АТ МІНГЕНІМІЗГЕ - БЕС МЫҢ ЖЫЛ

АТ МІНГЕНІМІЗГЕ - БЕС МЫҢ ЖЫЛ

Қасиетті қазақ жері бұдан 4-5 мың жыл бұрынн-ақ адам баласының ежелгі мәдени орталығының біріне айналды. Сонымен, ежелгі қазақ  жері  ата-бабаларымыздың алғашқы тіршілік  ошағы және қазіргі Қазақ  елінің аумақтық  территориясы, олардың  тікелей  кейінгі ұрпақтарының төл Отаны екендігі  ғылыми  зерттеулер  арқылы  анықталып  отыр. Осы тұрғыда жазылған дүниелер аз болған жоқ. Десе де, Елбасының «Ұлы Даланың  жеті  қыры» атты  мақаласын оқығаннан кейін ел мен жердің өткені мен бүгініне аз-кем тоқталып, өзімнің ойымды қоса кеткім келді.

Біздің арғы бабаларымыз адамзат тарихындағы алғаш малды қолға үйретушілер қатарында, оның ішінде, жылқыны шамамен б.з.б. 3000 жыл бұрын Солтүстік  және  Орталық далалық аймақтарында қолға үйретіп, мініс пен күш көлігі ретінде пайдаланды. Әлемде алғаш рет екі доңғалақты арбаны ойлап тауып, ат әбзелдерін өздері  жасап, заман талабына қарай жетілдіріп отырған. Сонда Ұлы Далада ат үйретіп, көлік ретінде мініп, азық ретінде пайдаланып жүргенімізге шамамен бес мың жыл толып отыр.

«Андронов мәдениеті» заманында ғұмыр кешкен ұлыстардың ең белгілілері – арийлер мен тур тайпалары болған. Негізінен мал өсірумен айналысқан. Әсіресе, ұшқыр тұлпарларды ерекше қадірлеген. Жылқыны қолға үйретіп, атқа міну мәдениетін дамытқан арғы бабаларымыз өз  заманында үлкен  үстемдікке ие болып, тарих  көшінде  өшпес із қалдырды. Мемлекеттік рәміздің бірі  - Елтаңбамыздағы қанатты  тұлпар - сол  киелі дәстүрдің айшықты  белгісі.

Адам баласы алғаш пайдаланған металдың мыс болғандығын тарихтан білеміз. Бабаларымыз б.з.б. 2000 жыл бұрын мыс пен қалайыны қосып қорытып, қола  өндіруді игерді. Мыс өндірудің ежелгі орталығы қазіргі Жезқазған қаласының  маңайы  болса (100 мың  тонна мыс  өндірген), қалайының кен орындары Нарын мен  Қалба  жоталары болды. Металл өндіру мен өңдеу технологияларының жетілдірілуі адамзат дамуының үрдісіне жан-жақты әсер етіп, үлкен бетбұрыс  әкелді.

Сол дәуірлерде өмір сүрген – арийлер, турлар, асылар және дахтар өздерінің тікілей  ұрпақтары – Сақ ұлысының  қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Жаңа дәуір басталып, жай отындай  жарқылдаған сақтар тарих сахнасына шықты. Аталмыш  дәуірде ұлан-байтақ Қазақ жері евразиялық  көшпелі  үштіктің – қарулардың  классикалық  үлгілері, ат  әбзелдері, бұйымдардағы скиф – сібірлік  аң  стилінің кең  таралған  орталығы  болды. Сақтардың алтынға бай екендігін естіген жұрттар  жағаларын ұстайтын. Алтын бұйымдардың  ерекшілігіне байланысты оған  зергерлік  өнердегі «Аң стилі» деген атау берілген.

1969 жылы  Есік  қорғанынан  табылып, әлемдік  деңгейде  дәріптеліп  жүрген «Алтын  адам» - ұлт пен мемлекет тарихындағы баға жетпес асыл қазынамыз. Бабаларымыздың асқақ  рухы мен талғам-тәлейінің мәңгілік айқын көрінісі.

