Күліп қайттық көңілге көп дүние түйіп қайттық

Күліп қайттық көңілге көп дүние түйіп қайттық

Өнердің қай саласына да жаңару мен жандану қажет-ақ! Кемеңгер жұрт­тың «өз сорпасымен өзі қайнап жатыр», – деген сөзінің ас­та­рында қарама-қайшы пікір тұрғандай.Біріншіден, ешкімге тәуелді бол­май, талантын елге мойындатуда деген ойға жетелесе, екіншіден, қо­лы қысқа болған соң ілбіп қана келе жатыр дегенге саяды. Ал об­лыстық Б. Римова атындағы драма театрдың ұжымы қашаннан кемелдену, толысу мен жандану жолынан қиыс кетіп көрген емес.

Оған дәлел, мазмұнды да мәнді қойылымдар ел наза­ры­на үздіксіз ұсынылып келе жат­қандығында. Қырық жылдан астам тарихы бар театрдың дәстүрлі шарасына ай­налған іс – сырттан режиссер ша­қырту. Бұл дағды сөзіміздің ба­сын­да тілге тиек еткендей, өз-өз­де­рімен қайнамай, өзге де шаңы­рақ­тағы өнер майталмандарын ша­қырып, солармен қоян-қол­тық жұ­мыс жасап, тәжірибе алмасу үшін. Сол себепті, Ас­тана қаласының Қ. Қуаныш­баев атындағы Мем­ле­кеттік академиялық қазақ му­зы­калық драма театрының режис­сері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовты шақырып, бір ай бұрын қызу жұмысқа кіріс­кен бо­латын. Жуырда, театр ұжы­мының төккен тері еленіп, еңбегінің оңды бағасын алып, ел ықыласына бө­ленгендей болды.

Яғни, режиссер Болат Ұза­қов Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақ­сы еркек» атты ко­ме­дия-фарсын Б. Римова атын­дағы драма театр ұжы­­мымен бірлесіп сахналады. Әзіл­ге құрылған қойылым ел жү­ре­гінен орын алып, көрерменді шек­сіз қуанышқа бөледі. Ал Қа­зақ­­станның халық әртісі Ал­ма­хан Кенжебекова сынды өнер май­тал­мандарының ой­науы, қойылымға жан бітіріп, естен кетпес көрініс ре­тінде санамызға сақталуға сеп бол­ғандай. Алайда, бұл қойылым не­сімен құнды, елге берері не де­ген сауалдың туындайтыны ақи­қат. Сол себепті, шайыр­лардың ті­лімен айтқанда, қиял­ды қы­тық­таған көрініске батырша барлау, шешенше шолу жасап көрелік...

«Сын – шын болсын, шын – сын болсын», – деп айтқан екен проза тарланы М. Әуезов. Біз театр сыншысы болмасақ та, қара сөздің парқын білетін, қойылымын назар­дан тыс қал­дыр­маған көрермен ретінде біраз дүниені еркін ажы­ра­та аламыз десем, артық айтқан­дық болмас. Сондықтан да ғажайып жа­зушының сынын болмаса да шы­нын қағида етіп ұстағанды жөн санадық. Қойы­лымның әлқиссасы, Алпанның жігіттің сұлтаны ата­нып, ең жақ­сы еркек болған қуа­ны­шынан басталды. Ал сондай саңлақтың үйіне баса-көктеп кір­ген «Әйелдер әлемі» қауым­дас­тығының мүшелеріне, яғни, төрт әйелге таңдандық. Тіпті, өктемдік танытып өңмеңдеген, қуаныштан құрақ ұшқан жан­ның шаңырағын қазақы ырым бойынша аршамен аластап, дерек алып, пікірлесуге, тіпті, осындай азаматты нәзік жан­дылар жұмыла қорғау керек­тігін танытқан бейтаныс жан­дар­дың суық жүрісі өрескел көрінді. Алай­да, бұл «лирикалық шегініске» жақын туынды екені Ал­панның дуаланған сәтінен бас­тап айқын­дала түсті. Ал соңы жақсылықпен аяқталғаны бар­ша көрерменге таңсық емес.

