БАҒДАРЛАМА БАСТЫ НАЗАРДА

     Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған мақсаттар мен міндеттердің маңыздылығын ұғынған күллі Қазақстан халқы тарих қатпарында қалған есімдер мен айтулы оқиғаларды санада қайтадан бір жаңғыртып, келешек ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде ұсынуға кірісіп те кетті. Шындығында қазақ әліпбиін латыншаға көшіру, сакралды мекендердің жағрафиялық орналасуы мен ұлт тарихындағы орнын анықтау кезек күттірмейтін мәселелер. Осынау маңызды бастамалардан шекараның шетінде, желдің өтінде жатқан Райымбек ауданы да сырт қалмай, игілікті істердің өтуіне мұрындық болуда.


     Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты жарнамалық баннерлердің эскиздері жасалынып, 23 билборд көрнекі жерлерге ілінді. Облыстық ішкі саясат басқармасы бекіткен жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантарлық. Одан бөлек, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаны аудан халқына кеңінен насихаттау мақсатында аудандық «Хантәңірі» газетіне «Рухани жаңғыру», «Туған жерге хат», «Ұлы Дала тұлғалары» айдарларымен   50-ге жуық мақала жарияланса, облыстық «Райымбек» газетінде осы өңірге қатысты 50 мақала жарық көрді. Сонымен қатар, «В контакте», «Instagram», «facebook» сынды әлеуметтік желілерде көптеген ақпарат жариялануда. Елбасы ұсынған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын жүзеге асыру ісі де ойдағыдай жүргізілуде. Оған арналған баннерлердің жаңа нұсқасы аудан әкімдігінің сайтына орналастырылды. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының аясында Тәуелсіздік жылдарында еліміздің дамуына белгілі бір деңгейде үлес қосқан 30-дан астам тұлғаның анкетасы облысқа жолданды. Олардың алтауы облыстық комиссиядан республикаға өтіп, елімізге белгілі Жандос Ілияс, Рамазан Стамғазиев, Жанарбек Әшімжан, Ерлан Біләл, Ардақ Назаров сынды азаматтардың жұлдызы жанды. Осы жоба аясында қосымша 5 азаматтың тізімі жолданды.
     Аудан көлемінде «Туған жер» арнайы жобасы бойынша өткізілген оннан астам шара облыстық «Жетісу» телеарнасының жаңалықтар қызметінен көрсетіліп, көпшіліктің көңілінен шықты. Эфирге жол тартқан жағымды жаңалықтардың қатарында Алаш қайраткері Сейдахмет Босқынбаевтың есімі берілген Жайдақбұлақ ауылы мектебіндегі ас, Сарыбастау ауылындағы мешіттің ашылу рәсімі, қаламгерлер Нұрлан Оразалиннің, Жақсылық Әбдірамановтың, Сағат Әшімбаевтың 70 жылдық мерейтойлары бар. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мұқағалитанушы, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Айтақын Әбдіқал 70 жасқа толуына орай жергілікті халықпен кездесу кешін өткізсе, ақын Нұрлан Қалқа аудан халқына шығармашылық кеш арнады. Осы өңірден шыққан ақын-жазушылармен, өнер қайраткерлерімен болған шығармашылық кездесулерге елімізге танымал қаламгерлер, БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ «Қасиетті қара шаңырақ» деген атпен белгілі әнші Жігер Ауыпбаев концерт өткізіп, ән мен күйге сусап жүрген ауыл жастарын бір серпілтті.
    «Туған жер» бағдарламасы аясында өзінің туған жеріне көмек қолын созып, жергілікті халықтың қажеттілігін қамтамасыз еткен азаматтар жетерлік. Солардың қатарынан Айдос Суанбеков, Талғат Нүсіпқожаев, Мұрат Малдыбаев, Азамат Қаратаев, Ұлан Әлдібаев, Еділ Бекмұратов, Асылан Менесбаев, Төлеген Бозжанов, Ұлан Әбу, Гүлнар Ермегияева секілді отаншыл, мемлекетшіл азаматтарды атауға болады. Олардың бірі ауылына мешіт, демалыс орнын салдырса, енді бірі жағдайы төмен отбасылар мен жетім балаларға қаржылай көмек беріп, мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеген. Одан бөлек, «Жомарт жүрек» атты қайырымдылық акциясына қатысқан аудан әкімі мен аппарат қызметкерлері, аудандық мекемелердің басшылары, кәсіпкерлер мұқтаж жандардың қажеттерін өтеді.
