ЖАҢҒЫРУ - ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ

ЖАҢҒЫРУ - ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ

     Астанада «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Аймақтардағы партия филиалдары саяси кеңесінің мүшелері де  қатысқан алқалы жиынның күн тәртібінде екі мәселе – «Нұр Отан» партиясының республика бойынша атқарған жұмыстарының нәтижесі және партияның саяси кеңесіне мүшелер қабылдау мәселесі қаралды. Бейнебайланыс арқылы өткізілген жиынды Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, жүргізіп отырды.

 

     Алғашқы болып мінберге шақырылған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның биылғы 10 ай ішінде атқарған жұмысының қорытындысын таныстырды. Одан кейін мінберге ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Сергей Вишняк, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің директоры Жеңіскүл Мұхамбетпаизова кезекпен көтеріліп, еліміздегі атқарылып жатқан ауқымды жобалар мен бағдарламалардың орындалу барысы, қомақты нәтижелері жайлы айтып өтті.
      Бұдан кейін бейнебайланыс арқылы кеңейтілген отырысты көріп отырған бірқатар аймақтардың әкімдері есеп беріп, өңірлердің жетістіктері мен көрсеткіштерін баяндады. Алғашқы болып «Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауов партия жобаларының атқарылу барысын таныстырса, одан кейінгі сөз кезегін алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бақылауында тұрған Жетісу жерінде қызылша өсірудің жетістігін паш етіп, партия мүшелері атқарған жұмыстар жайына тоқталды. Одан кейін сөз кезегін алған «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев батыс өңірдегі партия  филиалы атқарған жұмыс нәтижесін таныстырды.
      Алқалы жиынды қорытындылаған ҚР Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партия филиалдарына жобаланған межеге жету жолында талмай еңбектенуді, партия қатарына қабылданатын мүшелердің сапасын жақсартуды тапсырды. Жиындағы екінші мәселе бойынша саяси кеңестің бюросына мүше болып Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Әділбек Жақсыбеков бірауыздан қабылданды.

Мәди АЛЖАНБАЙ.

Оқи отырыңыз