АБЫЗ ЕСКЕРТКІШІ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

АБЫЗ ЕСКЕРТКІШІ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

Қайнар ауылында ел жүрегін қуантып, жұрт көңіліне жып-жылы ұялап қалған оқиға болды.

Осыдан бірсыпыра жыл бұрын ауылдағы орталық көшенің жанына, Мәдениет үйінің қасына әйгілі Есім ханның тұсында ұлық билердің бірі болған Шоған абыз бен оның ұрпақтары Дәуім, Тұғыжым, Мәмбет және Үмбетке еңселі ескерткіш орнатылған еді. Міне, сол ескерткішке тәуелсіздік жылдары аясында баба ұрпақтарының қолға алуымен заманға лайық жаңаша үлгідегі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сәтімен аяқталды.

Ескерткіштің ашылуында Шоған абызға Құран бағышталды. Ізгі ниетті шараға арнайы келген ел ағасы Стахан Белғожаев, облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов, Райымбек ауданы әкімінің бірінші орынбасары Мәдени Нұрдәулетов, Райымбек ауданының прокуроры Шәміл Құтелов, ұйымдастыру алқасының төрағасы Тұрарбек Төлендиев және көршілес Ұйғыр, Кеген, Еңбекшіқазақ аудандарынан келген қонақтар сөз алып, қуаныш құтты болсын десті.

Шоған абыздың ел тарихында алатын орны бөлек те ерек. Өз тұсында жұртын сөзіне ұйытып, білімді де бірегей тұлға екенін көрсетті. Ақыл-парасатының арқасында атағы алысқа жайылды. Ол Мәмбет пен Үмбеттей балаларға, болашақтың тұтқасын ұстайтын барша жастарға ерекше қамқорлық танытқан. Шоған абыздың ұрпақтары бүгінде бір рулы елге айналды. Заманауи тұрғыда жөндеуден өткізіліп, жаңғыртылған ескерткіш тіптен көріктене түскен. Үлкен жолдан өткен ел-жұрт, абыздың есіміне қанық көпшілік бір бұрылып, тағзым жасамай кетпейтін ескерткіш алыстан көз тартады. Жиналған қалың қауым шара соңынан баба ұрпақтарына, ұйымдастыру алқасына үлкен алғыстарын айтты.

                      Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Оқи отырыңыз