    «Қарты бар үйдің  қазынасы бар» деген халық даналығын ұстанған аудан жұртшылығы қариясын сыйлаудан танған емес. 1 қазан – Қарттар күніне арналған игі шаралар аудандық Мәдениет үйінде өткен «Қарттарым – асыл қазынам» атты салтанатты кешпен басталды. Кеш аясында ауданда тұратын 42 жалғызбасты қартқа тоңазытқыш, кір жуатын машина, «Отау ТВ» қосылған теледидар, газ плитасы, нан пісіретін пеш сияқты күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар табыс етілді. Сонымен қатар, Ақтасты ауылының тұрғындары, жалғызбасты аналар Күлдархан Нарынбаева, Асылхан Терлікбаева, Нарынқол ауылының тұрғыны Салтанат Молдақарызова апаларымыздың үйлерінің шатыры қайтадан ауыстырылса, Қарқара ауылының тұрғыны Нағия Әлқожаева апамыздың қора-жайы қайта тұрғызылды.
     Жалпы, осы өңірде өткен тарихи оқиғалар мен айтулы тұлғалар турасындағы мәліметтерді өскелең ұрпаққа таныстыру жұмысы жаңа қарқынмен жаңаша сипатта жүргізілуде. Жақында ғана облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен жолға шыққан «Рухани керуен» жобасы Райымбек ауданын аралап, халқымыздың руханиятына қатысты кездесулер өткізді. Сол кездесулерге аймақтағы мектеп оқушылары көптеп қатысып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап іздеді. Қазақ әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты повесінің желісімен түсірілген фильм мүмкіндігі шектеулі балаларға, жетімдерге және көп балалы отбасының балаларына көрсетілді. Аудан көлемінде өткен «Зерде» кіші ғылыми конференциясы білімқұмар оқушылар үшін сынақ алаңына айналып, алған білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді. Кеген ауылында орналасқан Ораз Жандосов атындағы Райымбек аудандық тарихи-өлкетану мұражайы өскелең ұрпақтың дүниетаным көкжиегін кеңейтіп, білімін тереңдету үшін 8-11- сыныптарға арнап «Мұражай – бабалар мұрасы» атты көрме ұйымдастырды. Аудандық тарихи-өлкетану музейі оқушылар мен Қарқара жайлауына экскурсия жасап, 1916 жылы ұлт азаттығы үшін құрбан болған бабалар рухына арналған «Ереуілтөбе» ескерткішін таныстырды. Қарқара көтерілісіне қатысқан ерлердің, халықты бастаған азаматтардың өмірбаянымен танысқан оқушылар тарихи мағлұматқа байып қайтты. Одан бөлек, Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатаев музейіне, Сарыжаз ауылындағы Райымбек батыр ескерткішіне 113 оқушы саяхат жасап, батыр баба рухына тағзым етті. Осындай тәлім-тәрбиенің арқасында Кеген ауылындағы Қарқара көтерілісінің 100 жылдығына арналған «Тарихқа тағзым» мемориалдық кешені жастар мен жасөспірімдердің жиі келетін орнына айналды.
    Халқымыздың руханияты мен мәдениетіне қатысты білімді меңгеру, ұлттық мұрасын білу, қазақ әдебиетін жетік білу оқушылардың бойындағы табиғи дарыны мен қабілетін дамыта түсері анық. Осыған орай жоғары сыныптардың оқушылары еліміз үшін шешуші қадамға айналар тақырыптардың талқылануына жиі қатыстырылады. Мысалы, қазақ әріптерін латын әліпбиіне көшіру бастамасына байланысты 10-11-сыныптарда «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» атты сыр-сұхбат, «Мемлекеттік тілдің латын графикасына ауысуы оқушылардың білім алуына кедергі келтірмей ме?» атты пікірталас өткізіліп, «Қазақ зиялыларының латын әліпбиіне көшу жөніндегі ой-пікірлері» атты лекциялар оқылды.
     Аудан түлектерінің арасында ел спортына үлес қосып жүрген жандардың молынан кездесуі оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, күрес, бокс, дзюдо, футбол, волейбол, баскетбол сияқты бұқаралық спорт пен бәйге, көкпар, теңге ілу, қыз қуу сынды ұлттық спорттық ойындар бойынша жарыс жиі өткізіледі. Осыған орай дзюдодан шеберлік сағаты, «Мен еліммен біргемін» атты спорттық семинар, «Ауданымыздағы футболдың дамуы» атты «дөңгелек үстел» және ұлттық ойындарды дамыту мақсатында бәйге өткізілді.
    Елбасы мақаласынан бастау алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын өз деңгейінде жүзеге асыру алдағы уақытта басты назарда болады.


Талғат БАЙЕДІЛОВ,
Райымбек ауданы әкімінің орынбасары.

Оқи отырыңыз