СУРЕТ ТІЛСІЗ СӨЙЛЕЙДІ

СУРЕТ ТІЛСІЗ СӨЙЛЕЙДІ

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» өңірлік жастар қозғалысы штабы Достық үйінде «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында «Әлем таныған Қазақстан» атты жас суретшілер байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімін өткізді.

Шараны ұйымдастырудағы мақсат – жас суретшілердің талабын шыңдап, шығармашылық, көркемдік қиялдау дағдыларын дамыту, эстетикалық талғамын қалыптастыру, туындыларын көпшілікке жария ету. Байқауға 16 мен 35 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Барлығы 31 өтінім келіп түсті. Байқаудың шарты бойынша салынған суреттерде ұлттық нақыш болуы шарт. Осыған орай жас қылқалам шеберлері қазақ халқына тән ерекшеліктерді баса көрсетіп, бірі ұлттық киімдегі сұлу қызды, енді бірі мемлекеттік туды, ою-өрнектерімізді арқау еткен. Туындылардың қай-қайсысы да көркемдігі, әсемдігімен көз тартады.   

Байқау жеңімпаздарын марапаттау үшін сөз облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайға берілді. Ол: "Алматы облысында 100-ден астам ұлт өкілі тұрады, 71 этномәдени орталық бар. Олар әрбір этностың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін танып-білуге, оны сақтап дамытуға өз үлестерін қосуда. Дегенмен де, осы ұлт өкілдерінің басын қосып, ортақтастыратын, бірлігін арттыратын қазақ халқының тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі екені даусыз. Осы орайда бүгінгі байқауға қазақ халқының ұлттық ерекшелігін көрсететін туындылар арқау болды. Жас таланттарға ақ жол тілейміз", – деп байқау жеңімпаздарын марапаттады.

Байқау нәтижесінде жас суретші Сымбат Сәрсенбаева бас жүлдені иеленді. Мөлдір Қасымбекова мен Радина Батпенова І орын тұғырынан көрініп, жеңімпаздарға диплом мен теледидар сыйға берілді. Ольга Пономарева, Толқын Абдрасилова, Арина Четверникова, Екатерина Герман II орынды, Аққуан Бодыбай, Диана Таңатар, Дамир Тәңірбергенов, Нұрсұлтан Мамутов III орынды жеңіп алып, естелік сыйлық, дипломмен марапатталды. Бірқатар қатысушыға ыңталандыру сыйлығы, Алғыс хат табыс етілді. Бас жүлде иегері Сымбат Сәрсенбаеваның суреті қазақтың қызы мен арғымақ атты астастыра білуімен ерекшеленді. "Қазақ халқы жылқыны ерекше қастерлейді. Мен де аттың сұлулығына тәнтімін. Қазақ қызының бейнесі де әдемілігі, сымбаттылығымен көз тартады. Сондықтан, осы екі әдемілікті үйлестіруге тырыстым.  Еңбегімнің көпшілік көңілінен шыққанына қуаныштымын", – дейді суретші қыз.

Бала кезінен қылқаламмен сырласып өскен Сымбат І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде Қазақстан Суретшілер одағының және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі. 2015 жылы жеке сурет көрмесін де өткізген. Ұлттық жанрдағы суреті көп. Біз де қылқалам иесінің таудай талабы мен ізденісіне риза болып, шығармашылық табыс тіледік.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Оқи отырыңыз