ӨРКЕНИЕТ ОТАНЫ

ӨРКЕНИЕТ ОТАНЫ
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті «Ұлы Даланың жеті қыры» атты терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласы дер кезінде жарық көрген, уақытпен үндесіп, ұлттық рухты оятқан, қалың жұртшылықты бір серпілткен құнды дүние болды. Онда өркениеттің өркендеуіне өзіндік үлкен үлесін қосқан сайын даламыздың жеті қыры жіті тарқатылған. Сондай-ақ әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, қазақ халқының тарихи тамырының тым тереңде жатқанын, ұлтымыздың өткені өзгелерге үлгі боларлықтай, құндылықтары қадір тұтарлықтай екенін  меңзеген Ұлт Көшбасшысы өткен тарихты бедерлеп, әр азамат туған жерінің қасиетін білуге, барын қастерлеп, жоғын түгендеп, дамуына өз үлесін қосу қажеттігін жеткізіп отыр.
Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтап, бүгінгі күнге қалпын бұзбай жеткізген асыл  мұрасы – салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, жыр-дастандары, ұлттық ойындары, күмбірлеген күйлері, мың бұралған билері, әуелеген әндері бізге ғана емес, әлемнің басқа жұрты үшін де баға жетпес асыл қазына. Елбасы атап өткен Ұлы Даланың жеті қырының кез келгені қазақ елінің танымы мен болмысындағы, тұрмысы мен тірлігіндегі ерекше құндылық, ерекше құбылыс. Атап айтсақ, қазақтың атын әлемге танытқан, мәртебесін басқалардан асырған жылқыны жуасытып  еркіне бағындыруы, сол арқылы адамзат үшін атқа міну мәдениетін қалыптастыруы, ежелгі металл өндіру мен өңдеу технологиясы, «аң стилі» өнері, «Алтын Адам», Ұлы Жібек жолы, Қазақ Елінің ұлттық брендіне айналған алма мен қызғалдақ әр қазақтың жүрек төрінен орын алып, мақтанышына айналуы аса қымбат құндылық болып табылады. Жаңа ғасырда алдымызда осы тарихи әрі рухани байлықты сақтап, одан ары дамыту міндеті тұрғанын осы құнды құжат жолдарынан ұғынуға болады.
Жаһандану кезеңінде еліміздің тарихы мен мәдени құндылықтарын білу, насихаттау ұлттық дербестігімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы. Осы орайда Елбасы бастамасымен  елімізде талай айтулы шаралардың жүзеге асып отырғанын айта кеткен жөн. «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атар» дегенді жадымызда ұстап, жоғымызды түгендеп, барымызды бағалауға Мемлекет басшысының өткен жылы көктемде жарияланып, елді бір серпілтіп тастаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ел ішінде үлкен іргелі істер атқарылды. 
Қазақтың алтын бесігі – елді мекендер ажарланып, мен деген азаматтар туған өлкелерін түлетуге барын салды. Ескерусіз қалып келген тарихи ескерткіштер қалпына келтіріліп, қасиетті жерлерімізге жолдар салынып, жағдай жасалды. Жылдан астам уақыт бойы руханият бағытын-         да жүргізілген жұмыстар Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласынан соң соны серпін алды деуге негіз бар.
Халқымыз  үшін жылқы малының жөні бөлек. «Ат – ердің қанаты» деп бекер айтылмаған. Көптеген салт-дәстүріміздің Қамбарата түлігімен байланыстылығы сондықтан. Мәселен, халқымызда «бәсіре» деген жақсы ұғым бар. Бәсіре дегеніміз – дүниеге бала келгенде сол кездері туған құлынды нәрестеге атау. Қазақ халқының ұғымы бойынша дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны өзгелер мінбейді, сатпайды. Құлынның  мүмкіндігінше жүйрік, жорға болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Баланы алғаш атқа мінгізудің салтанаты да ерекше. Есейе келе бәсіресі бар баланың малға деген ықыласы, пейілі түзу болады. Міне, осындай салт-дәстүрді ұмыт қалдырмай дамытсақ, төрт түліктің қадірін білетін малсақ ұрпақ тәрбиеленеді деп ойлаймын.  Сондай-ақ, халқымыз сыйлы қонағына, құда-жекжатына сый-құрмет ретінде салтанатпен ат мінгізеді. Осы тұста қазақ жылқының бағасын білгенін, оны айрықша құрметтегенін көреміз.
Атадан жеткен асыл мұра – қолөнер қазақ үшін ерекше кәсіп саналған. Үй жабдықтарымен бірге атәбзелдері, батырдың киімдеріне дейін күміспен күптелген. Соған орай күні бүгінге дейін қолөнерге деген құрмет, өзгеше көзқарас сақталған. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында тұратын Шоқпаровтар әулетін қолөнерді дәріптеуде басқалардан даралап айтуға болады. Кезінде облыстағы алғашқы қолөнер мұражайын ашқан Дәркембай ұстаның ұрпақтары қазір отбасылық кәсіпті жалғастырып келеді. 2400-ден аса жәдігерді жинақтаған мұражайға шет- елдерден туристер көп келеді. Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейіне ұлы Дәулет Шоқпаров жетекшілік етеді. Мұндай жақсы істің жалғасын әр өңірден кездестіреміз.
