ҚАРА ШАҢЫРАҚ

ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Дүниежүзіндегі 4 мыңға жуық этникалық топтардың бүгінде 200-ге жуығының ғана мемлекеттік мәртебесі  болса, сол елдердің арасында қазақтардың алдыңғы қатардан орын алатындығы әлемдік қауымдастық алдында зор абырой, биік мәртебе.

Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың: “Қазақ халқының тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі Қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды.  Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы – сонау бұрынғы замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтар, ежелгі ғұндар, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтаған халық», – деп айтуы көп жағдайды аңғартады.  
Ежелде Азияның Ассирия, Вавилония, Персия сияқты алып мемлекеттерін өзімен санасуға мәжбүрлеген бүгінгі қазақтардың арғы бабалары Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгеріске ұшыратты. Оның бір ғана мысалына бүкіл Батысты бағындырған құдіретті Рим империясын құлату арқылы тұтастай бір қоғамдық жүйенің екіншісімен алмасуына тікелей ықпал еткен, сондай-ақ Қытай сияқты алып империяға  Ұлы қорған салуға мәжбүрлеген ғұн тарихынан ғана көз жеткізуімізге болады. Қазіргі батыстың Италия, Германия сияқты алдыңғы қатарлы мемлекеттері өз тарихының бастаулары ретінде Ежелгі Рим империясы мен ежелгі готтарды мақтан тұтуы біздің де өз тарихи тамырымызға терең үңіліп, оны ұлықтаудың келелігіне меңзейді. Ендеше, ежелгі сақ, көне ғұн, байырғы түркі империялары біздің тікелей ата-балаларымыз  екендігін нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, әлемге жария ету –  бүгінгі міндетіміз. 
Елбасы Н. Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңдерінен бастап Ұлы Дала елінде тарихи сананы және дүниетанымды қалыптастыру саясатын ұстанып келеді. Ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жоюға бағытталған шаралар мен тарихымызды ұлықтауға арналған мемлекеттік бағдарламалар тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап рухани құндылықтарымызды дамыту жолында қызмет жасап келеді. Осы қатарда 2004 жылдан басталған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы және 2017 жылдан жұмыс жасап келе жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламалары ұлттық тарихымызды зерделеу мен жаңғырту мақсатын көздеп, рухани құндылықтарымызды дәріптеуге тікелей атсалысуда. 
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы болып табылатын Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы бүгінгі қазақ халқының тарихи бастаулары, территориямызда түрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген протомемлекеттік бірлестіктердің адамзат өркениеті мен әлемдік тарихқа қосқан үлесін зерделеп, бағалап, жаңғыру үрдісін жаңа сапалық деңгейде жалғастыруды көздеп отыр. 
Еуразия даласындағы саяси үрдістер зор рөл атқаруымен қоса, ата-бабаларымыз кең-байтақ территорияда бүкіләлемдік мұраны құрайтын зор мәдени жетістіктер шоғырын жасап шығарды. Осы уақытқа дейін еліміздің аумағынан табылып келген Ұлы Даланың жәдігерлері біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарды игере білгендігін куәландырады. Ұлы Дала халқы өз кезеңі үшін таптырмас материалдық құндылықтарды шығарумен бірге, мәдениеттің озық үлгілерін де қалыптастырды. Соның ішінде шоқтығы биік атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының Еуразиядан тарағандығы тарихтан белгілі.  Адамзат өркениетіне үзеңгіні ойлап тауып қосқан Ұлы Даланың иелері атәбзелдерді жасап, пайдалану ісінде адамзат өркениетінің өз заманы үшін озық үлгісін қалыптастырды. 
Ұлы Дала қожайындарының металды игеруі тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, тек Еуразия даласын ғана емес, тұтастай адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Ал Есік қорғанынан табылған «Алтын Адам» сақ тайпаларының алтын өңдеу техникасын жоғары меңгергендігін тұтас әлемге дәлелдеді.  
Біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде қазақ тарихында ерекше орын алатын Алтай тауларының баурайында Түрік мемлекеті пайда болып, аз ғана уақыт ішінде ол тұтастай империяға айналды. Түріктердің құрған мемлекетінде  өнер мен ғылым және әлемдік сауда өркендеп, көшпелі және отырықшы мәдениеттер керемет үйлесім тапты. Түркі мемлекеті тұсында Еуразияның шығысы мен батысы, солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісі ретінде Ұлы Жібек жолы қызмет жасап, ол жол халықтар арасындағы тауар айналымы мен зияткерлік байланыстар үшін орнықты платформаға айналды. 
Бұл мәселелердің барлығы ата-баба мұрасын әлі де терең зерттеп-зерделеп, оны әлемге таныту арқылы қазақ халқының әлемдік қауымдастық алдындағы беделі мен абыройын асқақтатуды мақсат тұтады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Елбасы бірнеше ірі жобаларды ұсынып отыр. Олардың алғашқысы  «Архив – 2025» жобасының аталуы тегін емес. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасыры ішінде өткенімізге қатысты деректерді шетелдік архивтерден іздестіріп, жинау бағытында көптеген игі істер атқарылды. Қытай, Иран, Мысыр, Ресей, тағы басқа  елдердегі мұрағаттардағы Қазақстан тарихына қатысты тарихи деректер,  қолжазбалар, кітаптар жинау жұмыстары жүргізіліп, бір ғана Қытай елінен қазақ тарихына байланысты 5500-дей тарихи деректер әкелінді. Дегенмен, ата-бабаларымыздың өмірі мен өркениетіне қатысты көптеген деректі құжаттар әлі де болса отандық және әлем архивтерінде сақтаулы және ғылыми айналымға әлі түскен жоқ. Міне, осы маңызды деректерге іргелі зерттеулер жүргізіп, ғылыми айналымға енгізу үшін «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасының маңызы мен орны бөлек.  Мақалада архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажеттілігі нақты айтылды. 
Сондай-ақ, Елбасы қолға алып отырған мектептер мен өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру ісі барша Қазақстандықтар бойында өз тарихи бастауларына деген ортақ жауапкершілікті қалыптастыратындығы сөзсіз.  
Елбасымыз  «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарих толқынында өзінің ұлттық «мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. Бірақ бұл мүмкіндік қана: ол шындыққа, қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан дерекке айналуы қажет», — деп атап өтуінде өмір ақиқаты бар екендігі байқалады. Қазақ халқының тарихында қаншама жасампаз ұлы тұлғалардың болғандығы белгілі. Көптеген халық өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтып, дәріптейді. Қазақтың да шежірелік зердесінде жеке тұлғалар тарихтың қозғаушы күші болып келді. Ұлы Даланың әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай сынды тұлғалардың ел тарихындағы салмақты орнын бағалап, бағамдауы бүгінгі ұрпақтың борышы. Осы ретте Елбасы ұсынып отырған «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашудың маңызы – жас ұрпақтың тарихи тұлғаларымызды ұлтымыздың баға жетпес символдық капиталы ретінде тануына үлес қосары сөзсіз. 
Республикамыздың ортағасырлық Түрік империясының тікелей мұрагері ретінде түркі тарихы мен мәдениетін дамытып, жаңғырту жолында жасап келген шаралар түркі өркениетін  әлемге танытуға өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі жаһандану үрдісінде ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалудың тиімді жолы – ұлттық мәдениетіміз бен өркениетімізді, рухани байлығымызды ұлықтау болатын болса, осы бағытта түркілік түп-тамырымызды бағамдаудың орны бөлек. Ендеше, Елбасы мақаласындағы Түркі өркениетінің тарихына қатысты көтеріп отырған жобалар, халқымыздың рухани орталығы ретіндегі Түркістан қаласын көркейтіп, дамыту бағытындағы бағдарламалар әбден құптарлық шара. 
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың сан мыңжылдық мұрасының бүгінгі цифрлық өркениеттің сұраныстарына толық сай келуіне мүмкіндік береді. 
Елбасының халқымыздың тарихи шежіресін, этногенетикалық арқауын, рухани төлтума дәстүрін тереңдете отырып, әлемге қазақ халқының адамзат өркениетіндегі орнын жаңа қырларымен танытуы ұлттық тарихымызды заманауи сабақтастықта зерделеу арқылы болашақтың тұғыртасын берік орнатуға жасалған ұлы қадам деп түсінуіміз қажет. 

Ә. Бектұрғанов,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
заң ғылымдарының докторы, профессор

Оқи отырыңыз