Үміткерлер іріктелді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының биылғы жылғы үміткерлерін іріктеу мақсатында конкурстық эксперттік құрамның отырысы өтті. Оған облысымыздың аудан-қалаларынан бір-бір үміткерден қатысты. Басқармалар тарапынан да кандидатуралар ұсынылды. Жалпы облысымыздан 40-қа жуық тұлға «100 жаңа есім» жобасына қатысуға лайық деп танылды.

Шараны облыстық «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры, конкурстық комиссияның тең төрағасы Тәңірберген Қасымберкебаев ашып, былтыр аталмыш жоба бойынша республикалық сында 312 үміткер бақ сынап, «онлайн» дауыс беру нәтижесінде облысымыздан «Асар» фитнес орталығының негізін қалаған Елдос Баялышбаевтың «100 жаңа есім» қатарына енгендігін, биыл да облысымыздан ұсынылған үміткерлердің осы қатардан көрінетіндігіне сенім білдірді. Соған орай ол өткен жылғы жоба жеңімпазы Елдос Баялышбаевқа алғыс айтып, шапан жауып, домбыра сыйға тартты. 
Өз кезегінде Елдос та сөз алып:
– Мен еш қиындыққа мойымай еңбек еттім, іздендім. Бір іспен айналысамын деген адамға мүмкіндік көп. Мемлекет тарапынан көптеген грант беріледі. Соны алып, кәсіп бастаудың жолдарын іздеу керек. Оқыту семинарлары мен тренингтерге қатысқан жөн. Ол мүмкіндіктерге жол ашады, – деді. 
Үміткерлердің өмір жолдары мен жеткен жетістігі, қоғамға тигізіп жатқан пайдасы туралы аудандық, қалалық ішкі саясат бөлімдерінің мамандары баяндап, «100 жаңа есімге» үміткер тұлға жайында түсірілген бейнекөріністерді көпшілік назарына ұсынды. Жобада бақ сынаушылардың қатарында ауылының көркеюіне үлес қосып, жұртшылықты жұмыспен, баспанамен қамтып отырған балқаштық Әбдіжаппар Қыстаубаев, Жамбыл ауданының Ақтерек ауылынан Темірлан Шайнүсіпов сынды кәсіпкерлер, аса күрделі операцияларды жасап, нейрохирургия саласында танылып жүрген дәрігер, Ақсудан түлеп ұшқан азамат Талғат Керімбаев, қант қызылшасының жаңа сортын ойлап тапқан ғалым-биолог, қарасайлық Шолпан Бастаубаева, қолөнерші Дәулет Шоқпаров, талантты жас ақындар Ерлан Жүніс, Мақпал Мыса, ескелділік айтыскер ақын Дәуен Алғысбек, талғарлық суретші Ботагөз Мурзалиева, талдықорғандық әнші Дәурен Оқапов, елімізге белгілі спорт шеберлері Ардақ Назаров, Мәулен Мамыров, Нұрбақыт Теңізбаевтар бар.  
Жобаға қатысушы үміткерлерді іріктеген конкурстық комиссияның тең төрағасы Досан Атантелов шара барысында сөз алып, кейбір кемшілік, сын-ескертпелерді айтып өтті. 
Жалпы айтқанда облысымыздан ұсынылып отырған үміткерлердің қай-қайсысы да «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы болуға лайықты. Оған олардың халқы үшін сіңіріп жатқан еселі еңбектері дәлел.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Оқи отырыңыз