МИЛЛИОНДАРДЫҢ РУХЫНА АРНАЛҒАН МУЗЕЙ

МИЛЛИОНДАРДЫҢ РУХЫНА АРНАЛҒАН МУЗЕЙ

Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды. Оған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ бастаған зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, репрессияға ұшырағандардың ұрпақтары және қалың жұртшылық қатысты.

Тарих беттерін қайта парақтайтын болсақ, халқымыздың басынан өткен небір зар замандар еске түседі. Әсіресе, кеңестік кезеңдегі нәубет жылдар ұлт болашағына балта шапты. Қолдан жасалған ашаршылық салдарынан миллиондаған адамның өмірі қиылды. «Халық жауы» деген желеумен жүрегі ұлтым деп соққан Алаш қайраткерлері атылды. Қара көзден жас ағызатын азалы күндердің ақиқаты тәуелсіздіктің арқасында ғана ұрпақтар жадында қайта жаңғырды.

Жаңалық ауылы күллі қазаққа қасіретті тарихымен танымал. Өйткені, бұл жерде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған төрт мыңнан астам шейіттердің сүйектері көмілген. Біраз жыл бұрын мұнда мемориалды ескерткіш тақта орнатылған еді. Енді міне, осы аумақтан зұлмат жылдарды еске түсіретін жәдігерлерге толы музей ашылып отыр.

Жиналған көпшілік ең алдымен ескерткішке гүл шоқтарын қойып, жазықсыз мерт болғандардың рухына Құран бағыштады. Музейдің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов өткеннен сыр шертетін киелі орындар жас ұрпақтың өз тарихын тануына зор ықпал ететінін айтты.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтеріп отыр. Енді киелі орынның қасиеті одан сайын тереңдей түсетіні анық. Сол арқылы өскелең ұрпақтың санасы жаңғырады. Туған жеріне, туған еліне деген перзенттік сүйіспеншіліктері артады. Алдағы уақытта бұл аумақты үлкен мемориалды кешенге айналдырамыз деген жоспарымыз бар. Өйткені, «Өлі разы болмай, тірі байымайды». Азаттық үшін арпалысып өткен бабалар рухы тәуелсіз елінің ұрпақтары жадында мәңгілікке сақталады, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Облыс әкімі музей ұжымына автокөліктің кілтін тарту етті.

Бұдан кейін сөз алған ҚР Орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай аталған бұл нысанды жәдігерлер жинақталған орын ғана емес, келешекте үлкен ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру керек деген ойымен бөлісті.

«Әділет» тарихи ағартушылық қоғамы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты бірқатар жұмыстарды атқарыпты. 1989 жылдан бері сталинизмнің халыққа жасаған қылмысын әшкерелеп, жазылмай қалған ақтаңдақтарды тарих сахнасына қайта шығаруда сіңірген еңбектері зор. Мәселен, Жаңалық ауылында атылған адамдарды алғаш рет зерттеп, олардың сүйектерін тапқан да осы қоғам мүшелері болатын. Басқа да көптеген шараларға ықпал жасады.

– Бұл жер қазақ тарихының қасіретін айғақтайтын киелі орын. Мұнда халқымыздың бетке ұстар қаймақтарының сүйектері жатыр. Ахмет Байтұрсынов, Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Жұмат Шанин сияқты Алаш зиялалырының тізімдерін жалғастырсақ, жүрегіміз қан жылайды. Музей салу туралы идеяны барынша қолдап, оны нақты жүзеге асырған облыс әкіміне айтар алғысымыз шексіз, – деді «Әділет» қоғамы төрағасының орынбасары, тарихшы Бейбіт Қойшыбаев.

Ары қарай музейдің тұсаукесер лентасы қиылып, жиналған көпшілік ішке енді. Музей құрылысын «Нұр-Шапағат құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып, белгіленген мерзімде сапалы орындап шыққан. Оған бюджет қоржынынан 260,3 миллион теңге қаражат жұмсалыпты.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей үш залдан тұрады. Біріншісі, «1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тарихы» деп аталады. Онда Жетісудың перзенттері, қазақтың зиялы қауым өкілдері – Ілияс Жансүгіров, Мұхаметжан Тынышпаев және тағы басқа қайраткерлердің фотосуреттері мен құжаттары қойылған. Сонымен қатар, Алматы облыстық ішкі істер департаменті архивінен алынған тұтқындарға қатысты істің көшірмелерін көруге болады. Төрт жерден орнатылған диорамада сталиндік лагерлерде жазаланғандардың өмірлері бейнеленген. Атылған адамдардың жеке заттары да қасіретті тарихтан сыр шертіп тұр.

Бұдан кейінгі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» залында 4125 адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылыпты.  Олардың қысқаша өмірбаяндарымен келушілер жан-жақты таныса алады. Үшінші залда  «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы және оның қызметіне қатысты экспонаттар қойылған. Қоғамның ұйытқы болуымен жарыққа шыққан «Азалы кітаптың» тоғыз томы жұртшылықтың назарын өзіне аудармай қоймайды.

Музейдің қай тұсына көз салсаңыз да кешегі саяси репрессияда құрбан болған қайраткерлердің рухы алаштың бүгінгі ұрпақтарымен үнсіз сырласып тұрғандай. Жаңа нысанның ашылуына қатысқандар сағыныш сезімін арқалап, тағзым етіп, болашақтың жарқын болуын тіледі.

Болат МӘЖИТ

Суретті түсірген автор

Талғар ауданы

Оқи отырыңыз