ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢ ТІК

Балқаш ауданының Бақбақты ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында, «Туған жер» жобасын іске асыру мақсатында «Туған жер – тұғырың» атты облыстық форум өтті. Форумға облыстық «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Әбілқайыр Оралов, барлық аудан, қалалардың ішкі саясат, кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынылған үміткерлер, Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің төрағалары қатысты. 

Форумға келген қонақтар алдымен Бақанас ауылындағы тарихи-өлкетану мұражайына бас сұқты. Мұражайда ауданның  бірқатар тарихи жәдігерлері сақталған. Одан әрі Бояулы ауылына барып, жалпы 650 миллион теңге қаражат жұмсалған жұмыстарды көзбен көріп қайтты. Қырық шақты тұрғыны бар ауыл қыздың жиған жүгіндей тап-таза, жып-жинақы. Көшелеріне асфальт төселген, көше шамдары орнатылған, су жүйесі тартылған. Мұндағы тұрғындар қала жұртындай барлық жағдайы жасалып, бақуатты өмір сүріп жатыр. Үйлердің бәріне дерлік ванна мен туалет қойылған. Бастауыш мектеп, балалар алаңы, оның жанындағы мешіт пен медресе менмұндалап алыстан жарқырап көрініп тұр. Діни жоғары оқу орындарына жолдама алатын талапкерлер алдымен осы жерде 9 ай білім алады. Дәріс кабинеттері мен кітапхана, тіпті жатын орындары мен ас бөлмелері талапқа сай әрі әдемі. Бұл осы ауылдан түлеп ұшқан кәсіпкер Азамат Молдақасымовтың еңбегі. Туған жердің гүлденуі мен ағайынның әл-ауқатының артуына өз үлесін қосып, ел алдындағы азаматтық парызын ісімен дәлелдеп жүрген Азаматтың ісі көпке үлгі екені даусыз.
Форумда аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов елі үшін адал еңбек етіп жүрген жомарт жүрек азаматтарды атап өтті. Мәселен, Жиделі ауылының азаматы кәсіпкер Бейсенбек Мұратбек ауыл мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізсе, аудан тұрғыны Әбдібаев Нарынбет Ақкөл көтерілісі ескерткішінің маңайын абаттандырып қоршау қойған. Ал, белгілі кәсіпкер, меценат Әбдіжаппар Қыстаубаев Бірлік ауылына жастарға арналған спорт алаңын салып берген. Биыл аудан бұл азаматтың еңбегін ерекше атап өтіп, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынып отыр.
Облыстық «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев «100 жаңа есім» бағдарламасы бойынша комиссия отырысында іріктелген үміткерлер тізімінің жоғарғы құзырлы органдарға жіберілгенін айтты. Осы жобаға ұсынылған үміткерлер қатарынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мақпал Мыса, кәсіпкер азамат Әбдіжаппар Қыстаубаев сөз сөйледі. Айта кету керек, ақын Мақпал Мысаның шығармасы былтыр Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» әдеби байқауында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алған болатын. Үш кітаптың авторы Мақпал Мысаны Қапшағай қаласы ұсынып отыр.
Жиын облыс көлемінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында өздерінің туған жері Балқаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосып жатқан азаматтарды марапаттау рәсіміне ұласып, «Талдықорған әуендері» өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Шолпан Бейсенбек
Балқаш ауданы

Оқи отырыңыз