ТАБИҒАТ ТАҢДАНАМЫН КЕЛБЕТІҢЕ

ТАБИҒАТ ТАҢДАНАМЫН КЕЛБЕТІҢЕ

   Қазақстан туризм күнін 1993 жылдан бері тойлап келеді. Бұл күннің мақсаты – әр елдегі халықтармен байланыс орнату арқылы туризм саласының әлеуметтік, экономикалық және саяси маңызын арттыру. Бұл – Үкіметіміздің дамытып жатқан кластерлерінің бірі. Қазақстан үшін пайдалы әрі маңызы зор салалардың бірі – туризм.

 

   Бұл күннің мақсаты – әр елдегі халықпен байланыс орнату арқылы туризм саласының әлеуметтік-экономикалық және саяси маңызын арттыру. Қазақстанда туризм секторы мемлекеттің бірден-бір экономикалық басымдылығы болып табылады. Елімізде туризмді дамытудың негізгі мақсаты қазіргі заманғы жоғары нәтижелі және бәсекеге қабілетті туристік кешен құру, сол арқылы туризм саласын экономиканың бір секторы ретінде әлемдік маңызын арттыру және халықаралық туристік орталықтардан кейін қалып қоймай, ары қарай дамыту. Негізінде туризмнің түрлері  көп, соның бір түрі – экологиялық туризм. Қазақстанның ерекше қорғалатын аумақтарында осы бағытты дамытуға көптеген шара жүргізіліп жатыр. Экологиялық туризм дегеніміз – тірі табиғатты тамашалау арқылы демалу деген ұғым. Табиғатты қорғау ережелерін сақтай отырып туристер сыртқы ортаға айтарлықтай зиян келтірмейді, жануарлар әлемін дүрбімен бақылау, өсімдіктер әлемі мен таңбалы тастарды фотосуретке түсіріп, бейнефильмдер жасайды. Туризм –  рекреация, емдік, танып білу және әртүрлі  туристік іс-әрекеттер жиынтығымен байланысты адамдардың уақытта және кеңістіктегі  қозғалысы. Сондықтан да қазіргі кезде туризмді экономика, шаруашылық саласы, бизнес, кәсіпкерлік, таным спорт және демалыс деп атау орынды. Туристік іс-әрекеттер көңіл көтеру, таным мен кәсіптік мүддені, демалудың белсенді түрлерін, емделуді қамтамасыз етумен қатар көліктік қызметті, тамақтану, туристерді орналастырудағы қажеттілікті қанағаттандыруды талап ететін тұтынушылық сұраныстың жаңа түрін өмірге енгізуде. Туризм индустриясы – бұл табиғаттың рекреациялық байлығына  сүйенетін, сервис инфрақұрылымының барлық формалары кіретін демалу және көңіл көтеруге қоғамның сұранысын қанағаттандыратын  шаруашылық, өндірістік және әлеуметтік  қызметтің көпқырлы жүйесі. Туризм индустриясының ерекше қасиеттері: туристік мекемелердің ресурстарға байланысты орналасуы, өндірістің маусымдық және циклды мінезі, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымға үлкен инвестицияның міндеттілігі жатады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикада туризм индустриясын дамытуды Қазақстанды  бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енгізудің маңызды стратегиясы ретінде айқындаған.  Баратын елді таңдағанда туристерді ең алдымен табиғи ландшафты, географиялық ерекшеліктері, мәдени мұрасы, дамыған инфрақұрылымы және қауіпсіздігі қызықтырады. Бұл жағдайда Қазақстанның қолайлы туристік имиджі бар елдердің арасында лайықты орын алуға толық мүмкіндігі бар.
   «Көлсай көлдері» МҰТП РММ аумағындағы экологиялық туризм мәселесіне келсек, ол жылдан-жылға қарқынды  дамуда. Ұлттық парк аумағындағы демалыс негізінен маусымдық кезеңде жүзеге асады. Көлсай көлдері мен Қайыңды көлі, Талды, Саты сайлары тынығушылардың ең көп сұранысына ие жерлер. Бұл жерлерде, әсіресе, өз бетінше келіп тынығушылар көп. Жыл бойына «Көлсай көлдері» аумағына отыз бес мыңға жуық тынығушы келіп демалып кетеді. Ұлттық парк аумағында бүгінгі күнге 1 автокөлікпен жүру маршруты және 4 жаяу және салт атты туристік соқпақтар жұмыс жасайды. Маршруттар мен соқпақ бойлары жылма-жыл абаттандырылып отырады. № 1 «Қайыңды көлі» туристік маршруты; №2 «Алиманың Ақтасы» туристік соқпағы; № 3 «Төменгі Көлсай көлі – ортаңғы Көлсай көлі» туристік соқпағы; №4 «Күрметі ауылы – ортаңғы Көлсай көлі» туристік  соқпағы; № 5 «Күрметі  ауылы – Қыземшек  тауы» туристік соқпағы.  Ұлттық парк аумағына келушілер Қазақстан  Республикасының Салық кодексіне сай ЕҚТА-ны пайдаланғаны үшін белгіленген тарифтерге сай төлем төлеу белгіленген.
   Бүгінгі күнде ұлттық парк аумағындағы туризм саласын  дамыту мақсатында инвесторлар тарту, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасау, туристік фирмалармен бірлескен келісімшарттар  жасасу жұмыстары да күн тәртібінен түспей тұрған шараның бірі. Осы мақсатта Көлсай көлі маңын абаттандыру, бүгінгі күн  талабына сай демалыс орындарын жасау және ортаңғы Көлсай көлдері арасындағы жаяу жүргіншілерге арналған соқпақ бойын абаттандыру үшін «JS Travel» ЖШС-гіне ұзақ және қысқамерзімді пайдалануға жер телімдері берілсе, «ЖК Екейбаеваға» туристік қызмет көрсету үшін қысқамерзімді пайдалануға жер телімі беріліп  отыр. Сол сияқты Қайыңды көлі маңынан да жеке кәсіпкерлерге қысқамерзімді пайдалануға  жер телімдері үлестірілген. 
   Туристік соқпақ бойларын абаттандыру, парк аумағындағы  қызметтік кардон үйлерін туристер үшін пайдалану, демалу орындарын жасау жұмыстарын жүргізу үшін «Авалон» үкіметтік емес ұйымдарымен келісіліп, Күрметі ауылында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 
   Қазіргі таңда туризм ұлттық парк аумағымен шекаралас Күрметі және Қарабұлақ ауылдарында да дамып келеді. Бұл өз кезегінде осы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының  түзелуіне оң әсерін тигізері сөзсіз. Көлсай  көлдерінде туризм саласын дамытуға жақсы мүмкіндіктер бар.  Біз жаққа келуге  туристер құмар, өйткені қайталанбас тау көріністері мен көрсе көз тартатын Көлсай мен Қайыңды көлдері және бірегей өсімдіктер мен жануарлар дүниесі осында.
   Экологиялық туризм өзінің орнықты даму негізінде – табиғатты қорғап әрі аймақтың экологиялық дамуына мүмкіндік беретін сала  болып табылады. Кең-байтақ  қазақ жерінің  тамылжыған табиғатының «бағына» біткен байлығы барда туризм саласы кенже қалмақ емес.
   Осы салаға  қатысы бар барша мамандар мен бүкіл қазақстандықтарды халықаралық туризм күнімен  құттықтаймыз!

Б. Тотыханов,
«Көлсай көлдері»  МҰТП РММ 
бөлім маманы

Оқи отырыңыз