Хош, пьесаның қойылуы мен мазмұнын баяндау уақыт пен ша­бытты қажет етпек. Ал бұл қойы­лым­ның тамаша өтуі дра­матург пен режиссердің еңбегі десек те, театр әртістері шы­ғар­маны шы­ңы­рауға құлатпай шыңға шығарып тастағандай болғаны ақиқат. Көзі қарақты, көкірегі даңғыл кө­рер­мендерге мұндай қойылым өте қа­жет-ақ. Неге? Өйткені, қоғамның қоты­ры, соқыры да осы бір шы­ғар­маның өн бойынан көрініп-ақ тұр. Ал келеңсіз көріністерді жіпке тізгендей бір қойылымға сый­­дыр­ған, жеңіл әзілмен өмірі­мізді көз ал­дымызға келтірген осындай шы­ғар­маны күресінде қалдырмай, дер ке­зінде ел на­за­рына ұсынғанның өзі үл­кен құрметке лайықты іс деп бі­леміз.

Несімен ұтты деген сауалды да са­ралап көруге ыжда­ғат­ты­лық та­ны­тар болсақ, бір ғана «Әйелдер әле­мінің» директоры бүгінгі күні­мізді то­лық­тай ашып тұр­ған­дай. Өйт­кені, айнала­мыз­ға қарасақ, адам­дарды бай­лыққа құл­шындыру мақ­са­тында неше-неше ұйым құ­ры­луда. Ал олар­дың ел игілігі үшін қыз­мет етіп жат­пағаны белгілі. Сон­дай-ақ, қойылымдағы көріпкел бей­несін қо­ға­мымызда жоқ, он­дай­дан еліміз ада деп ай­тар жан та­былмас. Тәуіп, әулие не­месе бақ­сы, балгер жағалап жүр­ген пен­делер де же­­тер­­лік. Олар­ды ал­дап жүрген көріп­кел­сы­мақ­тардың өзінде кие, сөзінде жүйе бол­май­тындығы да ақи­қат. Ал сылқым бикеш бей­несі тіпті, күн­де кө­ріп, көңіл бөл­ме­сек те көз ал­ды­мыз­да көлбең­дей­тіні ащы да болса шын­­дық. Бес бала­ның анасы бола тұра «ең жақ­сы ер­кек­ке» есі ауа кет­кен­дігі де, қоғам­дағы ма­хаб­бат­тан тұр­лау тап­пай, се­зіміне тоқ­тау сала ал­май жүр­ген жан­дар­ды елесте­те­ді. Мі­не, сол себепті де мұн­дай пье­­саның бі­рін емес, жү­зін сах­наласа да ел үшін, жас-жеткін­шек­тер үшін тигізер әсері мол болар еді. Ал са­ха­радағы жанға там­шы судың өзі байлық бо­ла­тыны сынды, қа­ра шаңырақтың осы бір пеьсаны қойғаны бү­гін­гі күннің дертіне дә­ру, жауырына жабу бол­ғандай.

Сондай-ақ, кө­лең­­кеден сұл­ба із­дейтін ауыр са­ла­дағы жур­на­­лис­тің, шабыты маз­да­ған соң шартарапты кезген кө­бе­лектей күйде жүрген ақын­ның, Алпанда алабөтен ойы жоқ биші қыздың бейнесі қойы­лымға жан бітір­ген, жауға аттанар ерекше жа­сақ­тай. Әр саланы жеке кеңіс­тік өкілдері деп білетін болсақ, жеті әлемдегі жанды бір шы­ғар­мада беру тағы да Сұл­тан­әлі сынды сақа дра­матургтың қол­таңба­сының ерек­ше­лігінде бо­лар. Бір сөзбен айт­қан­да, театр ұжымы да, жазушы мен ре­жис­сер де бұл жағынан ұтпаса, ұтыл­ған жоқ. Оған дәлел, ер­кекті дуа­лау арқылы тәубесіне түсіреміз деп жа­рық күнін тамұқ етіп алған әйел­дер­дің өмірі көрерменге еріксіз күлкі сый­лап, қоғамдағы қар­ба­лас­тан көз ашпаған жандардың театр бо­саға­сынан жа­дырап шы­ғуын­да.

Міне, осындай ас­тарында ай­­тары мол, жеңіл әзілге құ­рыл­ған қой­ылымның соңында, бел­гі­лі дра­матург Сұл­танәлі Балға­баев сөз алып, жү­рек­жарды ле­бі­зін білдірген еді.

