Жаңа заманның келбеті

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген    ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек» деген сөзі елімізді болашақтағы үлкен, алып мемлекеттердің көшіне қосуға бағыттағаны анық. Әрине, біз үшін бұл үлкен мәртебе. Менің ойымша, «Рухани жаңғыру» жоспары арқылы еліміз алпауыт елдермен терезе теңестірмек. Сол арқылы дамыған отыз елдің қатарына қосылмақпыз. Сондықтан осы жоспардың жүзеге асуына құлшына атсалысумыз керек.

Елбасының айтулы мақаласы жайлы естімеген жан жоқ. Рухани жаңғыру үдерісін қолдайтын жан ретінде Мемлекет басшысы бекіткен арнайы алты бағыттың қарастырылуы дұрыс екендігін айтқым келеді. Ауқымды мәселелерді шешуге көмектесетін олардың ішінде маған қатты ұнағаны соңғы, алтыншы саты, «Сананың ашықтығы» бөлімі. Бұл Қазақстандағы экономикалық ахуалды жақсартудың жолдарын көрсеткендей. Үш  тілді меңгеру, әсіресе, ағылшын тілін енгізу арқылы біз технологияның аршынды дамуынан, ақпарат алмасудан қалмайтынымыз туралы мәлімдемелер көңіліме қонды. Өйткені ағылшын тілін өз пайдамызға асырудың тиімділігі басым екендігі менің де ұстанымым.
Мақалада «Ұлттық бірегейлікті сақтау» атты бөлім де бірден көзге шалынады. Ондағы: «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – біздің рухани мәдениетеміздің бір парасы ғана» – деген Елбасы пікірі жаңғыру жолында өз мәдениетімізді ұмытпау керектігін көкейге нықтай түсетіндей. Шынында ұлтты ұлт қылатын – мәдениет.
Осыған орай мен оқитын №24 лицейге «Хассақ» этно-фольклорлық ансамблі келіп, өскелең ұрпақтың көкірегіне мақтаныш сезімін туындатты. Қазақтың оннан астам аспабында ойнап, көпшілікті бір серпілтіп тастаған өнерпаздар орындаған күйлер замандастарымның жүрегіне жетті. Әр аспаптың үні бойды шымырлатып, көңілді тербетті. Нағыз қазақылықтың нышанындай болған «Хассақ» ансамблінің өнер әлемінде ұлттық нақышты дәріптеуі айтуға тұрарлық іс. Енді олар әр оқушының жадында қалмақ. Осыған орай оқушыларға рухани азық сыйлаған мектеп директоры Ләйлә Байымбетова мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Маржан Алиеваға алғысым шексіз. Осы кездесуден алған әсерімді қағаз бетіне түсірген едім:
Әлемде болмас өзіңе теңің,
Шексіз де, қиыр таусылмас көгің.
Болашағыма бағдаршам етем,
Елбасы айтқан Жаңғыру жолын.
Елім деп шырылдап жүрегің сенің,
Халқыңды ойлап, артасың сенім.
Жараның ескі тапқандай емін,
Қазақтың қазаққа көрсетіп тегін.
Өзіңмен бірге жүреді елім,
Ұмытып өткеннің адуынды кегін.
Жаңғырып қазақ, озармыз біз де,
Жасасын мәңгі қазағым менің!
Адамзат – болашақтың құрылысшысы. Адамсыз, қоғамсыз даму үдерісі болмайды. Халық дамыса, мемлекет те дамиды, үдеріс те тоқтамайды. Жұмыла жұдырық болып, ел үшін еңбек ету керек. Елбасымыз бір сөзінде: «Ең сенімді валюта – адам еңбегі, осыны есте сақтау керек» деген болатын. Болашаққа жолды бірге салайық. Ал жастар, сол жарқын болашақтың жаршысы болайық.

Еркебұлан Сағиев,
№24 лицейдің 11 «А» сынып оқушысы
Алматы қаласы

 

Оқи отырыңыз