Елбасы мақаласында атап өткендей, Қазақстан алма мен қызғалдақтың тарихи Отаны. Бұл ретте Жетісу жұртшылығы жаз бойы қызыл кілемдей жайқалып өсетін қызғалдағымен, көрген жанның көз жауын алып, тәбетін ашар дәмді алмасымен мақтана алады. Алматының апортындай қос алақанды толтыратын, жұпар иісі мұрын жаратын қызыл алма қай жерде бар дейсіз?! Міне, осындай табиғат сыйлаған сұлулықты, тамыры терең тарихымызды бағалай білсек одан ұтпасақ ұтылмаймыз.  
Халқымыздың осынау өркениеттік жетістіктерін келер ұрпаққа жеткізу – аға буынның міндеті. Ал, оны ұмытпай әрі қарай дәріптеу – кейінгі ұрпаққа парыз. Осы орайда Елбасының ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасын жасауды тапсыруы  еліміздің тарихын, дерегі мен дәйегін түгендеуге мүмкіндік беретін үлкен бастама болып тұр. Себебі, ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін деректер мен тарихи  материалдар шаң басқан архивтерде сақталған ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат. Міне, осы орайда Мемлекет басшысы ұсынып отырған  «Ұлы Даланың ұлы есімдері» және «Ұлы Дала тұлғалары» сынды жобалардың халқымызға берері мол. Демек, халықтың алдағы уақытта мұрағаттағы құндылықтармен табысатыны сөзсіз.
Мақала шеңберінде аталған бұдан басқа да бірқатар жобалар тарихи-археологиялық зерттеулерге, мұражай ісін, фольклорлық-этнографиялық бағытты, киноиндустрия, музыка саласын дамытуға үлкен серпіліс береді. Әсіресе, ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды түсіру туралы ойы әрбір замандасымыздың көкейіндегі ойды тап басты деп білемін. 
Ең негізгі мәселе – мақала арқылы Елбасымыз жіктеп берген Ұлы Даланың жеті қырымен танысып қана қоймай арғы тегімізді түгендеп, тарихымызды жаңғыртып, келер ұрпақ мақтанып айта жүретіндей жобалардың жүзеге асатыны. Осы орайда бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан аттың тұяғы кетілетін ұлан-байтақ даласынан күллі әлемге тараған түркі халықтарының тарихын тірілтетін «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба да қолға алынбақшы. Астанада түркологтардың дүниежүзілік конгресі өтіп, Түркі халықтарының мәдени күндері ұйымдастырылмақ. Тағы бір қуантатыны – түркі халықтарына ортақ туындылардың онлайн кітапханасы да ашылмақ.
Түркі әлемі ежелден Қазақстанды күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы ретінде мойындайды. Ал, Түркістан халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады. Бүгінде өзінің саяси ұстанымы, елімізді өркениетке бастау жағынан да әлем елдерін мойындатқан Елбасымыздың дүниежүзі алдындағы беделі зор. Көреген басшымыздың дүниежүзі халықтарының ортақ мәселелеріне де араласып, халықаралық дәрежедегі игі істердің бастаушысы болып жүргені ақиқат. Осы орайда сіңірген ерен еңбегін жоғары бағалаған Түркия Республикасының Президенті Абдолла Гүл мырза Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Түркі әлемінің көшбасшысы» деген биік атақ берген болатын. Елбасымыз соған лайық еңбек етіп, елін, жұртын жарқын болашаққа бастап барады. Оған ұлтымыздың өткенін түгендеп, болашаққа бағдар сілтеген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы да дәлел бола алады. 
«Болар елдің баласы бірін- бірі батыр дейді» демекші, ұлттық тарих, мәдениетімізбен мақтанып, оны өз дәрежесінде ұлықтап, болашаққа батыл қадам жасай білсек, мызғымас Мәңгілік Елге айналарымыз анық. Осы жолда ел тірегі – жастардың төл тарихымызды оқып-біліп, тарихи сананы жаңғыртатынына, мақалада айтылған өміршең керемет идеяларды қолға алып, тың тарихи жобалардың жүзеге асуына атсалысатынына, осылайша Елбасының игі бастамаларын жүзеге асыратынына сенеміз. Өйткені, жастар – ұлтымыздың келешегі, мемлекеттің қозғаушы күші. 
 
 
Серік ҮМБЕТОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

Оқи отырыңыз