ЖЕТІСУ ЖЫРАУЛЫҚ МЕКТЕБІ ЖАНДАНДЫ

ЖЕТІСУ ЖЫРАУЛЫҚ МЕКТЕБІ ЖАНДАНДЫ

    Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Рухани жаңғыру»  бағдарламасына  орай  ұлттық дәстүрді дәріптеу  мақсатында жер-жердегі  жыраулардың басын қосып,  байқау өткізді.

 

   Байқау  Астана қаласының 20  жылдығына орай «Бәйтеректі ордам – басты ордам» деген тақырыппен  қорытындыланды.  Байқауға барлығы 10 ауданнан 13 өнерпаз қатысты.  Жыр бәйгесінде мінбеге әділқазылар алқасының  төрағасы,  облыстың бас ақыны Айтақын Бұлғақов шығып:   
– Мақсат – еліміздегі  жыршылық, жыраулық дәстүрді қайта жаңғырту. Ұлттық өнерімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттау.  Жыраулардың есімін кеңінен насихаттау.  Жыршылықты өскелең ұрпаққа үлгі ету. Жас ұрпақты ұлттық өнерге баулып, үлкен сахнада өнер көрсетулеріне  мүмкіндік жасау, – деді ол төл өнерді насихаттаудың қыр-сырымен таныстырып.  
   Бір қуанарлығы,  байқауға қатысушылардың дені жастар.  Қатысушылар мүдірмеді.  Шабыстарына ел риза.  Жыршылар Қабан жырау, Бұқар жырау, Доспамбет жырау, Жиембет жырау, Ақтамберді жырау, Сауытбек, Сүйінбай, Үмбетәлі, Кенен Әзірбаев, Жамбыл Жабаев, Әсімхан  Қосбасаров шығармаларын орындады.  Байқауға қатысушылар көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Ел жырға сусап қалыпты. 
   Кіл жүйріктің ішінен кім жүйрік анықталар шақ келді. Әділқазылар саралай келе 1-орынды Қаратал ауданынан келген Жайдар Байтаққа, 2-орынды  Райымбек ауданынан  келген Серік Абдрайымовқа берді. Ал 3-орынға екі адам лайық деп танылды. Бірі – Ескелді ауданынан Дидар Өмірәлі,   екіншісі – Көксу ауданынан Фатих Ақын.  Жеңімпаздарды  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  басшысы Ақан Әбдуәлиев марапаттады. Әділқазы Айтақын Бұлғақовтың айтуынша,  жыршылар байқауы алдағы уақытта да жалғасын табады. Бүгін  өнерпаздар 200 жол жыр орындаса, күзде өтетін байқауда 2000 жолдық шығарма оқымақ. Талап күшейе түспек. Ал, жеңімпаздар  Жетісу жыраулық мектебінің  намысын қорғау үшін Астанада өтетін байқауға барады.  Жетісу жыраулық мектебін дамытамыз деп жатқан азаматтардың ісі құптарлық-ақ  жайт.  Өнер – рухымызды аспандатып, жан рахатына бөлейтін  құдіретті күш. Ендеше, төл өнердің жандануына  тілектеспіз.

Гүлжан ТҰРСЫН.

Оқи отырыңыз