QARI`ALAR LATYN A`LIPBI`IN QOLDAI`DY

QARI`ALAR LATYN A`LIPBI`IN QOLDAI`DY

     Латын әліпбиіне шетелдіктердің жазуы деп шошына қараудың қажеті жоқ. Аға буын бұл әліпбимен мектеп қабырғасында оқыған неміс, француз тілі пәндерінен жете таныс. Ал қариялар Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында дәл осы қаріппен қара таныған. Бүгінгі жастар ана тілімен қоса ағылшыншаға да жетік. Сондықтан, латын графикасын қабылдау қоғамда ешқандай қиындық тудырмайды. Қайта кеңестік идеологияның сарқыншағы саналған кириллден құтылып, төл дыбыстарымызбен қайта қауышамыз әрі жаңа таңбада табиғи тіл тазалығы толықтай сақталады. Мұндай түйінді сөз «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты облыстық ақпараттық түсіндіру тобы Текелі қаласы мен Алакөл ауданына ат басын бұрғанда айтылды.

 

     Текелі қаласының әкімдігінде өткен жиынға ардагерлер, мәслихат депутаттары, түрлі мекеме мен кәсіпорын басшылары, сондай-ақ, кенді өлкенің жастары қатысты. Басқосуды жүргізген Текелі қаласы әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында атқарылып жатқан игілікті істерді атай келе, қоғамда қызу талқыланған латын графикасына көшу Елбасының кезекті бір саяси ұтқыр шешімі екенін жеткізді. Осыған орай құрылған облыс көлеміндегі ақпараттық түсіндіру тобы текеліліктердің де пікірін тыңдап, латын әліпбиіне қатысты тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Ақпараттық топ құрамында облыстық басқарма өкілдері, ғалымдар, журналистер, ұстаздар қауымы болды. Олар латын графикасына көшудің саяси және экономикалық тұрғыда тиімді тұстарын әңгімелеп, әлемге жол ашатын ең озық әліпбиді қолдауға шақырды. Текелі қаласындағы басқосуда жастар белсенділік танытып, қазіргі қазақ тілінің емле ережесі латын таңбасында қалай жазылатыны жөнінде, сонымен бірге, кейбір дыбысты таңбалау төңірегінде өз пікірлерін білдірді.

     Түсіндіру тобы түс ауа Алакөл ауданына аттанды. Үшарал қаласындағы басқосу «Jan`a a`lipbi` – uly da`y`ir bastay`y» атты облыстық форуммен жалғасын тапты. Айта кетейік, ақпараттық топ Алакөлді қосқанда он төртінші ауданға табан тіреп отыр. Алакөл – латын әліпбиіне арнаған айтулы шарасын форум түрінде өткізген тұңғыш аудан әрі жиын атауын да әлемдік әріптермен берген. Басқосу Зейнеп Қойшыбаева атындағы Мәдениет үйінде өтті. Форумға ауданның 400-ден аса тұрғыны қатысты. Жиын барысында Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев кіріспе сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде іске асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

     - Латын әліпбиіне көшу – Елбасымыздың алға қойған ауқымды мақсаттарының бірі. Әліпбиді өзгерту Мәңгілік Елдің мәңгілік тілі үшін өте-мөте қажет, – деген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев өз баяндамасында латын графикасының артықшылықтарын сөз етіп, саяси шешімнің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қазақ қоғамы латын графикасына дер кезінде оралып отыр. Мемлекеттік тілдің мәртебесі әлем сахнасында тек латын таңбасымен ғана биіктейді. Сонымен қатар, жаңа әліпби қазақ тілін ғылыми-техникалық прогресске ілестірмек.

     Жиында І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың профессоры Шара Қияхметова сөз алып, латын әліпбиіне қатысты ғылыми пайымдауларын әлемдік тәжірибеге сүйене отырып ортаға салды. Ғалым латын графикасына көшу туралы Елбасы Жарлығы шыққанымен, одан кейін атқарылатын жұмыстар зор жауапкершілік жүктейтінін алға тартты. Мәселен, ендігі кезекте ғалымдар кеңесімен емле ережелері бекітіліп, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер жарық көруі тиіс. Ал «Өлке тынысы» ЖШС директоры, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Мейрам Жанәділов болса, кеңестік кер заманның салқынын тілге тиек етіп, еркін ойлы жастарға жол ашу керектігін айтты. «Бүгінгі аға ұрпақ азат елде өмір сүріп отырғанымен, жетпіс жылдық қызыл идеологиядан құтыла алған жоқ. Біз тұйықта өмір сүрдік. Шетелдіктер бізден ғылым мен білімде озып кетті. Коммунизмге сенеміз деп өзіміздің қаншалықты томаға-тұйық, дамымай қалғанымызды түсіндік. Осы орайда қазіргі жастарға сенім арту керек. Оларды жамандау қажет емес. Біз, аға буын, керісінше, жастарға ілесетін заман туды. Кеңестік империя тың игеру жылдарында қазақтың жерін ғана жыртқан жоқ, сонымен бірге, санасын, рухын да соқамен екіге бөліп тастады. Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасы сол жыртықты жамап, қазақ халқын шынайы тарихымен қауыштырып отыр. Латын графикасы да сол жаңғырудың бастамасы», – деді ол. Форумда Алакөл ауданының Құрметті азаматы Ұлжалғас Дүйсебаева мінберге көтеріліп, латын графикасына көшу әбден пісіп-жетілген бастама екенін айтты. Шара соңында шекаралы аймақтың жастары Елбасының латын графикасына көшу туралы Жарлығын бірауыздан қолдап, арнайы Үндеу жариялады.

     Ақпараттық топтың түсіндіру жұмыстары Екпінді, Қабанбай ауылдарында да жүргізілді. Екпінді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділқан Досжанұлы, математика пәнінің мұғалімі болған, қазіргі таңда зейнеткер Құсайын Байбатшанов бастаған қариялар латын қарпімен таныс екендіктерін жеткізіп, құжаттандыруға қатысты сауалдарын қойды. Кездесуде Екпінді ауылының ақсақалы, темір жонушы Оразхан Тұрлыбеков: «Латын әліпбиі бізге жақсы таныс. Мен осы әліпбимен ең алғаш сауат ашқанмын. Араб жазуына, қазіргі кириллицаға қарағанда латын таңбасын меңгеру әлдеқайда оңай. Мен үш-ақ күнде үйреніп алғанмын. Бала кезімдегі әліпбиге қайта ораламыз деп ойламаған едім», – деді ағынан жарыла. Шара соңынан ауыл тұрғындары түсіндіру тобының мүшелерімен естелікке суретке түсіп тарқасты.

Қуаныш ТҰНҒАТАР,

Алакөл ауданы.

Оқи отырыңыз