ЛАТЫН ӘЛІПБИІНДЕ ЖАЗУҒА РҰҚСАТ БЕРІЛДІ МЕ?

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНДЕ ЖАЗУҒА РҰҚСАТ БЕРІЛДІ МЕ?

Қазақ тілін латын әліпбиінде таңбалау мәселесі қазіргі таңда қызу жүргізіліп отыр. ҚР аумағында көптеген мекеме маңдайша атауларын ауыстырып та үлгерді. Мемлекеттік мекемелер маңдайша атауларына ауыстыру туралы арнайы рұқсат берілген соң өзгеріс енгізгені жөн болар еді.

«Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 қарашадағы № 1371 Қаулысы бар. Ол қаулы "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылыс және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына сәйкес шығарылған. Осы қаулыдағы маңдайша атауларына қатысты маңызды қағидаларды көрсеткенді жөн санаймыз.

Алдымен көлеміне қатысты: маңдайша кемінде 60x80 сантиметр мөлшерінде жасалуға тиіс. Қажет болған жағдайда маңдайшаның мөлшерін ұлғайтуға болады, бұл ретте 3/4 арақатынасы сақталуы тиіс.

Орналастыру ретіне қатысты: маңдайшаны көлденең де, сондай-ақ тігінен де орналастыруға болады. Маңдайша қалыңдығы 1 сантиметрден 4 сантиметрге дейінгі төсемге орналастырылады, төсемде мемлекеттік органның атауы жазылған графикалық жазба болады. Маңдайшаларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады.

Ал енді графикалық жазбаның орналасуына қатысты: ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының астына маңдайшаның 2/3 бөлігінен төмен мемлекеттік органның атауы жазылады. Маңдайша мәтіні әріптерінің биіктігі кемінде 3 сантиметр болуы тиіс. Полотноның реңі көк түсті, ал әріптер алтын түсті болуға тиіс. Маңдайшаның жиегі ені кемінде 3 сантиметр алтын түсті рамкамен қоршалады. Жазба ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының үстінде ортада орналасады. Жазбадағы әріптердің мөлшері кемінде 2 сантиметр болады.

Графикалық жазбаның шрифті мен тіліне қатысты. Әріптердің шрифті "Book Antiqua". Мемлекеттік органның атауы мемлекеттік және орыс тілдерінде, қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылуға тиіс.  Мәтінде шетелдік сөздерді, оның ішінде латын әріптерімен жазылған сөздерді, қысқартылған атауларды және аббревиатураларды пайдалануға болмайды.

Маңдайшаны ауыстыруға қатысты: Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелердің маңдайшалары олардың ресми атауы немесе мемлекеттік мекеменің бағыныстылығы өзгерген жағдайда, маңдайшалар табиғи тозудың және моральдық ескірудің салдарынан, сондай-ақ қажет болған жағдайда аумақтық орналасқан жерді ауыстырған (көшкен) кезде ауыстырылады.

Маңдайшаға кім жауапты екендігі туралы: Маңдайшаларды мемлекеттік орган пайдаланудың бүкіл кезеңінде тиісті техникалық және эстетикалық жай-күйде күтіп ұстауға тиіс.

Бұл талаптар мемлекеттік мекеме маңдайшаларына қатысты болып отыр. Алматы қаласы бойынша мемлекеттік мекеме атаулары әлі де кирил негізінде сақталып отыр. Бұл дұрыс, себебі маңдайша атауларын ауыстыру туралы  әлі жоғарғы тараптан міндеттер берілген жоқ. Ал, енді батыс өңірлерде мемлекеттік мекеме атауларын латын әліпбиімен таңбалап отырған мекемелер бар екенін білеміз. Олар туралы мына сайттан оқи аласыз: https://kaz.tengrinews.kz («Маңғыстау облысындағы мемлекеттік мекемелерінің атауы жазылған маңдайшалар латын әліпбиіне көшірілді». 30 қазан 2017 жыл).

Енді мемелкеттік емес ұымдардың маңдайшаларына келер болсақ, Алматы қаласындағы жекеменшік сауда орындарының атауы көптеген жерде латын графикасында беріліп жатыр. Қаланы аралап жүріп, жүзден аса жекеменшік орындардағы маңдайша атауларының ауысқанын байқадым. Бірақ сол ауысулардың көпшілігі дұрыс емес. Жақын арада ауыстырған атаулардың өзі екінші «апострофты» нұсқамен берілгенін көрдік. Атап айтар болсақ, Мақатаев көшесінің бойында орналасқан «Азық-түлік үйі» деген дүкен маңдайшасы апострофпен берілген. Олар қазіргі кезеңдегі акутты латыннегізді әліпбиді басшылыққа алмаған. Қазіргі латын бойынша «Azyq-túlik úɪi» немесе бас әріптермен «AZYQ-TÚLIK ÚІI» болып жазылуы керек еді.

Осындай жайттардың тағы бірі Райымбек (Назарбаев пен Сүйінбай көшелерінің ортасында) көшесінің бойындағы «Диірмен» тағамдар дүкені. Маңдайшадағы жазуды апосторфты нұсқамен жазып қойған, бұл дүкеннің қалада бір емес, бірнеше орындағы желілері бар екенін ескерсек, бұрыс жазу бір емес бірнеше жерде тұрғанын білеміз.

Жекеменшік сауда, азық-түлік орындарының маңдайша атауларын қадағалайтын мекеме болса, сол мекеме жазудың дұрыстығын қадағалап отырса деген ой келеді. Себебі, ғылымда көздің түрліше қашықтықтағы заттарды көруге бейімделу қабілеті аккомадация (көз үйрену) деп аталады. Екінші мағынасы адаптация, яғни бейімделу деп те аталады. Осындай апострофты жазуларды көре берген адамның көзі соған үйреніп қалады, ертеңгі күні латын әліпбиін үйренгенде акут емес, апострофпен жазуы да мүмкін. Адамның қабылдауы ең алдымен көзбен көру арқылы жүзеге асады, сондықтан көзшалым тұрғысынан жазудың бірден дұрыс нұсқасын жазған дұрыс. 2013 жылғы шыққан орфографиялық сөздікте «алмаағаш» сөзі бірге жазылған. Осы кезеңге дейін «алма ағаш» деп бөлек жазып үйренген адамның оны қабылдауы қиын болып отыр. Ал енді 1 сыныптан «алмаағаш» деп бірге жазып үйренген балаға қайта бөлек жаз десең, қабылдамауы мүмкін. Өйткені, баланың көзі үйренген. Сондықтан, әуел бастан дұрыс жазып үйрену  сауаттылық кепілі болмақ.

Латыннегізді әліпбиіге көшу барысында тек қана қазақ тілі ауысатындығын да ұмытып, орыс тілді маңдайша жазуларын да латын графикасында беріп отырған орындар бар. Алматы қаласы Рысқұлов көшесінің бойында орналасқан электр тауарларын сату дүкенінде «Magazin elektrotovarov» деп орысша нұсқасын латын әріптерімен беріп отыр. Осының тағы бір көрінісі Шымкент қаласындағы «Детский развлекательный центр» атауы, орыс тіліндегі атауды латын графикасымен беріп қойған, бұл да дұрыс емес.

Дана ПАШАН

Оқи отырыңыз