– Бикен Римова атындағы об­лыс­тық дра­ма театры менің осы­дан 25 жыл бұ­рын жазған «Әйел­дер әлемі» ат­ты пьесамды сахна­ла­ға­лы жатыр дегенді естіп, ар­найы кел­дім. Жазылғанына ши­рек ғасыр бол­са да, бұл қойы­лым өзінің құн­ды­лығын жоғалт­пақ емес. Сонымен қатар, бір­неше театр сахналап та көрген. Алай­да, бұл комедияны қоюы кө­ңілімнен шықпай талай рет рен­жісіп, іштей қынжылып қайт­қан кездерім де болды. Көбі шы­ғар­маның түбіне бойлап, толық­қанды аша алмап еді. Ал сіздер қойған қойылымның ба­ғасын берудің өзі үлкен күш секілді, тіпті керемет. Көрермен қата­рында отырып бай­қағаным, сіздердің еңбекқор­лық­та­рыңыз мен жазған шығарманы үлкен өзгеріске ұшыратқан. Еңбегім он пайыз ғана десем де болады. Тіптен, еуропалық стан­дарт­қа сай қой­ған­да­ры­ңыз­дың өзі үл­кен құр­метке лайық, – дей келе өзінің іш­кі таңданысы мен риза­шы­лы­ғын жет­кізді.

Рас, дра­ма­тург­тың жазғаны жа­лын­ды бол­ғ­анымен қою­шы­лар да­рынды болмай жатса, пьеса ел жү­ре­гіне же­­туі мүмкін емес. Ал ре­жис­сер шығарманы құд­­ды бір өзі жаз­ғандай тү­сі­ніп, қойылымға жан бе­ре­тін да­рынды актерлерді дара­лап, саң­лақ­­тарын саралап алып сахна­ласа, ха­лық жылы қа­был­дай­тыны ақиқат. Мі­не, осы жолда мүлт кетпеген Бо­лат Ұзақов қоры­тынды сөз алып, театр ұжы­мына деген шексіз ал­ғы­сын жау­дыр­ды.

Осы орайда ай­та кететін бір жайт, Халық­ара­лық театр күні ме­ре­кесі қар­саңында Ас­та­на­дан ат арыл­тып келіп, «Ең жақсы еркек» қойы­лы­мын әзірлеп жат­қан Болат Ұза­қов­пен пікір­лес­кен болатынбыз. Сон­да ол: – Мен оқу­ды тамам­дап кел­генде алтын есігін ай­қара аш­қан, ең ал­ғашқы еңбек жо­лым­ды бас­таған қара шаңы­­ра­ғым Б. Римова атын­дағы дра­ма театр бо­латын. Ре­жис­­серлікке кетіп, Ел­ор­даға ауыс­­қалы да та­лай уақыт өтті. Ақиық ақын Мұқа­ғалидың «Өзің­нен ал­ға­­нымды, өзіңе қайтара­мын», – деген алтын ұя мек­те­біне ар­нал­ған жыры есіме түсіп отыр. Сон­да айтыл­ған­дай, қара шаңы­рақтан ал­ғанымды өзіне қай­тару үшін, аттай 20 жыл­дан соң оралып отырмын. Өйткені бұл театр менің алтын ұям, сах­на әлеміне баулыған менің мек­тебім. Ал белгілі драматург Сұл­тан­әлі Бал­ғабаевтың «Ең жақсы еркек» атты пьесасын өнер оша­ғына келіп қоюға тырысқа­ным­ның басты се­бебі де қойылым бол­ған күні ашыл­мақ, – деп ақта­рыл­ған еді.

Рас, өмір­дегі ең шуақты күн­де­ріміздің бірі – қойы­лым көру­дегі сәт, біздің ғана емес, ел жү­регінде қалары анық. Не­гі­зінде, Болат Ұза­қовтың, Сұл­тан­әлі Бал­ға­баев­тың, Б. Римова атын­дағы драма театр ұжымының да еңбегі ақ­талды деп айтуға бо­лады. Жетісулықтар­дың шек­сіз ри­зашылығын арт­тырып, көрер­меннің қатарын толық­тыра түс­ті-ау десек, ар­тық айт­қандық бол­мас. Тек осы меже­ден түс­пей, өнер өлкесінде абырой­лары асқақ­тай берсе екен. Біз­дің тілек осы!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Оқи отырыңыз