Тіл қатады тарихым балбал таста

Тіл қатады тарихым балбал таста

Әулиелі Маңғыстаудан кейін тарихы терең, қазақтың ұлы тұлғаларының тұрағы болған Атырауға келдік. Қазақ хандығының астанасы атанып, батыр бабаларымыздың ізі қалған Сарайшықты көрдік. Аумағының жартысын Жайық өзені шайып кетсе де жарым бөлігі сақталған қалашық мемлекет қорғауына еніп, аспанасты мұражайына айналыпты. Мұражай төбесі жабылып, өзен жағасы биіктетіліпті. Бүгінде мұражайда Сарайшықтан табылған 4242 жәдігер сақтаулы. Жалпы қаланың ұзындығы 10, ені 8 шақырымға дейін созылған. Қала Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының орталығы болған қалаға әр жылдары К. Арзютов,  Ә. Марғұлан, З. Самашев зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сөйтіп, Сарайшықтан шыққан керуен Индер ауданына жол тартты. Индербор ауылынан 40 шақырым жерде қазақтың ұлы ақыны Махамбет Өтемісұлының кесенесіне тағзым жасадық. Ұлы шайырдың кесенесін бір көріп, басына барып Құран бағыштау әр қазақтың арманы екені анық. Мұндай бақыт бізге бұйырды, алыстан отты өлеңдерімен менмұндалап тұрған ақынның кесенесі бүкіл қазақ тарихының қасіретті жылдарын айшықтап тұрғандай. Өзінің қайсарлығымен қасқайып тұрған батыр һәм ақынға біз де дұғамызды жасап, бет сипадық.

Атыраудан ат арылтып  Оралға тоқтадық. Қасиетті Бөкей Ордасын бауырына басқан Орал бізді құшақ жая қарсы ала қоймады. Атыраудан Махамбеттің жырымен қуаттанған көңіліміз су сепкендей басылды. Ежелгі Бөкей ордасын көрсетеміз деген Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары уәделерінен тайқып, тіпті, жөн сілтеуге жарамады. Әрине, жұмыстарына салғырт қарайтын мамандардың ісіне бола бүтін бір облыс халқын жамандаудан аулақпыз және жұмысымызды тоқтатып қоя алмадық. Ақыры өзіміз білетін жерлерді аралауға бел будық. Таң сәрімен қала ортасына қарай бет алдық. Расымен де, Орал қаласы ескіні көз алдыңа әкеліп, көне ғимараттар адамның жүрегін елжіретіп, тарихтан сыр шертердей. Сол кездегі ағаштан оюланып істелген зәулім үйлердің сыры кетсе де сыны кете қоймаған. Тіпті, біразының маңдайшасына тақтайшалар ілініп, сол кезде ғимараттың қандай қызмет атқарғанына дейін жазып қойғандары бар. ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың бас кездеріндегі ғимараттар әлі күнге дейін халыққа қызмет көрсетіп келеді. Осылай қаланың әсем жерлерін аралап жүріп, орталықта орын тепкен өлкетану музейіне де келдік. Рұқсат сұрап ішіне кіргенімізбен басшылығын орыннан таба алмадық. Есесіне Надия есімді елгезек қыз жайдары мінезімен қонақжайлық танытып, музей жайлы бір күн бойы кеңінен ақпарат беретіндігін жеткізді. Ол үшін ертесіне келуімізді өтінді. Осылайша  музей қызметкерімен келісіп ары қарай жолымызды жалғадық. Ендігі бағытымыз Орал қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан Алтын Орда дәуіріне жатқызатын көне Жайық қалашығы болды. Әрине, естігеніміз болмаса қалашықтың қай жақта орналасқанын білмейтініміз анық. Тұрғылықты адамдардан сұрастырып көріп едік, олар да мардымды жауап қайтара алмады. Сұрастыра жүріп жалдаған көлік жүргізушілеріміз аталған жерді іздеп тапты. Күрежолдың бойына орналасқан қалашыққа белгі орнатылыпты. Қалашыққа дейін екі-үш шақырымдай жерге арнайы баған қойылып, оған қалашық мемлекет қорғауында деп жазып қойыпты. Дегенмен, біз барған қалашықтың орнынан ешқандай қорғауда еместігін байқадық. Құнды дүниемізді жаңғырту жұмыстарын жүргізгенімен жергілікті билік өкілдері Жайық қалашығын ұмыт қалдырғанға ұқсайды. Ешқандай күтімсіз, қазба жұмыстарынан кейін қараусыз қалдырған. Қаланың қақ ортасына тұрмыс қалдықтарын төккен. Әрине, ескінің аты ескі. Толық сақталмаса да, азғантай құндылықты қоршап, маңайына тазалық жұмыстарын жүргізіп қойса деген көңілімізде ой қалды.