Қылмыс саны азайды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жергілікті полиция – халықтық полиция» атты баспасөз мәслихаты өтті.

Жиында баяндама жасаған облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Шыңғыс Сабуровтың айтуынша, Елбасының тапсырмасымен құрылған Жергілікті полиция қызметі өз жұмысын бастағалы бері Жетісу жерінде отбасылық кикілжіңнен туындайтын тұрмыстық қылмыс саны күрт азайған. Сондай-ақ, былтыр облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен 389 миллион теңге бөлініп, оларға 60 қызметтік автокөлік, 15 «Крис-П» жылжымалы фоторадар және бейне материалдарды жинақтайтын 4 станция алынды.
Өткен жылы тәртіп сақшысының отбасына арналған үймен қамтылған 5 учаскелік полиция бекетінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Келешекте учаскелік полиция бекеттері толықтай баспанамен қамтылып, мамандардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалады.
– Биыл 62 учаскелік полиция бекетін тұрғызу және учаскелік полиция инспекторлары, жол-патрульдік полиция, ювеналдық полиция қызметкерлері үшін 107 жаңа автокөлік алу жоспарланып отыр, – деген Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Шыңғыс Әбдірахманұлы басқа да мәліметтерді таныстырды. – Бүгінде облыс аумағындағы қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көптеген іс-шаралар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, қылмыстық жағдай ескеріле отырып былтыр «Тұрмыс», «Рецидив», «Надзор», «Учаске», «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада», «Қауіпсіз жол», «Мас жүргізуші», «Автобус» сияқты жедел іс-шаралар жүргізіліп, «Мектепке жол» сынды акциялар өткізілді. Осындай шаралар нәтижесінде өткен жылы қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 1,3 пайызға, оның ішінде көше қылмысы 5,3 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, көшелерде орын алған ауыр қылмыстар саны 12,7 пайызға, аса ауыр қылмыстар қатары 42,1 пайызға азайды. Одан бөлек, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып отырмыз. Мысалы, былтыр жол-патрульдік полиция бөліністері жол жүру ережелерін бұзу бойынша 211 мың 732 әкімшілік хаттама толтырды. Оның ішінде мас күйінде көлік тізгінін қолға  алған 2 мың 586 жүргізуші бар. Соған байланысты мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында өткен жылы 233 тұлға мәжбүрлеп емдеу үшін арнайы мекемелерге жіберілген.

Иә, қоғамның тыныштығын, жолаушылардың амандығын сақтау мақсатында осындай қадамдарға бару да керек. Себебі, шектеулерге қарамастан заң бұзудан тайынбайтын жүргізушілер әлі де бар. Әсіресе, жол полициясы ала таяғын тастағалы ондай өрескелдіктер көбейіп кеткен. Осыған орай, Парламент Мәжілісінің отырысында осы мәселе қайта қаралуда.

Мәди АЛЖАНБАЙ

 

Оқи отырыңыз