе, генерал болуды арман­дай­тын кез келген қатардағы жауынгер үшін кітаптың құны жоғары.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

 

 

Оқи отырыңыз