Өмірдің «дөңгелегін» жақсылар айналдырады

«Қазақстандағы   100 жаңа есім» жобасы  тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің жетістігі мен жүріп өткен жолын паш етуге бағытталған.   Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. 

Биғайша  Құндақбаева атындағы № 1 орта мектептің 9-сынып оқушысы Адуын Бақбол «Рухани жаңғыру: «өнегелі өрілген өмір» атты ғылыми жоба бойынша іздену жұмыстарын бастады. Зерттеу жұмысын жүргізер алдында бағыт-бағдар алу үшін  облыстық ішкі саясат басқармасына барды.  Ол басқарманың талдау және мониторинг бөлімінің басшысы  Олжас  Ескендіровпен тілдесіп, жоба бойынша жұмыс істеуге  көмек көрсетуін сұрады. Мекеме қызметкері оқушыны бірден қолдады. Тақырып  ол кісілерге  ұнай кетті. 
– Жастар ел көлемінде қолға алынған игілікті шараны  іске асырып, ізденіп жатса неге қолдау білдірмеске?! Біздің тарапымыздан қандай мәлімет керек, береміз,  – деп Олжас Ақынбекұлы боламын деген баланың белін буып, ақ тілегін арнады. Бұл орайда бізге  «Рухани жаңғыру»  жобалық  кеңсесі   ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы  Айлен Шынасылова да көмек көрсететін болды. 
Сұхбат кезінде Айлен апай:   «Туған жер» бағдарламасы аясында өңірлік комиссия құрылды.  Осының нәтижесінде  193 әлеуметтік жоба қолға алынды.  Жоба  жүзеге асу үшін осындай ізденіс  жұмыстарының маңызы зор», –  деп зерттеу жұмысының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар,  облыстағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жоспарымен танысып,  жұмысымызға бағыт-бағдар алдық.  Жоба  барысында жақсы-жайсаңдармен таныстық. Олардың өнегелі өмірін санамызға сіңірдік.  Барған, сөйлескен адамдарымыздың барлығы ерекше, жандары жайсаң адамдар болып шықты.  Бәрі – дарын иесі. Әрқайсысы бізді бала деп кемсітпей, жетістікке жетулерінің сырымен бөлісті.  Барлығы жігерлі. Маған өмірдің «дөңгелегін» осы кісілер айналдырып тұрғандай көрінді. Ол кісілерді тауып беріп, олармен  әңгімелесуімізге Айлен Мәдиқызы  көп көмек тигізді. Үлкендер қолдау білдіріп тұрса неге ізденбеске? Жұмысымыз қазірдің өзінде алға басып келеді. 
Мақаламды «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әріннің сөзімен аяқтағанды жөн санадым. Ол:  «Рухани жаңғыру – қоғамдық сананы, тарихи сананы жаңғырту. Ал тарихи сана деген не?  Тарихи сана –сенің әкеңнің,  атаңның, байырғы даңқты бабалардың, бүгінгі ұл-қыздардың өмірі, тарихы. Тарихи сана оянбай, ұлттық сана ешқашан да  оянбайды»,– деген еді газеттегі мақаласында. Біз жастар да  еліміздің өрлеу жолын, елдің, жердің көгеріп-көктеуіне еңбек сіңірген адамдардың өмірін, еңбегін білуге, содан өзімізге азық алуға  тиіспіз. Сол арқылы болашағымызға жол ашамыз. Ендеше, «Рухани жаңғыру»  бағдарламасының бізге берері көп екенін айтқым келеді. 

Қанат БАЙСОВ,
Б. Құндақбаева атындағы  № 1 орта мектептің 
тарих пәні  мұғалімі 
Көксу ауданы

Оқи отырыңыз