ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ

ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ

Қаскелең қаласындағы Мәдениет үйінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен М.Тынышпаев  атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының рухани жаңғыруындағы музейлердің әлеуметтік-мәдени рөлі: Ортаазиялық және отандық тәжірибе» тақырыбында  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиынға  еліміздің және өлкеміздің мәдениет және музей қызметкерлері, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.

Конференцияны ашып, жүргізіп отырған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Жақыпбекова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде күні кеше ғана жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында Қазақстанның – күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы екендігін жазғанын айта келіп, сала қызметкерлерінің алдында бабаларымыздан қалған мол мұраны кеңінен насихаттап, жастарымызға тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды табыстау қажеттігіне тоқталды.

Бұл бағытта музейлерге артылар жүктің салмағы ауыр болары анық, – деді Әлия Әлімжанқызы. – Өйткені, музей мәдени-ағартушылық әлеуеті мен қызметі жағынан ұлттың ұлылығын ұлықтаушы, халқының баға жетпес материалдық, рухани байлығын жинақтаушы әрі насихаттаушы ғана емес, сонымен қатар, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, патриоттық сенімді ұялатушы ғылыми, мәдени, білім ордасы болып табылады.

Алғашқы болып мінберге көтерілген Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев конференцияның күн тәртібіне қойылған мәселенің маңыздылығына тоқтала келіп, алқалы басқосуға келген қонақтарға ізгі тілегін жеткізіп, жиынның  жұмысына сәттілік тіледі. Ал Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті жанындағы колледждің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Бақыт Шпекбаева Қарасай ауданындағы салынуына өзі мұрындық болған «Анаға құрмет» музейінің тарихына тоқталған. Бақыт Жатқамбайқызы бірнеше бауырымен анасынан жастай айырылғаннан кейін анаға деген сағынышынан осындай бірегей ескерткіш салу арманының қалай орындалғаны  жайлы баяндап, шетелдерде тарихи, табиғи музейлерге деген көзқарас пен нақтылы істерді  өз тәжірибесіне сүйене айтып берді.

Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі, саяси ғылымдардың кандидаты Ғалым Шойкиннің жасаған баяндамасы ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы мен мақсатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласымен байланыстыра отырып, Қазақстан халқының алдында тұрған стратегиялық міндеттеріне жіті тоқталған. Келесі болып сөз алған Зиедулла Шахиди атындағы Халықаралық Мәдениет қорының төрайымы, Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі, Кэмбридж университетінің мүше-корреспонденті Мунира Шахиди өзінің  әкесі, даңқты композитор Зиедулла Шахиди мен қазақ композиторларының арасындағы достық пен әріптестік қарым-қатынасына тоқталып, өркениет атаулы әуелде Шығыстан бастау алғанын, сол үрдісті қалпына келтіру үшін жұмыла жұмыс жасайтын уақыт жеткенін тебірене айтқан.

Қырғыз Республикасынан келген қонағымыз, саясат ғылымдарының докторы, профессор, ЮНЕСКО сарапшысы Адаш Тоқтосунова баяндамасында өз еліндегі тарихи, мәдени, табиғи  мұражайлар турасында кеңінен әңгімелеп, Орта Азия елдеріндегі туризмді дамыту жайлы ойларын ортаға салды. Ал, Д. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының құқықтану магистрі Алтай Шпекбаева «Рухани жаңғыру» жобасын жүзеге асыруда «Анаға құрмет» музейінің алар орны жайлы баяндап, Қазақ елінің қалыптасуы мен сан ғасырлық тарихында аналардың атқарған қызметі турасында қызғылықты әңгімелеп берді. Философия ғылымдарының докторы, профессор, өнертанушы Гүлмира Біләлова болса облысымызда орналасқан музейлер экспонаттарындағы қазақ халқының этникалық жады тақырыбында ой өрбіткен. Өткеніміздің бәрін қаралай бермей, тарихымызды тереңірек таразылар болсақ, алты құрлыққа әйгілі болған ата-бабаларымыздың ерлік істері мен жарқын тарихымызды танырымыз анық. Ал бұл дегенің ұлттық рухымызды асқақтатып, Қазақ халқына деген мақтанышымыз бен құрметімізді арттыра түседі.  Осы ойды конференцияға қатысушылар қапысыз ұқты деп ойлаймыз. Бүгіндері біздің мақсатымыз айқын, қадамымыз нық, ең бастысы – білімге құштар, жаңашылдыққа ұмтылатын жастар өсіп келеді.

Соңынан жиын жұмысы бойынша қарар қабылданып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты алдағы атқарылар істердің жобасы бекітілді.  Конференцияға келген қонақтар ескерткіш суретке түсіп, «Анаға құрмет» музейінің, «Батыр бабалар» мемориалының, Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті, Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының экспозицияларымен танысты.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы

   

      

Оқи отырыңыз