ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ЕҢЛІКГҮЛІ

ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ЕҢЛІКГҮЛІ

Өмірге бір сәт ақын көзімен қарау керек. Ол көңілінің күмбезіндегі нұр шашқан қуанышты, санасын сансыратқан мұңды, ел мен жердің келешегіне керекті асыл қасиетті, кежегені кейін кетірер түйткілді дүниені шынайы көрсететін ақиқатшыл жан. Ақын – дүние құбылса да жаратылысынан жаңылып, болмысынан бөлектенбес қасиет иесі. Сондықтан да, оны тану – өмір сырына қанығу. Ал, ойлы оқырманның жүрек қалауы бола білген Зайда Елғондинованың жырлары қызыл тасты жарып шыққан тұмадай тұнық, нәрлі әрі рухани шөліркегендердің кәусарындай бағалы.

Иә, қасиетті қазақ поэзиясының жарқын өкілі болған белгілі ақын Зайда Елғондинова алты Алаштың аяулы қызы. Онымен еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқырмандар жүздесуге құштар. Әсіресе, кіндік қаны тамған киелі жеріндегі жаны жайсаң жетісулықтар «Зайда ақын келе жатыр» деген сөзге ерекше тебіренген. Ақын дүние есігін ашқан күні күміс жалды күлігінің тәует басын «төркініне» бұрғаны өлеңге сусап жүрген жандарды ерекше әсерге бөледі.
«Поэзия еңлікгүлі» сапардың әлқиссасын алдымен облыстық «Жетісу» телеарнасының «Болмыс» ток-шоуына түсуден бастады. Онда өлең өлкесінде ат басын бұрған қызғалдақтай Зайданың Алаштың аяулы Елғондиновасы атанған кезіне дейінгі аралық сөз етілді. Түсірілім барысында зиялы қауым ақынның шығармашылық ғұмырын, тегеурінді жыры мен нәзік иірімге толы туындыларын тарқатып айтып, асқақ тұлғасын ерекше айшықтай білсе, рухани құрбылары мен туыстары балалық пен даналық арасын жалғап жатқан уақыт шежіресін тебіреніспен толғап, қаламгердің ел білмейтін қасиеттерін баян етті.
Одан кейін Жастарға қызмет көрсету орталығының мәжіліс залында жалғасқан кездесу кешінде әдебиет пен тарих, бүгінгі қоғам мәселелері сөз етілді. Шараның алғашқы сөзін алған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Зайда Елғондинова:
– Туған жерге келіп, жастармен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Негізінен бұл XVIII-XIX ғасырларда әлем әдебиетіне жаңа леп алып келген Франсуа Рене де Шатобриан, Оноре де Бальзак сынды классиктердің шығармасын оқып өскен, түпсіз білімді түгескен алыптардың мекені. «Талды-Париж» атанып, күннен-күнге тотыдайын түрленіп келе жатқан қасиетті өлке, – дей келе әдебиетсүйер жастарға өлең-ғұмырынан, өмір жолынан тағылымды ой айтып, әдемі естеліктермен бөлісті. Сонымен қатар, жастардың кітап оқуын, қай салада жүрсе де әдебиет бұлағынан сусындау керектігін ескертті. 
Ал, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, республикалық «Дәстүр» журналының бас редакторы, белгілі ақын Қасымхан Бегманов Зайда Елғондинованың ақындық әлеміне тоқталып, өз мектебі қалыптасқан, соңынан шәкірттері ерген қаламгер екендігін атап өтті. Ұлттық руханият төңірегіндегі салиқалы пікір, салмақты ойын әңгіме арқауы етті. 
– Қазақтың бар болмысы мен тіршілігін, қасиетін, өзге де құндылықтарын ата дәстүрді білмей толық ұғына алмаймыз. Мен сондықтан «Дәстүр» журналын шығаруды қолға алғанмын. Ал жуырда тұсаукесер кеші өтер «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты 4 томдық кітабымды жазуға 8 жылымды жұмсадым. Бұл ең алдымен халқым мен өскелең ұрпақ үшін қолымнан келгенінше жасап жатқан дүнием, – деген айтулы ақын, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тереңнен тоқталды. Оған қоса Алаш үшін аянбай еңбек еткен арыстардың өмірін жастарға әңгімелеп, «Бес қала» атты жалынды жырымен тыңдарманын тебірентті.
