​ҚАЛАМ МЕН ҚАРУ ҰСТАҒАНДАР КЕЗДЕСТІ

​ҚАЛАМ МЕН ҚАРУ ҰСТАҒАНДАР КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі мен Жазушылар одағы бірлесе отырып, елдің тыныштығы мен жеріміздің бүтіндігін қамтамасыз етіп отырған жауынгерлер мен ақындардың кездесуін ұйымдастырған еді. Сарбаздардың рухын асқақтату және қаламгерлер мен журналистерге шекарашылардың тыныс-тірлігін таныстыруды мақсат еткен бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұңғыш рет қолға алынды.

Алматыдан ертелеп шыққан автобус «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік даңғылына түсіп алып, тақтадай түзу жолмен аз уақытта Шонжы ауылына жетіп үлгерген. Осы жерде орналасқан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі «Шығыс» өңірлік басқармасына қарасты 2534 әскери бөлімінің құрамы ақын-жазушылар мен журналистерді құшақ жая қарсы алды. Бөлім бастығы, полковник Бауыржан Тасимов бастаған шекарашылар қонақтарға жауынгерлердің күнделікті өмірін таныстырып, жаттығу алаңын, кітапхана мен Мәдениет үйін, жатын орындары мен моншасын көрсетіп шықты. Мұнтаздай таза әрі оңтайлы етіп жасалған қалашық іші әсери тәртіп пен ұқыптылықты бірден аңғартады.

Танысқаннан кейін Шонжы ауылдық Мәдениет үйінде жауынгерлермен, әскери қызметкерлердің отбасы мүшелерімен және тұрғындармен кездесу өтті. Салтанатты шараны ашқан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі БАҚ-пен жұмыс және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бастығы, полковник Қанатбек Солтанов өз сөзінде:

Елбасы бастамасымен елімізде Рухани жаңғыру болып жатқан кезде Отан қорғаушылардың, қай замандарда да идеологиялық майданның алғы шебінен табылып келген ақын-жазушылармен кездесуі маңызды оқиға деп санаймын. Отанымыздың Рухани жаңғыруы әр адамның жан дүниесінің жаңғыруына тікелей байланысты екені анық. Ортақ әуенге әркім өз жүрегінің үнін қосатын осындай ұлы көште негізгі камертон қаламгерлердің қолдарында болуы заңдылық деп есептейміз.

Шекара және оның сенімді күзеті – мемлекеттіліктің белгісі. Бұл тұрғыдан алғанда шекара күзетінің берік қолда екендігін жұртшылық арасына насихаттау ұлтты ұйыстырудың, әлеуметтік бірегейліктің, қазақстандықтарға өздерін қауым ретінде сезіндірудің, түптеп келгенде, мемлекетті сақтаудың негізгі бағыттарының бірі. Халқымыз үшін киелі болып табылатын «Қара шаңырақ», «Атамекен», «Бабалар молалары» сияқты ұғымдар жиналып келіп тұтастай туған жер, Отан ұғымын құрайды. Оларды жау табанына таптатпау «Арым жанымның садағасы» деп білетін шекарашы ұландар  үшін – негізгі міндет.

Тарихтағы батырлардың туған және жерленген орындарына зер салсақ – шекара бойы. Ендеше шекарашылар – кешегі батырлардың тікелей мұрагерлері. Шекарашылардың оң имиджі республикамыздың сыртқы абырой-беделінің де маңызды бөлігі. Осылай өз ойын өрбіткен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бөлім бастығы Жазушылар одағымен бірлесе атқарар, ізгі дәстүрге айналар қарым-қатынастан үлкен үміт күтетінін жасырмады. Осыдан кейін ақындар Бейбіт Сарыбай,  Әбубәкір Қайран, Болат Үсенбаев, Қанағат Әбілқайыр, Мақпал Мыса, Бекжан Әшірбаев сахнаға кезек-кезек көтеріліп, елдің шетін қорғап жүрген жауынгерлерге деген ыстық ықыластарын жеткізіп, өлеңдерін оқыды. Сонымен бірге, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің аға офицері, майор Наурызхан Ғазизұлы өзінің өлеңге өгей бала емес екенін танытып, рухты жырларын шабыттана оқыса, аудан өнерпаздары кездесуді әнмен көмкеріп, әуенмен әрледі.

Ақын-жазушылардың шекара аймағына сапары мұнымен аяқталмады. Ертеңіне қонақтар «Бұдыты», «Поляна» шекара заставаларында болып, Қытай елімен арадағы қауіпсіздіктің қалай атқарылатынын өз көздерімен көрді. Олар жауынгерлермен бірге атқа мініп, шекара сызығын бақылап, арнайы үйретілген иттердің қызметін де тамашалауға мүмкіндік алды. Шонжы шекара отрядының штаб бастығы, подполковник Рауан Қонқабаев, отряд командирінің тәрбие, әлеуметтік-құқықтық, идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Қанат Құсманов ақындарды өз қарауындағы бөлімдердің жұмысымен таныстырып, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі қалайша атқарылатынын көрсетті.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Ұйғыр ауданы

 

Оқи отырыңыз