Тәрбиенің қайнар көзі

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгілері мен нақты даму бағдарынан хабар беретін игі бастама. Онда сананы жаңғырту, тіліміз бен тарихымыздан, әдебиетімізден айырылып қалмай оны әлем деңгейіне көтеріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Осы орайда жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарымызға деген қызығушылығын, тілімізге, салт-дәстүрімізге, тарихымызға деген құрметін арттыру міндеті тұр. Бұл ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. 

Елбасының рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік, ұлт өркениетін  өрістететін қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс. 
Осы бағдарлама аясында ауданымыздың көрікті жерлерін аралауды алдымызға мақсат етіп қойдық. Сыныбымызбен Кеген ауданында орналасқан Ораз Жандосов атындағы мұражайды тамашалауға бардық. Мұражайдың «Ғасырлар қойнауындағы  жазба мұралары» атты тұрақты көрмесі төрт бөлімнен тұрады екен. Бірінші бөлім ықылым заманнан бастау алған жазба мәдениетінің куәгері болып табылатын байырғы, көне жазу ескерткіштеріне арналған. Бұл бөлімнен республика аумағынан табылған жазба мәдени ескерткіштері және сонау тас дәуірінен бастап, кейінгі орта ғасырларға дейін жалғасын тапқан жазу үлгілері туралы құнды мағлұмат алуға болады. 
Мұражайға кірген сәтте көзіңе бірден ілінетін жәдігер – Ақбауыр үңгірінен (Шығыс Қазақстан) табылған, қола дәуірінде қынамен салынған  таңбалар деуге болады. Мұражайда оқушылар ауданымыздың тарихымен, көне жәдігерлерімен танысты. Білім алушыларға бұл сапар қатты ұнады, ауызбіршілік, татулық, достық қарым-қатынастары нығая түсті. Жол бойы оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өлең айтты, өз әсерлерімен бөлісті. Оқушылар үшін мұражай – тәрбиенің қайнар көзі, жаңғырудың жарқын бастауы. Бұл сапардың балаларға үлкен ой салғаны анық.

Гүлнұр Сұраншиева, 
І. Жұмағұлов атындағы орта мектептің технология пәні мұғалімі
Шырғанақ ауылы,
Райымбек ауданы

 

Оқи отырыңыз