Экспедиция жолға шықты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында айтылған халықтың мәдени-рухани сұранысын қамтамасыз ету мақсатында құрылған «Рухани керуен» жобасы екінші кезеңін бастады. Енді алдағы үш ай бойы Жетісу жерінің барлық ауданы мен қалаларын аралап шығатын экспедиция дәстүрлі рухани мәдениетті дамыту, мемлекеттің рухани тірегін нығайту, Ислам дінінің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, рухани құндылықтарды жаңғырту және деструктивті діни ағымдарға қарсы күрес сынды аса маңызды бағыттарды қамтиды.

Талдықорғандағы «Рухани жаңғыру» орталығында арнайы өткен жиында жобаның мақсаты, маңыздылығы, тиімділігі сөз болды. Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов биылғы экспедицияның ерекшелігі мен маңыздылығын таныстырды. Одан соң «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін кезекпен сөз алып, «Рухани керуен» жобасының басты мақсатының бірі деструктивті ағымдардың жетегіне кеткен жастарды тура жолға түсіруге қатысты өз пікірлерін білдіріп, мемлекеттігімізді арттыру жолында атқарылуы тиіс жұмыстарға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
– Армысыздар, ағайындар! Мен ең алдымен жуырда ғана облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған Ақан Жылқышыбайұлын жаңа қызметімен құттықтап қояйын деп отырмын. Еңбегіңіз баянды болсын! Ортамызда көшбасшы болып жүре беріңіз, – деп сөз бастаған Әміре Әрінұлы алқалы жиынның маңыздылығы мен мәні терең екендігіне тоқталды. – «Рухани керуен» жобасы Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласынан туындап отырған дүние. Біз мемлекет құрап отырған ұлтпыз. Әлемге Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлындай маңдайы жарқыраған перзент берген ұлтпыз. Біз кешегі біздің эрамызға дейінгі Тұран мемлекетінің басшысы болған Алып Ер Тоңғаның ұрпағымыз. Оның қызы Темірдің, одан берідегі Еділ батыр – Атилланың, одан кейінгі Шыңғысханның, оның ұрпақтарының соңынан ерген текті халықпыз. Демек, Ұлы Даладағы мемлекеттіліктің қалыптасуы ең алдымен ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді сақтауымыздың, өлгенімізді аялап, тірімізді құрметтей білуіміздің заңды жалғасы. Қазақ: «Ауруын жасырған өледі», – дейді. Қазіргі дін мәселесі біздің ұлттық болмысымызға қауіп төндіріп отырғаны анық. Мұнымен қоғам болып, ел болып күресуіміз керек. Жауырды жаба тоқымау керек. Шын мәнінде бізде теріс пиғылды, арандатушы ұйымдар бар, салафилер, уаһһабистер, оған өзге діндердің миссионерлері қосылып отыр. «Ағылшын тілін оқытамын», «Нарықтық экономиканың әліппесін үйретем», – деп жинап алады да, не үйретіп, не оқытып жатқанын бір Алла біледі. Осы теріс ағымдардың кесірінен жалпы Ислам дініне деген жағымсыз көзқарас пайда болды. «Исламофобия» деп аталатын ондай әдет үрей тудырады. Қазіргі ата-аналар балаларын мешітке жіберуге қорқатын болды. «Балам жаман жолға түсіп кетпесе екен», – деп екі шоқып, бір қарайды. Кім баласының жаман жолға түскенін қалайды? Жастарды тәрбиелейміз десек, ең алдымен, олардың ата-анасын тәрбиелеуіміз керек. Былтырғы экспедицияға мен де қатыстым. Негізі адасқан ағымның жетегінде жүргендермен әңгімелесу қажет. Қарапайым халықты, мұсылман жамағатты сөзге тарту керек. Солайша олардың діни білімінің қандай деңгейде екендігін анықтауға болады. Ондай ашық әңгімелерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өзгелерге ұстын қылып ұсынған жөн.
Бұдан соң Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамы Ардақ Оразбаев, Талдықорғандағы Иоанн-Богослав шіркеуінің діндары Александр Матлашов, елімізге белгілі ақсақал Әлімғазы Райымбеков сөз алып, «Рухани керуенге» қатысты ойларын білдірді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев Жетісу жерін аралап, тұрғындармен кездесу өткізетін экспедиция мүшелерінің сапарына сәттілік тіледі.

М.ӘСЕТҰЛЫ

Оқи отырыңыз