Ауыл тарихын арқау еткен

Ауыл тарихын арқау еткен

Алакөл ауданы Қарабұлақ ауылының орта мектебінде «Туған жерге туыңды тік» айдары аясында және Алакөл ауданының 90 жылдығына орай Сейіт Ысқақовтың «Туған жерім тұғырым» атты кітабының тұсаукесер кеші өтті.

Салтанатты жиынға ауыл әкімі Рүстем Байзақов, Алакөл ауданының Құрметті азаматы, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Байбазаров, ауданның Құрметті азаматы Жеңіс Жұманов, «Құрмет» орденінің иегері Оспан Нұрғалиев, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Болат Құсайынов қатысты. Тұсаукесер жиынының шымылдығын облыстық Сүйінбай атындағы филармония директорының орынбасары Қанат Түндебаев ашып, бастан-аяқ жүргізіп отырды. Тамыры терең тарихтан, тұңғиықтан сыр шертетін кітаптың лентасын 90 жастағы Әбдікәрім Кенжебеков атамыздың батасынан кейін Алакөл ауданының Құрметті азаматы Жеңіс Жұманов кесті. Осыдан кейін ақжарма тілектер ақтарылды. 
Рухани кештің алғашқы сөзін айтқан ауыл әкімі Рүстем Байзақов «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жарық көрген кітап жайлы қысқаша әңгімелеп өтті. Осыдан кейін аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Байбазаров кітаптың маңыздылығы мен болашаққа берер тәрбиесі жайына тоқталып, авторға ізгі тілегін білдірді.
Өз кезегінде сөз алған автор: «Әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды, Елбасы айтқандай, жаңа заман талбына сай жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің міндет. Осыған орай ауыл жастарының туған жерге деген патриоттық сезімін ояту мақсатында  ауылымыздың тарихы, оның дамуына үлесін қосқан жандар жайлы кітап жаздым» дей келе осы кітаптың шығуына қаржылай көмек көрсеткен бірқатар ауыл азаматтары мен 200 дана кітапты басып шығаруға қолдау жасаған «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Болат Құсайыновқа алғысын білдірді.
Жиналған жұртшылықтың ақжарма тілегінен кейін облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншілері әуелетіп ән салып, концерттік бағдарлама қойды. Жиын соңы спорттық жарыспен жалғасты.

Айдар ҚАЛИЕВ
Алакөл ауданы

Оқи отырыңыз