ТІЛ МӘРТЕБЕСІ БИІКТЕЙДІ

Кеңес кезінде өндірістік жағынан ілгерілеуді бастан кешіргенімізбен рухани тұрғыда құлдырағанымыз жасырын емес. Әсіресе, ана тіліміз шұбарланып, фонетикасы мен грамматикасына орасан нұқсан келді. Соның салдарынан кейбір қазақтар әлі күнге дейін орысша сөйлесіп жатады. Әрине, қынжыласың. Дәл осындайда кінәліні іздеп даурыққанша, дерттің салдарымен емес, себебімен күресу қажет деп есептеймін.

Елбасы өзінің 2017 жылы 12 сәуірде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау керектігін айтқан  болатын. Әу баста қоғамда латынға көшудің дұрыс-бұрыстығы жайлы пікір таластырғандар көбейді. Ал қазіргі таңда ел болып жаңа әліпбиді қалай қолданатынымыз жайлы айтылуда. Мұның өзі отандастарымыздың ел болашағы үшін пайдалы іске өз үлестерін қосуға құлықты екендігінің көрінісі. Мұндай кең көлемде талқыланып жатқан мәселені ешбір елден бұрын-соңды көрген емеспіз. Ойлап қарасақ, қазіргі таңда кирилл қарпін 12 мемлекет қана пайдаланады. Дүниежүзіндегі инновациялық жаңашылдықтардың барлығы алдымен латынша жарияланып, біраз уақыттан кейін кирилл әліпбиіне көшіріледі. Демек, латын әліпбиіне көшу арқылы әлемдік аренаға шығып, тың ақпараттармен құлағдар болуымызбен қатар тіліміздің халықаралық мәртебесі де арта түспек.
Қоғамда әлі де болса латын қарпіне сенімсіздікпен қарайтындар бар. Бұл – кирилл әліпбиіне бейімделіп қалғандықтың белгісі. Қоғамның сондай дүдәмал ойын дөп тауып, орынсыз күдікті сейілту мақсатында атқарылып жатқан шаралар жетерлік. Сондай жұмыстардың бірі ретінде «Жетісу» газетінде ақын-жыраулардың елге кеңінен танылған өлеңдері бір бағанада латын, бір бағанада кирилл қаріптерінде беріліп отырғанын атасақ та жеткілікті. Соңғы ұсынылған латын әліпбиінің ықшам әрі оқуға да, жазуға да тиімді екенін көріп қуандым. Сондай-ақ, телеарна, қала, көше атаулары да латын қарпінде көрініс тапқалы бері көзіміз үйренісе бастады. Міне, осылай қарапайым түрде латын  қарпі мен халық арасындағы қарым-қатынас бір қалыпқа келсе, бейімделуіміз үдей түспек.
Осы секілді шаралар мектеп қабырғасында ерте бастан көрініс тапса, оқушылардың жаңа бағытқа қызығушылығы артары сөзсіз. Бастауыш сыныптан ағылшын тілін үйреніп жатқан зерек бүлдіршіндер латын қарпін санасына тез сіңіріп алатынына сенімдімін. 2025 жылға дейін латын қарпін толық қабылдауға дайын болуымыз керек.
Алаш елінің тілін латын қаріптерімен белгілеу – барша отандастар үшін үлкен жеңіс. Сондықтан, күннен-күнге жаңарып, жаңғырып, дамыған заман ағымынан қалыспай қатар жүру үшін латын қарпіне көшу еліміздің басты міндеттерінің бірі болып қала бермек.

Дана ИБРАЙЫМОВА,
Қожбанбет би атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Панфилов ауданы

 

Оқи отырыңыз