Өз кезегінде сөз алған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік Шыңғысхан Академиясының акедемигі, «Жетісу» газетінің бас редакторы, айбоз ақын Әміре Әрін тауанды тарихтың қатпар-қатпарынан сыр тартып, жастарға рухани шарғы болар шежірені толғады. Мыңжылдықтар шеруіндегі айбарлы бабалардың өміршең ісін толғаған ол, алғаш рет жабайы жылқыны қолға үйреткен, темір балқытқан, әлемге шалбар кигізуді үйреткен және өркениеттің алтын бастауы болған біздің бабалар екенін тілге тиек етіп, тыңдарманын өткен ғасырларға байтақ саяхат жасатқандай көрінді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Нұрила Бектемірова, «Алтын қалам», «Алтын тобылғы» байқауының жеңімпазы, жазушы Есболат Айдабосын сөз алып, Зайда Елғондинованың шығармашылығы және бүгінгі қоғам мәселелері жайлы ойларын ортаға салды. Кездесу барысында ақындар өз өлеңдерін оқып, жастарға жырмен жалын бергендей болса, жетісулық білімгерлер де арнау өлеңдерін оқып, поэзия еңлікгүліне сауалдарын жолдап, тұшымды жауап ала білді.
Тағылымды шара Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Жоғары мектепте «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәнін оқыту: Қазіргі қазақ лирикасы. Зайда Елғондинова поэзиясындағы рухани арқау» тақырыбындағы республикалық ғылыми-әдістемелік конференциясына ұласты. Аталмыш конференцияның ашылу салтанатында білімгерлерге ақын жайлы терең ақпар беріліп, бірқатар қаламгер лебізін білдірсе, облыс әкімінің бас инспекторы Гүлбақыт Қасен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың құттықтау хатын жеткізді.  Рухани әпкесіне айналған Зайда Елғондиноваға арналған жырын оқыды. Өз кезегінде ақын Сағыныш Намазшамова ақжарма лебізін білдірсе, Көксу ауданы әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков аудан басшысының ыстық сәлемін жеткізіп, ақынға камзол кигізіп, иығына жаулық жапты.
Зайда Елғондинованың шығармашылығына арналған республикалық конференцияға жер-жердегі іргелі білім ордасынан келген студенттер қатысты. Онда Зайда Елғондинованың шығармашылығы ғана емес, ақынның жары болған Жұматай Жақыпбаев портреті жаңа қырынан ашылғандай болды. Елге аңыз болған қос ақынның өміріне қатысты тұлғалар мен шығармашылығындағы әртүрлі тақырыптар қаузалған аталмыш шарада білімгерлер эссе жазу, жеке жоба қорғау, зияткерлік сайыс сынды кезеңдер бойынша бақ сынады. 
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «El-mura» ғылыми-зерттеу, білім беру орталығының ұйытқы болуымен өткен конференцияда эссе жазу кезеңі бойынша  А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің білімгері Аида Қайырбекова, ғылыми жоба бойынша Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің студенті Ділнұр Мұқият, жеке жоба бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білімгері Н. Мырзабек жеңімпаз болып табылды. Шараға қатысушы өзге білімгерлер де сыйлықтан құралақан қалмады.
Таным мен тағылымды кеңейтер, жастарды әдебиетке ынталандырар шара соңында Зайда ақын сөз алып, жастардың еңбегіне риза екенін жеткізсе, аталмыш университеттің қазақ тілі және әдебиеті мамандығының докторанты Дәлеткерей Мүлік  конференцияның жыл сайын өтіп тұратындығына сенім білдірді.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Оқи отырыңыз