Көшпелі түркілердің тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі белгілерінің ерекшеліктері тек қазақ ұлтында ғана сақталғаны мәлім. Сол үшінде қазіргі қазақтар түркілердің  тікелей ұрпағы екендігі даусыз. Түркі жұртының Алтайдан өрбитін өмір тарихы б.з.б. ІV-V ғасырлардан  бастау алады. Мал-жанға  жайлы қоршаған ортасы мен табиғи және  жануарлар  дүниесінің  байлығы адамзаттың  өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасаған. Алтай –Түркі  халықтарының өсіп-өнген киелі атажұрты.

Адамзат баласы өркениетінің теңдессіз тарихи ескерткіші болған Ұлы Жібек жолының шежіресі б.з.б. І ғасырдың ортасынан басталады. Құрлықтарды жалғаған бұл жол сол аймаққа кіретін мемлекеттердің экономикалық және мәдени саладағы өсіп-өркендеуіне теңдессіз үлес қосты. Ол ежелгі Қытай жеріндегі Хуанхэ өзенінің аңғарындағы Чаньан қаласынан бастау алып, қазақ жерінен өткен соң, Қара теңіздің солтүстік шығысын айналып, Еуропаға ат басын тіреген. Аталмыш жолдың кең құлаш жайып өркендеуі сауданың, мәдениеттің және халықаралық қатынастардың дамуында да тарихи рөлі зор болды. Заман ағымына сай керуен жолдарына таяу орналасқан тұрақты қыстаулар – кент және қалаларға айналып отырды. Уақыт өте  келе, көрші аймақтар мен алыс шетелдерден сан алуан тауарын тиеген  сауда керуендері келе бастаған. Оларға ілесіп дүниенің төрт бұрышынан өздерінің діни, саяси мақсаттарын жүзеге асыруға асыққан буддизм мен зорастризм, христиандықты таратушы миссионерлер селдей ағылды. Демек, Еуропа мен  Азияның  түйіскен жерінде түрлі мәдениеттердің тоғысып, бір-бірімен етене араласуына тарихи мүмкіндік туды. Қазақтың сайын даласында отырықшы және көшпелі тайпалардың жан-жағындағы шекаралас және шалғайдағы елдермен де тең дәрежеде қарым-қатынас жасауының арқасында адамзат қоғамының ежелгі өркениетінің басқаларға ұқсамайтын өзіндік ерекше төл мәдениетін қалыптастырды.

Қазақтың қасиетті Алатауының қойны толған құт береке, өзен-көлі, тау-тасы, жан-жануары мен өсімдік әлемі, тұнып тұрған табиғи байлығын айтып тауысу мүмкін емес-ау, сірә? Дәмі тіл үйірер алмасы мен көздің жауын алар қызғалдағын айтсаңшы. Көптеген ғалымдар зерттеуі бойынша алма мен қызғалдақтың  шығу түп-тегі осы бір қасиетті мекен екендігі мәшһүр болып, әлемдік деңгейде мойындалды. Мінекей, ағайын, Елбасы айтып, дәріптеп, ұрпаққа ұлағат етіп  отырған "Ұлы Даланың жеті қыры" - еліміздің жеті кереметі! Арғы тегі Сақтан тарайтын, бергі жағы түркі әлемінің қара шаңырағы, алтын қазығы - қазақ елінің тарихында «жеті» санының орны бөлек. «Жеті» саны әрқашанда ардақты, киелі саналады. Мәселен, әр қазақ  үшін жеті қазынаның құндылығы қандай  болса, аталмыш Ұлы  Дала жеті  қырының да  қасиеті, құндылығы  солай болатыны кәміл.

Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,

тарих ғылымдарының магистрі,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі

Панфилов ауданы

Оқи отырыңыз