Балалар ойын алаңы

Балалар ойын алаңы

Текелі қаласында  ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында орта  және шағын бизнес  өкілдері Қора  өзенінің жағалауынан  Алтыбақан,  Street workout  және балалар алаңын ашты.  Қала әкімдігінің  бастамасымен  бой көтерген  ойын алаңқайлары  салауатты өмір салтын қалыптастырып,  ұлттық ойындарды насихаттауға бағытталған.

Салтанатты шараға жиналған жұртшылық  жергілікті құсбегі Бүркітбай  Файзолланың қыран құсы, балалар шығармашылық орталығының  қолөнер туындысы,  №5 орта мектеп ұжымы ұйымдастырған ұлттық салт-дәстүрлерді  қызыға тамашалап,  өнерпаздардың әуезді әні мен күмбірлеген күйлерін  ықыласпен тыңдады. Балғындар  су жаңа ойын құрылғыларында асыр салып ойнап, жасөспірімдер белтемірді пайдаланып, жаттығулар жасады. 
Шараның ресми бөлігінде Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев сөз алып, көпшілікті  ойын алаңының ашылуымен құттықтады.  Салауатты өмір салтын қалыптастыру мен ұлттық ойындарды қайта жаңғыртуда ойын алаңын ашудың атқаратын рөлі зор.  Ел Президентінің: «Туған жерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келетін кәсіпкер, шенеунік, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастыру керек», – деген  сөзі  Текеліде іске асып келеді. Бүгінгі шара – соның бір айғағы.  Қала әкімі Бақтияр Өнербаев  балалар мен жастарға  тарту жасаған  «Исабеков», «Ерғожанов», «Green House-Зеленый дом», «Мрамор тас», «Дисконт-Альфа», «Текелі энергия кешені», «КазТЭС», «Бағалы қазына», «Жан-Тас», «АВS-Elektrik», «AcTac-Invest» және «Т-Строй-Проект», «Альфа Микс»  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшыларына Құрмет грамотасы  мен  Алғыс хат табыс етті.
Ойын алаңдарын ашуға арналған шарада  дәл сол күні  кәсіби мерекесі аталып өтіп жатқан  байланыс және ақпарат қызметкерлері де сый-сияпатқа ие болды.  Шаһар басшысы  бір топ тілшіні арнайы шақырып марапаттады. 
Шарада «Абзал ана отауы» халықтық әжелер ансамблі  ойын алаңына шашу шашып,  ел-жұртты игі шарамен құттықтады. 

Шора БАТЫРБАЕВ
Текелі қаласы 

Оқи отырыңыз