ХАН ТӘҢІРІ ШЫҢЫНА ШЫҒЫП, ФИЛЬМ ТҮСІРДІ

ХАН ТӘҢІРІ ШЫҢЫНА ШЫҒЫП, ФИЛЬМ ТҮСІРДІ

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында "Хан Тәңірінен оралу" («Вернуться с Хан-Тенгри») деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында теңіз деңгейінен 7010 метр биіктіктегі Хан Тәңірі шыңына жасалған экспедиция жайлы баяндалады.

Биылғы жылдың шілде, тамыз айларында облыстық ішкі саясат басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған сапарға Әнуар Нұрпейісов, Айсұлу Әзімбаева және Александр Кузницов қатысқан. Қиындығы мен қызығы мол танымдық саяхат бастан-аяқ таспаға түсіп, көрерменге жол тартты. Фильмнің таныстырылымына арнайы келген Әнуар Нұрпейісов:

- Толқып тұрмын. Өйткені, деректі фильм бірінші рет шығып тұр және сіздер алғашқы көрерменсіздер. Осындай қуаныш сыйлаған Алматы облысы әкімдігіне айтар алғысым шексіз. Бұл сапар ең қиын әрі әсем, өмірімде есте қаларлықтай болды. Қорықтым, қобалжыдым. Экспедициядан соң қатты шаршадым. Мінезім, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Оны тек сол биіктікке шыққан адам ғана түсінеді. Бұл - тек байқау. Қайтадан шығамын, – деді. Актердің сөзінше ол осы фильм арқылы мүлде басқа Қазақстанды көрсеткісі келген. Деректі туындыда альпинизм спорт түрлерінің ішіндегі ең қиыны екені көрсетілген.

Фильм басталысымен тыныштық орнады. Алып таудағы қардың, көшкіннің, күнге шағылысқан мұздың көрінісі бірден көрерменді баурап алды. Хан Тәңірінің әсемдігі деректі фильмде кеңінен көрініс тапқан. Айта кетейік, Айсұлу Әзімбаева теңіз деңгейінен 6000 метр биіктікті бағындырса, Әнуар Нұрпейісов 5500 метрге табан тіреген.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Оқи отырыңыз